Басты бет / Басқа түрлер / ТАЙБЭЙДЕГІ ТАРТЫС ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРІН АНЫҚТАЙДЫ

ТАЙБЭЙДЕГІ ТАРТЫС ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРІН АНЫҚТАЙДЫ

Тайбэйде әлемнің ең үздік студенттерінің басын қосатын ХХІХ жазғы Дүниежүзілік Универсиада басталды. Осы жарыстың тарихы жайында біз газетіміздің өткен санында біраз ақпарат бердік. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның спортшылары қандай табысқа қол жеткізгені және 1993 – 2005 жылдар аралығында ұйымдастырылған бәсекелер қандай нәтижемен аяқталғаны туралы біраз әңгіме қозғауды жөн көріп отырмыз.

1993 жыл. Буффало (АҚШ)
Қазақстанның спортшылары тәуелсіз елдің өкілдері әрі дербес команда ретінде жазғы Дүниежү­зілік Универсиадаға тұңғыш рет 1993 жылы қатысты. АҚШ-тың Буффало қаласында алауы тұтанған дүбірлі додада жалғыз жүлдеге қол жеткіз­дік. Жеңіл атлеттер сайысы­ның үш қарғып секіру жаттығуында Олег Сакиркин күміс медальді кеу­десінде жарқыратты. Өзге жер­лестерімізге жүлде бұйырмады. Сол жалқы қоланың арқасында Қазақ­стан құрамасы жалпы командалық есепте 31-орыннан көрінді.
Буффалодағы жарыстың үздік бес командасы: 1. АҚШ (31+23+19), 2. Қытай (17+6+5), 3. Канада (11+13+14), 4. Украина (11+6+9) және 5. Куба (8+4+4).

1995 жыл. Фукуока (Жапония)
Күншығыс елінде қос қоланы қанағат тұттық. Жеңіл атлеттердің биіктікке секіру сайысында Свет­лана Залевская және суға секіру бәсекесінде Ирина Выгузова күміс­пен күптелді. Қос арудың жеңіп ал­ған жүлделерінің арқасында жал­пы есепте 33-орынға табан тіредік.
Фукуокадағы жарыстың үздік бес командасы: 1. АҚШ (24+27+18), 2. Жапония (24+16+24), 3. Ресей (15+12+23), 4. Қытай (13+10+16) және 5. Оңтүстік Корея (10+7+10).

1997 жыл. Сицилия (Италия)
Апеннин түбегінде асығымыз алшысынан түспеді. Бұл жарыстан Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтты.
Сицилиядағы жарыстың үздік бес командасы: 1. АҚШ (20+19+22), 2.Украина (17+6+4), 3.Жапония (14+8+11), 4.Ресей (10+14+10) және 5. Қытай (10+9+7).

1999 жыл. Пальма де Мальорка (Испания)
Тағы да сәтсіздікке ұшырадық. Бұл жолы Пиреней түбегінен елге қуанышты хабар жетпеді.
Пальма де Мальоркадағы жарыс­тың үздік бес командасы: 1. АҚШ (28+17+15), 2. Ресей (14+19+11), 3. Куба (12+4+13), 4. Жапония (11+13+17) және 5. Қытай (9+5+11).

2001 жыл. Бейжің (Қытай)
Қытай елінде үш жүлде бұйырды. Олардың барлығы да – жеңіл атлеттердің еншісінде. Атап айтсақ, 100 және 200 метрлік қашықтықта қазақстандық желаяқ Геннадий Черновол қос күмісті қанжығасына байласа, 400 метрге кедергілер арқылы жүгірген Евге­ний Мелешенко да мәре сызы­ғына екінші болып жетті. Командалық сайыста жерлестеріміз қайта 33-орынға жайғасты.
Бейжіңдегі жарыстың үздік бес командасы: 1. Қытай (54+25+24), 2. АҚШ (21+13+13), 3. Ресей (14+18+21), 4. Жапония (14+14+25) және 5. Украина (13+14+7).

2003 жыл. Тэгу (Оңтүстік Корея)
Бұл додада Ернар Ерімбетов ерледі. Спорттық гимнастиканы серік еткен қандасымыз қолды тіреп секіру жаттығуы мен брусьяда алтын алса, көпсайысты күміспен қорытындылады. Ернардың коман­далық әріптесі Степан Горбачев еркін жаттығуда екінші орынды иеленді. Сол секілді таэквондо­шы Еркін Айса мен жеңіл атлет Денис Рыпаков та күміс медальді мой­нына ілді. Командалық есепте Қазақстан құрамасы 18-орынға көтерілді.
Тэгудегі жарыстың үздік бес командасы: 1. Қытай (41+27+13),
2.Ресей (26+22+34), 3.Оңтүстік Корея (26+12+17), 4.Украина (23+15+17) және 5.Жапония (13+13+21).

2005 жыл. Измир (Түркия)
Отандастарымыз Анадолы еліндегі жарысты 26-орынмен қо­ры­тындылады. Құрама қор­жынына түскен жалғыз алтынды Марғұлан Әсембеков олжалаған еді. Әлі есімізде, сол жарыста ауыр салмақта белдесетін қазақтың нар тұлғалы азаматы барлық қарсыластарын бір деммен ұтып, күллі Алаш жұртын бір қуантып тастаған еді. 200 метрге брасс әдісімен жүзген Владислав Поляков пен брусья жаттығуында гимнасшы Ернар Ерімбетов күміс медальді иемденді. Сол секілді Ернар Ерімбетов (спорттық гимнас­тика, қолды тіреп секіру), Андрей Сватковский (еркін күрес), Асқар Жүрсімбаев (грек-рим күресі), Ербол Коңыратов (грек-рим күресі), Татьяна Росланова (жеңіл атлетика, 400 метрге жүгіру) және Әлия Юсупова (көркем гимнастика, доппен жасалатын жаттығу) қола жүлдені иеленді.
Измирдегі жарыстың үздік бес командасы: 1. Ресей (26+16+23), 2. Қытай (21+16+12), 3. Жапония (18+18+20), 4. Украина (18+16+18) және АҚШ (17+12+14).

2007 жыл. Бангкок (Таиланд)
Тай еліндегі табысымыз қомақ­ты болды. Дүбірлі додада әнұраны­мыз бес мәрте шырқалып, барша қазақстандық жанкүйерлер бөрік­терін аспанға атып қуанды. Төрт рет жеңіл атлеттер желпіндірді. Ұзын­дыққа секірген Ольга Рыпакова, биіктікке секірген Марина Аитова, 400 метрге жүгірген Ольга Тереш­кова және дәл сол қашықтықтан кедергілер арқылы өткен Татьяна Азарова алтыннан алқа тағынды. Солардың қатарына МВ-6 жатты­ғуы бойынша сынға түскен құра­лайды көзге атқан мерген Юрий Юрков қосылды.
Нысана көздеушілер Юрий Юрков, Ермек Жақияров, Алексей Клейменов ( МВ-6 жаттығуы, ко­ман­далық сайыс), Владимир Иса­ченко, Сергей Вохмянин, Алек­сандр Вохмянин (командалық жат­тығу), жеңіл атлет Анна Устинова (биіктікке секіру) және теннисшілер Әмина мен Мадина Рақым (жұптық бәсеке) күміс алса, Владислав Поляков (брасс әдісімен жүзу, 200 метр), Лия Нұркина (таэк­вондо), Дмитрий Грязнов (семсер­лесу, шпага), Ерболат Юсупов (дзюдо) және Әлия Юсупова (көркем гимнастика) қолаға қол жеткізді. Осылайша, жалпы есепте 11-орынды олжаладық.
Бангкоктағы жарыстың үздік бес командасы: 1. Қытай (32+29+26),
2. Ресей (28+27+37), 3.Украина (28+20+18), 4. Жапония (19+15+22) және 5. Оңтүстік Корея (15+18+18).

2009 жыл. Белград (Сербия)
Сербияда жалғыз алтынды таэквондоның хас шебері Гульнафиз Айтмухамбетова жеңіп алды. Биік­тікке секіруші Екатерина Евсеева мен дзюдошы Бақтияр Төребеков екінші орын алса, көркем гимнасшы Әлия Юсупова екі рет және дзюдо­шы Гүлжан Исанова мен дзюдодан ерлер құрамасы үшінші тұғырға та­бан тіреді. Жалпы есепте – 32-орын.
Белградтағы жарыстың үздік бес командасы: 1. Ресей (29+22+27), 2. Қытай (22+21+15), 3. Оңтүстік Ко­рея (21+11+15), 4. Жапония (20+21+32) және 5. АҚШ (13+13+13).

2011 жыл. Шеньчжень (Қытай)
Қытайдағы табысымыз – 3 күміс пен 3 қола. Александра Абор­нева (ауыр атлетика), Наталья Ивонинская (жеңіл атлетика), Мария Дмитриенко (стенд ату) – екінші және Ольга Терешкова (жеңіл атлетика)
Евгений Эктов (жеңіл атлети­ка), Александр Ермаков (нысана көздеу) – үшінші орындарды ен­ші­леді. Командалық сайыста Қазақ­стан құрамасы 45-орында қалып қойды.
Шеньчженьдегі жарыстың үздік бес командасы: 1.Қытай (75+39+31), 2. Ресей (42+45+45), 3. Оңтүстік Корея (28+21+30), 4. Жапония (23+26+38) және 5. АҚШ (17+22+11).

2013 жыл. Қазан (Ресей)
Ресей Федерациясының қара­ма­ғындағы Татарстанда өткен бай­рақты бәсекеде Қазақстанның спортшылары мол олжаға кенелді. Атап айтсақ, отандастарымыз 3 ал­тын, 10 күміс және 16 қоланы қор­жынға салды. Барлығы – 29 жүлде. Бұрын-соңды дәл осындай олжа біздің өрендерімізге бұйыр­маған еді.
Қазанда Маргарита Мұқашева (жеңіл атлетика, 800 метр), Хархи Фар­хад (ауыр атлетика, 62 келі) және мылтық атудың командалық сайысында (50 метр) алтын тұғырға көтерілдік. Сол секілді отандаста­рымыз бокс, белбеулі күрес, ескек есу, семсерлесу, самбо, стенд ату және еркін мен грек-рим секілді спорт түрлерінен жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Қазандағы жарыстың үздік бес ко­мандасы: 1.Ресей (155+75+62),
2. Қы­тай (26+29+22), 3. Жапония (24+29+32), 4. Оңтүстік Корея (17+12+12) және 5. Беларусь (13+13+14).

2015 жыл. Кванджу (Оңтүстік Корея)
Осыдан екі жыл бұрын сары құр­лықта алауы тұтанған Дүние­жүзілік Универсиадада отандас­тарымыздың қанжығасы майлан­ған еді. 100 және 200 метрге жүгірген Виктория Зябкина шашасына шаң жұқтырмаса, 100 метрге брасс әдісімен жүзген Дмитрий Баландин мен таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев та қарсылас шақ келтірмеді. Сырықпен секіру сайысында Никита Филипповқа тең келер ешкім табылмады. Желаяқтардың 4х100 эстафетасында да бәрінің алдынан көріндік. Дзюдошы Жанар Қашқын мен жүзуші Дмитрий Балан­дин және стенд атудан Қазақ­станның ерлер мен әйелдер құра­масы қолаға қол жеткізді. Нәтиже­сінде, жерлестеріміз жалпы есепте 19-сатыға жайғасты.
Қазақстан құрамасы өз тари­хында тұңғыш рет 11-орынға көтерілді. Әзірге бұл – жазғы Уни­версиада тарихындағы жерлес­теріміздің ең үздік көрсеткіші.
Кванджудағы жарыстың үздік бес командасы: 1.Оңтүстік Корея (47+32+29), 2.Ресей (34+39+49),
3.Қытай (34+22+16), 4.Жапония (25+25+35) және 5.АҚШ (20+15+19).

Міне, Қазақстан құрамасы қаты­суымен өткен жазғы Дүние­жүзілік Универсиаданың қысқаша тарихы осындай. Отандық өрендер 1993-2015 жылдар аралығында ұйымдастырылған айтулы доданың денінен олжалы оралды. Яғни, осы деректерге қарап-ақ, біздің елде студенттік спорттың дамыту жүйесі дұрыс жолға қойылған деп айтуға барлық негіз бар.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН. aikyn.kz

Сондай-ақ

АЛМАТЫДА ГОЛЬФТАН БАЛАЛАР АРАСЫНДА АШЫҚ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

Тамыздың 23-і мен 24-і күндері «Нұртау» гольф-клубында осы спорт түрінен 5-17 жастар аралығындағы балалар арасында …