UFC ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Ережесіз жекпе-жек спорт түрінен әлемдік рейтингте «Ultimate Fighting Championship» яғни, UFC көш бастап тұрған тұжырым.
Бұл спорттың негізін 1993 жылы АҚШ-та джиу-джитсу шебері Рорион Грейси мен Арт Дейви есімді бизнесмен қалаған. UFC 2006 жылдан бері жанкүйерлердің қызығуы бойынша телевизиялық сатылымда кәсіпқой боксқа бақталас болып келеді. Бұл спортқа кезінде АҚШ-тың әйгілі сенаторы Джон Маккейн қарсы шығып, кейіннен өзінің оң бағасын берген. UFC-дің қазіргі басшысы – Дэйна Уайт. Бас кеңсесі – АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында орналасқан.
UFC – ережесіз жекпе-жек ұйымы. Ал «файтер» – шаршы алаңда жұдырықтасушы. Ережесіз деп аталғанымен өзге спорт сияқты өзіндік ережелері, қолдануға болмайтын іс-әрекеттері де бар. Мысалы, шаршы алаңда спортшылар бір-бірін тістеуге, көзден шұқуға, баспен соғуға, тырнауға, шаштан тартуға, желкеден, омыртқадан және кіндіктен төмен соққы жасауға тыйым салынған. Сайыс қарсыластардың берілуімен және жаттықтырушылардың тарапынан алаңға сүлгі лақтыруымен тоқтатылады. Спортшылар чемпиондық белбеуге таласу кезінде бес минуттан тұратын бес раунд, титулды кездесулерде үш раунд жұдырықтасады.
«Файтерлердің» бұған қызығып, ұмтылу себебі әлем бойынша ережесіз жекпе-жектегі нөмір бірінші тұжырым. Соған жету жолында спортшылар барын салады. Бұны танымал болу, ақша табудың көзі ретінде немесе елдің атағын шығару ретінде қарастырады.
UFC тұжырымында қалай жұдырықтасуға болатынын білу үшін «Astana Fighters» клубының жекпе-жек шебері, панкратионнан әлем чемпионы, жуырда Астана қаласында өткен Fight Nights Global 65 турнирінің жеңімпазы Жасұлан Әкімжаннан сұраған едік.
«UFC-ге шығу үшін спортшы танымал, рейтингі жоғары және жанкүйерлері көп болуы керек. Сонымен қатар, WSOF, Bellator, ACB сияқты рейтингі жоғары тұжырымдармен келісімшартқа отырып, сегізбұрыш алаңында өзін жақсы қырынан көрсетсе немесе чемпион атанса өтуге болады. Қазір танымал промоутерлікте қазақстандық жігіттер де жоқ емес. Атап айтар болсам, ACB тұжырымында Арман Оспанов және One Championship-те Қайрат Ахметов бар».
Арман Оспанов, Қайрат Ахметовтен өзге әлемдік додаларда бақ сынап жүрген Ермек Тлауов, Қуат Хамитов, Ержан Естанов, Асулан Тоқтарбаев, Әділ Боранбаев, Ерлан Тілеуімбетов сынды қазақстандық танымал спортшылар да сынға түсіп жүр. Спортшыдан бөлек, промоутермен тіл табысып, дұрыс келісім жасайтын – менеджер. Ол – қарсылас табу, ұйымдармен келіссөз жүргізу сияқты қызметті атқарады. Барлық мәселе сол менеджер арқылы шешіледі. Дүние жүзінде Әли Абдул Әзиз, Михаил Любимов, Ризван Магомедов сынды танымал әрі беделді менеджерлер бар. Белгілі қазақстандық ММА «файтері» Ержан Естанов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында «Бәрінен де UFC-ге Арман жақын болған. Егер Оспанов АҚШ-та төрт-бес кездесу өткізіп, WSOF чемпионы атанса, оны UFC-ге алар еді. Қазіргі таңда, әлемнің ең мықты ұйымымен келісімшартқа отыруға жақын қазақ спортшысын кесіп атай алмаймын» деген еді.
Естеріңізге сала кетсек, Арман Оспанов допинг дауына байланысты ережесіз жекпе-жектен рейтингте үшінші орында тұрған америкалық WSOF ұйымымен дебюттік кездесуін өткізбей жатып келісімшартын бұзуға мәжбүр болған еді. Одан кейін төртінші орында жайғасқан ACB ұйымымен келісімшартқа қол қойды. Қазақстан ММА федерациясының президенті Анатолий Ким бір сөзінде «Бізде талантты спортшылар өте көп, бірақ біз UFC-ге шығуға асықпаймыз. Оған шығу оңай, бірақ дәрежеңді ұстап тұру қиын. Түсінесіздер ме, біз оған шығудың жолын тапсақ та, спортшының деңгейі сәйкес келмей жатса, онда бір-екі жекпе-жектен кейін шегінуге тура келеді. Біз мұны қаламаймыз», деген еді.
Айта кететін жайт, бұған дейін UFC-де қытайлық қандасымыз Жұмабек Тұрсын бір мәрте жұдырықтасқан. Өкінішке қарай, сол шайқаста Америка «файтері» Маркус Бримэджден жеңіліп қалған болатын.
Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ. Ақпарат көзі: Egemen.kz

Сондай-ақ

ДЖИУ-ДЖИТСУ — БҮКІЛӘЛЕМДІК ОЙЫНДАРҒА КІМДЕР БАРАДЫ?

Халықаралық Олимпиада Комитеті мен Бүкіләлемдік ойындар қауымдастығы ұйымдастыруымен 20-30 шілде аралығында Бүкіләлемдік ойындар 2017 өтеді. Бүкіләлемдік …