Басты бет / Басқа түрлер / «ЭКСПО» КУБОГЫ МЕН ЖҮЛДЕСІ КІМДЕРГЕ БҰЙЫРДЫ?

«ЭКСПО» КУБОГЫ МЕН ЖҮЛДЕСІ КІМДЕРГЕ БҰЙЫРДЫ?

Сонымен 11 маусым күні Елорда төсін дүбірлетіп бәйге түрлерінен ұйымдастырылған «ЭКСПО» кубогы аяқталды. Ұлттық спорттың тағы бір халықаралық додасы тарих қойнауына бет алды. Сонда Президент жүлдесіне арналған «ЭКСПО» кубоктары мен жүлделі орындар кімдерге бұйырды?

…Болғаны да, болады деген қызығы да басым түскен Елбасы жүлдесіне арналған «ЭКСПО» кубогы Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында өтті. Басталуы сағат 10:00-де деп белгіленгенімен бәйге құмар көрермен атшабарға ала таңнан лық толды. Сірә, ине шаншар орын қалмастай осынша мол адамның жиналуы «Қазанат» атшабарында бұрын-соңды   болмаған жағдай шығар деп ойлаймыз. Алты түрлі бәйге қызығы бес-алты сағатқа созылғанымен ұзын саны бес-алты мыңға таяу жанкүйердің қарасы бәйге соңына дейін сейілген жоқ. Тамам жұрттың ташалағаны тек бәйге ғана емес. Бәйге арасындағы үзілістерде қалың жұртшылық назарына теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, қыз қуу сияқты  ұлттық спорттың көріністері ұсынылды. Жасанды қоян қуып жарысқан құмай тазылар жарысы тамашаланды. Қазақ эстрадасының аты әйгілі әншілері Досымжан Таңатаров пен Ибрагим Ескендір ат үстінде жүріп шырқаған әндерімен жұршылықты тәнті етті.

Ал, бәйгенің тамашасын толықтай айту-жазудан гөрі тек көру ғана керек дер едік. Сондықтан біз әдеттегідей ықшамдай баяндаумен шектелмекпіз.    «ЭКСПО» кубогының ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жүйелеген салтанатты ашылуының өзі концерттік қойылымнан кем түспеді. Кіл ойнақ салған сәйгүлікпен Жамбы атушы мергендері, Теңге ілудің шабандозы, Аударыспақтың алыптары, Көкпардың көкжал жігіттері сап түзеп шыққан сәтте қалың жанкүйердің қошаметі, асыра айтқанда атшабардың түндігін желпілдетті.  Осы салтанатты ашылудан соң-ақ ең алдымен 2400 метрлік ұшқыр бәйгенің сәйгүліктері сөреден ытырынып шықты. Тыз етпе ұшқырлардың көз ілеспес шабысының өзі бір ғажап. Оның үстіне халықаралық стандартқа сай техникаланған сөренің 16 есігі бір мезетте сарт ашылып, 16 жүйріктің атылып шығып, көз алдыңнан құйғытып өтуін көрерге көз керек. Бұл ұшқыр топтың арасында бізден басқа сегіз елдің сәйгүлігі бар. Арысы, Польша мен Ресей, Солтүстік Осетия, берісі Қырғызстан мен Өзбекстанның, Башқұртстан, Дағыстан,  Қарашай-Черкестің сәйгүліктері бақ сынады. Еске салып өтелік, шетелдік сәйгүліктер тек қысқа қашықтықтар бәйгесіне ғана қатысты. Әне-міне дегенше ұшқыр аттар бір жарым шақырымды зырылдап артқа тастады. Мәреден жеті-сегіз жүйрік жұбын жазбастан жүйткіп өтті.

Бұл қашықтықта он бес сәйгүлікті соңына тастаған «Карнеу» атты жирен айғыр алдына қара салмады. Сөйтіп, сонау Дағыстаннан ат арытып келген Зайнал Салаутдинов бас жүлде – Кубок пен 50 мың долларды иеленіп, мерейі үстем болды.

«Карнеумен» үзеңгі қағыса мәреден өткен Қырғызстан жүйрігі  «Коммандер холлдың» иесі Малик Рахимбаев екінші орынға тиесілі 20 мың долларды қанжығасына байлап қайтты. Ал, үшінші орын біздің елдің «Кумания» атты жүйрігіне бұйырып, иесі  Қанат Ақсақов 15 мың долларды иеленді. Төртінші жүлдеге тігілген 10 мың доллар «Палуан» атты сәйгүлік иесі, башқұртстандық Хасан Идиятуллинге берілді. Бесінші жүлде – 5 мың доллар «Даурия» атты бедеу қосқан Польшаның «Дамис» жылқы зауыты өкіліне тапсырылды.

Ұшқыр аттардың осындай қызығына куә болған қалың жанкүйер аз уақыт теңге ілу мен тазы жарысын тамашалап барып 25 шақырымдық аламан бәйге сәйгүліктерінің шабысына қиқу қосты. Атшабардың 14 айналымына түскен 36 жүйріктің егесе шапқаны көпшіліктің көз алдында. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда». Бір қалыпты қарқынмен отырған шабандоз балалар соңғы он төртінші айналымда аттың басын босатты. Жарты айналымда шын жүйріктер суырылып топтан озды.

Мәреден дара өткен Аырау облысының «Желқанат» атты жүйрік иесі Диас Рақымжановтың қолында  «ЭКСПО-ның» бас кубогы жарқырады. Оған қоса   10 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орынға «Тасқын» атты Жетісу өңірінің жүйрігі ілікті.  Алматылық  Ернар Байбатыров 5 миллион теңгені қанжығасына байлады. Мәреден үшінші және төртінші болып өткен алматылық Әлнұр Назарбаевтың «Бұйражал» мен «Қозыкүрең» жүйріктері иесіне 2 миллион мен 1 миллионның бәйгесін бұйыртты. Аламан бәйге жарысында жұрт есінде қалған бір көрініс – бесінші жүйріктің мәреден өтуі дер едік. Соңғы айналымға дейін сәйгүліктердің қатары онсыз да сиреп қалған. Ал, онтөртінші айналымға шыдаған санаулы аттың бесіншісі мәреден аяң бүлкілмен зорға өтті. Сөйтіп, ақтөбелік Нұржігіт Табылдиев баптап әкелген   «Алтынқазық» атты сәйгүлік  қанжығасына 500 мың теңге байланды.

Аламаннан соң кезегімен құйғыта шауып жамбы атқан мерген жігіттердің өнерін тамашалаған жанкүйер өз кезегінде жорға жарыстың қызығына батты. Қашықтығы 7 шақырымға белгіленген жорға жарыста 25 аттың арасынан төмендегі бес жорғаның бағы жанды.

І орын – «Элвуд вэб» атты күрең жорға. Иесі – Ақмола облысының атбегісі  Д.Волков «ЭКСПО кубогі»  мен 1,2 миллион теңгені иеленді.

ІІ орын – «Эдельвейс» атты торы жорға. Астаналық  атбегі С.Түсіпбековке 600 мың теңгенің жүлдесі бұйырды.

ІІІ орын –  «Цеппелина» атты торы бие.  Жорға бие иесі Те Элена үшінші жүлдеге 350 мың теңге алды.   Ал, мәреден төртінші болып өткен «Гейгон» атты торы айғыр иесі оңтүстікқазақстандық Қ.Әділханға 250 мың теңгелік, бесінші орынға іліккен «Ұшар» атты жорға иесі К.Оспановқа  150 мың теңгелік жүлделер бұйырды.

Жорға жарыстан соң-ақ назарға ұсынылған «Қыз қуудың» қос жұбының қызығы біршама уақыт тамашаланды. Іле-шала  15 шақырымдық топ бәйгенің жүйріктері сөреден суырылып кете барды. Топ бәйгедегі жүйріктердің тартысы да аламаннан кем түспеді.  Сәйгүліктер шабысының қарқынды болғаны сонша, соңғы айналымдарға 35 таңдаулы жүйріктің оншақтысы ғана шыдас берді. Бұл сәйгүліктер арасынан жүлделі болғандар:

Алматы облысынан келген Ә.Назарбаевтың «Сүлікқара» атты сәйгүлік мәреден бірінші өтіп, иесіне бас жүлде «ЭКСПО» кубогы мен 5 миллион теңгені бұйыртты.  Екінші бәйгеге тігілген 2 миллион теңгені Батыс Қазақстан облысының «Ақкөз» атты жүйрік топ иесі А.Олжабаев олжалады.   Үшінші жүлдеге тігілген 1 миллион теңге Алматы облысынан келген «Шырай» атты жүйрік иесі Ұ.Омаровқа бұйырды. Сондай-ақ, төртінші орынға іліккен өскеменнің  «Ғашық» атты жүйрік иесі Е.Сүлейменов 500 мың теңге, ал, бесінші болып мәреден өткен  жамбылдық  «Айгүл» атты торы бедеу иесі  Т.Даушовқа 300 мың теңгенің жүлдесі табыс етілді.

Бесінші бәйге түрі «Құнан бәйге» болды. Екі жасар болашақ тұлпарлар 7 шақырымда сыналып, озып шыққан бес құнан иелеріне «ЭКСПО» кубогының жүлделері бұйырды. Олар:

І орын «Доран» атты торы құнан. Иесі – А.Жұмабеков (Алматы облысы). Жүлдесі – «ЭКСПО»  кубогы мен 3 миллион теңге.

ІІ орын –  «Спортик» атты құнан. Иесі – Е.Жаппасов (Жамбыл облысы) Жүлдесі – 1,5 млн теңге.

ІІІ орын – «Мажор» атты құнан. Иесі – Н.Оразбаев (Астана қаласы) Жүлдесі –   1 миллион теңге.

ІV орын – «Азия» атты құнан. Иесі – Ә.Назарбаев (Алматы облысы). Жүлдесі – 500 мың теңге.

V орын – «Нектар» атты торы құнан. Иесі – Ә.Жұмағазы. Жүлдесі – 300 мың теңге.

Елбасы жүлдесіне арналған «ЭКСПО» кубогындағы бәйгенің соңында 1800 метр қашықтықтағы ұшқыр аттар жарысы және бір тамашаланды. Тағы да 16 сәйгүлік сынға түсті. Сөреден оқтай атылған ұшқырлар үш минуттың төңірегінде бәйгені тәмамдап тастады. Аламанның қызығын асықпай тамашалап үйренген жұртқа бұл жарыс бастала салып аяқталғандай көрінді. Ұшқыр жарыста мәреден дара өткен «Шаңтимес» атты торы жүйрік, шаңтимес десе, дегендей-ақ екен. Сөйтіп, «Балтабек» шаруа қожалығының сәйгүлігі иелеріне  «ЭКСПО» кубогы мен 50 мың долларды олжалатты.

Екінші орынды «Империал Регалия» атты сәйгүлік еншілеп, иесі Е.Жаппасовқа 20 мың доллардың сертификаты табысталды.

Үшінші орынға іліккен «Эни куэсчнс» атты сәйгүлік. Иесі А.Шынайдаров 15 мың доллардың жүлдесін иеленді.  «Басси» атты жирен байтал мәреден төртінші болып өтіп, иесі – Е.Нығметов 10 мың долларды қанжығасына байлады. Ал,  бесінші келген «Геркулес» атты жүйріктің иесі М.Мұстафаевқа 5 мың долларлық жүлде бұйырды.

Сөйтіп, негізгі ұйымдастырушылары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы», Астана қаласының әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі және бас демеушісі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры   болған «ЭКСПО» кубогы да аяқталды.  Бұл ат жарыстарына Астана және Алматы қалалары мен еліміздің барлық облысы әр бәйге түріне 2 жүйріктен қосуға мүмкіндік алды. Жарысқа бас-аяғы жүз елуге жуық жүйрік қатысып, бәйгенің жалпы жүлде қоры  100 миллион теңгеге жуық болды.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткен «ЭКСПО» кубогы жүлделерін иеленген жеңімпаздарды марапаттауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов, кезіндегі әйгілі балуан  Жақсылық  Үшкемпіров қатысты.

Оқырмандар есіне салар болсақ,  «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өтетін ұлттық спорт думаны алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Алдағы күндерде дәл осы «Қазанат» атшабарында әр облыс командалары апта сайын ұлттық спорт түрлерінен турнирлер өткізбек. Оған қоса,  тамыз айында жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі, аударыспақтан І Әлем кубогы және көкпардан І Әлем чемпионаты ұйымдастырылмақ. Бұл дүниежүзілік додаларға әлемнің он беске жуық командалары қатысады деп күтілуде. Ұлттық спорт додасына құлағыңыз түрік жүрсін, жанкүйер қауым!

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Сондай-ақ

АЛМАТЫДА РЕГБИДЕН «ЗОЛОТОЙ ОВАЛ» ЖАЗҒЫ ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

«Алаш» стадионында регбиден жасөспірімдер арасында «Золотой овал» ашық жазғы біріншілік өтті. Жарысқа 2000-2006 жылдары туылған …