Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында апта сайын өтетін велошеру Білім күніне арналып, аула командалары арасындағы футбол лигасымен аяқталды, деп ақпараттық және спортық ХАБ хабарлайды.
«Нұрлы Тау» бизнес орталығынан басталып әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті стадионында аяқталған 11 шақырымдық қашықтықты 800-ге жуық адам бағындырды. Мәреде қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар мен велосипед ойнатылып, велошерудің демеушісі «Office air» компаниясының атынан сертификаттар табысталды. 17-жасар алматылық Рамазан Құрбанов велосипедтің иесі атанды.
— Мен бұл велошеруге алғашқы рет келген едім, күтпеген жерден велосипед ұттым. Қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Алдағы уақытта қалдырмай келуге тырысамын, — деді Рамазан Құрбанов.
Сонымен қатар, белсенділік танытып, ерекше көзге түскен алматылықтар «Спорттық Алматы» ұсынған фирмалық футболкалар мен қыркүйектің 9-і күні «Алматы Аренада» өтетін жекпе-жек кешіне арналған билеттер ұтып алды. Олар «Alash pride» спортшыларымен суретке түсіп, «көз айқастыру» арқылы өз күштерін сынады.
Ал, осы шарамен қатарласып өткен аула командалары арасындағы теңбіл доп додасына 1000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер (8-14 жас) және ересектер (15-тен жоғары) қатысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша, «А» лигасында 64 команданың арасында «Кристал Пэлас», «Император» және «Майами» ұжымдары жүлделі орындарға ие болса, «Б» лигасында «Арланс», «Тастақ», «Арсенал» ойыншылары 56 команда ішінен үздіктер қатарынан көрінді. Олар медаль, диплом және осы жарыстың демеушісі «Мaxi чай» компаниясының сусындарымен марапатталды.
-Бүгінгі біздің ойынымыз өте әсерлі әрі керемет болды деп ойлаймын. Әр жарыс сайын тек жеңіске ұмтыламыз. Ылғи да футбол ойындарына дайындықпен келеміз. Бұл жеңісіміз соңғы емес деген сенімдімін, — деді «Кристал Пэлас» командасының ойыншысы Аслан Төлеген.
Айта кетер жайт, «Спорттық Алматы» бағдарламасы мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.