Тайпей елінде жазғы Универсиада ойындарының бүгін бесінші күні өтуде. Жарыс жолына 48 келі салмақта дзюдошы қыздар шықты.
Ел намысын қорғаған Отгонцэцэг Галбадрах үшінші тұғырдан көрінді. Отандасымыз 1/8 финалда жапон қызы Умекита Майдан жеңіліп қалды. Кейін жұбаныш белдесуінде аустриялық Мара Крафтан айласын асырды. Екінші белдесуінде француз дзюдошысы Джессика Марин Анриден айласын асырса, үшінші белбесуінде польшалық Йоанна Станкевичтен үстем болды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде 25 жастағы дзюдошымыз Мария Персидскаядан үстем түсіп, үшінші орын алды.
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының Универсиада ойындарында жеңіп отырған 7 жүлдесі. Осылайша біздің құрамасы 2 алтын (Альберт Линдер, Айдар Қазов — ауыр атлетика), 1 күміс (Карина Горичева — ауыр атлетика) және 4 қола (Арли Чонтей — ауыр атлетика, Дмитрий Баландин — жүзгіш, Бекәділ Шаймерденов, Отгонцэцэг Галбадрах — дзюдо) жүлдемен командалық есепте 11-орында келеді.