Спорттық гимнастика үлкен күшті, көп еңбекті талап ететін спорт түрі. Осы бір әдемі спорт түрімен әлемде бірнеше мыңдаған, тіпі миллиондаған адамдар айналысады. Олимпиада ойындарында бұл спортты тамашалаушылар саны өте көп.
Қазақстанда спорттық гимнастиканың негізі қалыптасқан. Әлемдік ареналарда топ жарған гимнастшыларымыз да болған. Қазіргі таңда ұлттық құрама мүшелері толықтай жастардан құралған. Енді ғана ересектер қатарына қосылған спортшыларымыздың алды әлем кубоктарында өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр.
Бір кемшіл тұсы Қазақстанда спорттық гимнастика спорты туралы білетіндер саны өте аз. Қандай жаттығу түрлері бар, чемпиондарымыз кімдер? Бұл сұраққа жауап бере алатын жанкүйерлер саусақпен санарлықтай. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында отандық гимнастшылар жаңа жобаны қолға алды.
Жас гимнастшы Ербол Жантықов бастаған спортшылар жаттығу залынан видео блог түсіріп, сіздердің назарларыңызға спорттық гимнастиканың қыр-сырын паш етпек. Әзірге видеолар орыс тілінде. Ербол қазақ тілінде де жүргізуге уәде берді. Ендеше, спорттық гимнастика туралы видео-блогты тамашалауға шақырамыз.