Басты бет / Қысқы спорт / «ТОРПЕДОНЫ» ҚХЛ-ДА ОЙНАЙТЫН КОМАНДА ЕТУІМІЗ КЕРЕК

«ТОРПЕДОНЫ» ҚХЛ-ДА ОЙНАЙТЫН КОМАНДА ЕТУІМІЗ КЕРЕК

Өскемендік «Торпедо» хоккейшілері алдағы маусымға дайындықтарын бастап кетті. Өткен 2016-2017 жылдарғы маусым жерлестеріміз үшін аса табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Ресейдің Жоғары хоккей лигасында өнер көрсететін торпедолықтар регулярлық чемпионатта топ жарып, плей-офф кезеңінің ақтық сынына дейін жеткен болатын. Осындай зор жетістіктерден кейін клуб басшылығының да, ойыншылардың да, жанкүйер қауымның да биылғы маусымнан күтер үміті көп.
Жақында ғана Астанада өткен оқу-жаттығу жиындарынан оралған команданың бас бапкері Алексей Ждахин маусым аралық үзілісте «Торпедо» құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын айтады. Дегенмен, белді ойыншылардың бәрі команда сапында қалыпты.

Естеріңізге салайық, мамыр айының басында өскемендік хоккей клубының басшылығы төрт ойыншымен келісімшарт мерзімін ұзартқан болатын. Олардың үшеуі қорғаушы (Руслан Ибатуллин, Владислав Кузьмичев, Максим Веревкин) болса, біреуі — шабуылшы (Иван Иванов). Сәл кейінірек команданың сапында қалатынын шабуылшы Максим Беляев те мәлім етті. Тәжірибелі хоккейшімен бір жылдық келісімшарт жасалыпты. Бұған қоса, келесі маусымда «Торпедо» құрамында Александр Шин мен Денис Игнашин де өнер көрсететін болады. Тағы бір айта кетерлігі, командаға өскемендік хоккей мектебінің екі түлегі – 22 жастағы шабуылшы Аркадий Шестаков пен 24 жастағы қорғаушы Валентин Милюков қосылды.

Бұдан бөлек, алдағы маусымда «Торпедо» сапында өнер көрсететін тағы жеті жаңа ойыншы бар. Олардың біріншісі, бұған дейін омбылық «Авангардта» ойнап, мұхиттың ар жағында тәжірибе жинақтап қайтқан 24 жастағы шабуылшы Роман Бердников. Роман – Құрлықтық хоккей лигасында 153 ойын өткізіп, онда 20 ұпай (9 шайба мен 11 пас) жинаған хоккейші. «Торпедоның» тағы бір жаңа ойыншысы Вадим Кравченко өткен маусымды Төменгі Тагилдің «Спутнигі» құрамында өткізген. Шабуылшы былтыр 41 ойынға қатысып, 20 ұпайға (12 шайба + 8 пас) ие болған. Үшінші жаңа ойыншыны көзі қарақты өскемендік жанкүйерлер жақсы тануы мүмкін. Бұған дейін балашихалық «Динамоның», сондай-ақ, «Нефтяник» пен «Дизельдің» құрамында ойнаған 25 жастағы қорғаушы Максим Томкин енді шығысқазақстандық команданың намысын қорғайтын болады.

Тағы бір қорғаушы 22 жастағы Георгий Маккаев мәскеулік «ЦСКА» хоккей мектебінің түлегі болып табылады. Алдымен «Красная армия» сапында өнер көрсеткен жас хоккейші кейін Жоғары хоккей лигасында ойнайтын чеховтық «Звездаға» ауысып, 85 матчта бір дәл соққы жасап, жеті нәтижелі пас берген. Өскеменге келген жаңа ойыншылардың соңғысы – 19 жастағы Илья Путинцев те Маккаев сияқты мәскеулік ЦСКА-ның шәкірті. Жастығына қарамастан АҚШ пен Канадада ойнап үлгерген шабуылшы былтырғы маусымды «Теміртау» хоккей клубының сапында өткізген.

Қалған екі ойыншы – шабуылшы Олег Лосев және қорғаушы Никита Медведевпен қысқа мерзімді келісімшарттар жасалыпты. 1996 жылы туған Олег Лосев 2011 жылдан бері солтүстікамерикалық жастар командаларында өнер көрсетіп келген. Ал Никита Медведев Өскемен хоккей мектебінің түлегі болып табылады.

Міне, «Торпедоның» жаңа ойыншылары туралы қысқаша айтарымыз осы. Дегенмен, жергілікті жанкүйерлер үшін ең маңыздысы бұл емес. Команданың бас бапкері Алексей Ждахин айтқандай, бәрінен бұрын «Торпедо» сапында Евгений Рымарев, Талғат Жайлауов, Александр Шин, Владимир Коротков, Станислав Тунхузин мен Леонид Метельников сияқты тәжірибелі хоккейшілердің қалғаны қуантады. Оның үстіне, клуб басшылығы нидерландтық қорғаушы Майк Дальхюзенмен келісімшарт мерзімін ұзартқан. Тек шабуылшы Евгений Белухин ғана басқа командаға ауысыпты.

– Жаңа ойыншылардың келгені әрине дұрыс. Жаңа лекпен жаңа леп келеді. Команданың бойына қан жүгіреді дегендей. Алайда, сіз баптайтын ұжымда Рымарев, Жайлауов, Шин, Тунхузин сынды тәжірибесі толысып, шеберлігі ширыққан ойыншылар болмаса, жоғары нәтижеге қол жеткізуіңіз екіталай, – деді жақында БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген команданың бас баспкері.

Нұржан Кенжеұлы. kaz.altaynews.kz

Сондай-ақ

ЖӘНІБЕК ӘЛІМХАНҰЛЫ: КӘСІПҚОЙ БОКСҚА БІРЖОЛА АУЫСПАЙМЫН

Астанада өтетін Қанат Ислам айқасының андеркартында Рио-де Жанейро олимпиадасына қатысушы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да …