Басты бет / Соңғы жаңалықтар / КУКУШКИН ӘЛЕМНІҢ ТОП-100 ТЕНИСШІЛЕРІНІҢ ҚАТАРЫНА ЕНУДІ КӨЗДЕП ОТЫР

КУКУШКИН ӘЛЕМНІҢ ТОП-100 ТЕНИСШІЛЕРІНІҢ ҚАТАРЫНА ЕНУДІ КӨЗДЕП ОТЫР

Астанада өтіп жатқан «Президент Кубогы — 2017» сайысында топ жарған жағдайда Михаил Кукушкинге АТР рейтингі бойынша әлемнің үздік 100 теннисшілерінің қатарына енуіне жол ашылуы мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы «Президент Кубогы — 2017» халықаралық турниріне байланысты өткен баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев мәлім етті.

«Сайыстың жүлде қорынан 225 мың АҚШ доллары тігіліп отыр. Бұған дейінгі Қазақстанда өткен Президент Кубоктарында мұндай қомақты сома тігілмеген. Турнирде топ жарған жағдайда ерлер арасындағы жеңімпазға 110 ұпай, әйелдер арасындағы үздік шыққанға 100 ұпай беріледі. Егер Михаил Кукушкин топ жарса, оған осы сайыстан кейін әлемдік ТОП-100 теннисшілерінің қатарына енуіне жол ашылуы ықтимал», — дейді Диас Досқараев.

Михаил Кукушкин өткен жылы ұйымдастырылған Президент Кубогы жарысына жарақатына байланысты қатыса алмай қалған еді. Одан бір жыл бұрын, яғни 2015 жылы отандасымыз Ресейден келген Евгений Донскойды жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінген. Әлемнің үздік теннисшілерінің рейтингін бақылап отыратын tennisportal.ru сайтының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Михаил Кукушкин АТР рейтингінде 118 орында.

«Өкінішке орай, өткен жылы жарақаттанып, турнирге қатыса алмай қалдым. Бұл жолы барымды саламын. Жеңістен үміттімін», — деді баспасөз мәслихатына қатысқан Михаил Кукушкин.

Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы Ұлттық теннис орталығында «Президент Кубогы — 2017» халықаралық турнирі басталды. Турнирде әлемнің 21 елінен 200 теннисші өзара бас сынаспақ. Олардың арасында әлемдік рейтингтің үздік жүздігінің теннисшілері де бар.

inform.kz

Сондай-ақ

АТЫРАУДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ПАРАДЗЮДОДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТЕДІ

Қыркүйектің 7-сі күні Атырау облысында бұрын-соңды болмаған парадзюдо бәсекесі өтеді. Осыған орай бүгін «Гран при Қазақстан-2017» …