Бүгін елорда төрінде ат спорты түрлерінен «ЭКСПО Кубогы» жарысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыста жүйріктер 25 шақырымдық аламан бәйге жіберілсе, 15 шақырымдық топ бәйге, 7 шақырымдық жорғалар жарысы өткізіледі. Сонымен қатар 7 шақырымға құнан бәйге, 2 400 және 1 800 метр қашықтықта ұшқыр аттар сыналады. Жарыстың жүлде қоры — 63,6 млн теңге (200 000 доллар). Ақшалай сыйақы бесінші орынға дейін беріледі.
Нақтырақ айтып өтсек, аламан бәйгеде бас жүлдеге 10 млн теңге, екінші орынға 5 млн, үшінші орынға 1,5 млн теңге берілсе, мәреге төртінші келген және бесінші болып жеткен шабандозға тиісінше 1 млн мен 500 000 теңге сыйақы беріледі. Топ бәйгеде жеңімпазға 5 млн теңге, күміс жүлдегерге 2 млн, үшінші орынға 1 млн, мәреге төртінші келген адамға 500 мың, бесінші орынға 300 мың теңге тағайындалады.
Құнан бәйгеде бас жүлдеге 3 млн, күміс жүлдегерге 1,5 млн, қола жүлдегерге 1 млн, төртінші орынға 500 мың және бесінші орынға 300 теңге тігіледі. Жорға аттар жарысында жеңімпаз 1,5 млн, күміс жүлдегер 700 мың теңге, қола жүлдегер 400 мың, төртінші және бесінші орынды қанағат тұтқан адам 200 мың және 100 мың теңге алады.
Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан шабандоздар қатысады. Сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария мен басқа да елдерден шабандоздар келеді.
Тағы бір айта кетерлігі жарыстың үзілісі кезінде «теңге ілу», «жамбы ату», «қыз қуу», қазақы тазы иттер жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылады. Жарыс Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Астана қаласының әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстанның бәйге түрлері қоғамының ұйымдастыруымен өтеді.
inform.kz