Басты бет / Велоспорт / АСТАНА ҮМІТТІ АҚТАДЫ

АСТАНА ҮМІТТІ АҚТАДЫ

Франция жерінде 104-мәрте «Тур де Франс» велобәйгесі аяқталғаны баршаңызға мәлім. Әлемнің бірқатар мемлекеттерінен  келген 22 команда бірнеше апта бойы сары жейде үшін таласты. Олардың қатарында біздің «Астана» клубы да болды.

Pro Team Astana әрбір ірі гранд-турға қатысқан сайын жанына БАҚ өкілдерін де ұмытпай алып жүреді. Біз де сол тізімнің құрамына еніп, дүбірлі доданың қайнаған қақ ортасына аттандық.
18 кезең Францияның Брианссон деген елдімекенінен басталды. Алайда біз бұл аймаққа Италияның Турин қаласы арқы­­лы келдік. Себебі, ең жақын әрі ірі әуежайы бар қала сол ғана. Италия жеріне қонып, Францияға таудың орта­сын өрнектеп жүріп жеттік. Қараңғы түн­де тау қалғып тұрғанда жүргенінің әсері шығар, бірден айналаның мүлгіген тыныштығы, ертең болатын сайыстың дүбірлейтінінен хабар беріп тұрды. Әр белеске бір-бір автобусын орналас­тырып, қона жатқан командалар таңғы сәрімен қызу шаруаға кірісті. Коман­дамыздың да механиктері велосипедтерді сайлап, керек жерін майлап жарыс ал­дын­да 2 сағат бұрын қаз-қатар тізіп қоя­д­ы екен.
Біздің аспан түстес автобустың қасында арнайы тағы бір кіші автобус бар. Ол велошабандоздарға арнайы ас пісіретін асхана болып шықты. Шабандоздар қайда болса сонда жүреді. Себебі, бойы 180 сантиметр, салмағы 65 келі келетін спортшылардың арнайы өз ауқаты бар. Әйтпесе, кез келген тамаққа олардың тәбеті тартпайды. 18 күн бойы күніне кем дегенде 180 шақырымнан жүріп келген. Сәл белгіленген тәртіптен ауытқыса не ауруға шалдығады, не жарыс жолында пәлекетке ұшырайды. Тәртіп қатаң. Шабандоздар жақын маңда орналасқан сөреге барып алғаннан кейін, бірнеше шақырым жай дене қыздырып жүре береді. Осы тұста ұйымдастырушылар тарапы арнайы белгі беріп, алғашқы шақырым бастал­ғанын білдіртеді. Жарыс басталмай жатып бапкерлер мен менеджерлерден сұхбат алып үлгеру қажет. Автобус маңын­да ойға шомып тұрған Дархан Қалетаевқа бірден көз тіктік. Үнемі велокоманданың жарыстарын тамаша­лап, қолдауын аямайтын азамат. Бұл жолы өзін ақтағысы келгендей ашыла сөйлей кетті.

– Негізі, ғаламтордан барлығын біліп-естіп жүрмін. Бәрі мені кінәлайды. «Төрт бірдей жас шабандозды қосып, команданы әлсіретті» дейді. Сонда қазақстандық шабандоздар ойнамаса, онда бұл клуб кімге керек? Бақтияр деген (Қожатаев) жас жігітті қостық. Жаман емес. Біртіндеп бұл балаларды тартпасақ, ертең кеш болады.
Әрине. Сөзінің де жаны бар. Еліміз­дің атын әлемге таныту – бұл «Астана» командасының негізгі мақсаты еді. Контадор, Нибали секілді сайыпқы­рандар «Астананы» бүкіл Еуропаға мәшһүр етіп болды. Ендігі кезек қазақстандық шабандоздардың өзінде. Құр елдің атын таныстырумен шектел­мей, қазақтардың кім екенін көрсетуі­міз қажет. Сондықтан Александр Зейц, Дмитрий Груздев, Алексей Луценко мен Бақтияр Қожатаевтардың командада ойқас­тап жүруі еш сөкеттік емес. Бақтияр Қожатаев гранд-турда жүрген жалғыз қазақ. Тіпті осы «Тур де Франста» бірде-бір орыс ша­бандозы болған жоқ. Оны да ресейлік жур­­налистер ұяла-ұяла, сөз арасында айтып қалуда.
Әлгі әлемге танымал телеарналар Александр Винокуровтың жүріс-тұрысын аңдып, сұхбат алып жатады. Талай жарыста жеңімпаз атанған Олимпиада чемпионы ағынан жарылып, ештеңесін бүкпеді.
– Команданың осындай деңгейде өнер көрсеткеніне қуаныштымыз. Негізгі, екі грегори жарақат алды. Якоб Фульсанг пен Дарио Катальдо қатарда болғанда былайша қобалжымас едік. Қазір енді тек барымен базар. Бар орнымызды сақтап қаламыз. Күшті сонда салдық. Қазақстандық жас шабандоздар сенімді ақтады, – деп айтып салды. Кейіннен шетелдік жорналшылар қазақстандық жігіттерді зерделеп, оларға да қатты мән бере бастады. Сол 18-кезеңде Алек­сей Луценко Коль де Изоар тауында ойқастаған сәтте, «Луценко, Қазақстан» деген тележүргізушілердің даусына тау жаң­ғы­рып тұрды. Ең соңғы жарыс күнінде, Елисей алаңдарына үлкен жылдамдықпен Дми­трий Груздев атып кіргенде, «Астана, Астана» деп қол шапалақтағандар қаншама?! Сенің отандасыңның қарсыластарды шаң қақтырып бара жатқанда, жанкүйерлердің сол үшін қиқулағанын естігенде арқаң шымырлайды. Жарыс аяқталып, ел аптығын басып, ес жиып болғанда Диманы сөзге тарттық.
– Соңына дейін шамаң жетпеді-ау! Кілең спринтерлердің мазасын алғаның анық.
– Негізі өз күшімді тексеріп көрдім. Себебі, капитанымыз 5-орын алып қойды. Қорқатын түгі жоқ. Соңына дейін жетсем, Елисей алаңын шулатар едім.
– Дима, сен онсызда шулат­тың ғой. Біз жол шетін­де тұрып соған куә болдық.
– Шамамен 20 секундтық басымдылық болғанда, мен соңғы 3 шақырым соңына дейін тырысар едім. Бірақ пелетон жын ұрғандай құйындап шапты емес пе? Деген­мен командамызға, елімізге, тіпті, өзіме де үлкен бір жарнама жасап кеттім.
Иә, Елисей алаңдарында Луценконың, сосын Груздевтың алда болып, пелетондағы атақты спринтерлерді састырғаны анық. Олар да тұра ұмтылып, әбден әбігерге түсті. Соның салдары болуы керек, 21-соңғы кезеңді «Лотто Джамбоның» жап-жас шабандозы жеңіп кетті. Грайпель мен Киттельдер бармақ шайнап қалды.
Франция жұртшылығы үшін бір айға созылған веложарыс, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасағандай болды. Керуендетіп, сол шабандоздармен бірге көшіп-қонып жүретін жанкүйерлері керемет. Велосипедке тегіс мініп, қалаларында көлік кептелісін азайтқаны байқалады. Табиғатының да жасыл желекке оранып, ауасы да таза болуы сол экологияға деген құрметтерінің бірі. Туризм мен экологияға зор пайдасы бар «Тур де Франс» жарыс ұйымдастыру­шыларына тек пайда әкеледі.
Жарысты өзінің спорттық ғұмырында төртінші мәрте жеңген Кристофер Фрум Астанада «Экспо критериумына» қатысатын болды. Одан да бөлек, Кинтана, Контадор секілді жұлдыздар да елорданы бетке алмақ. Сонымен қатар «Астана» командасы осы жарыстан кейін тағы да бірнеше жас шабан­доздарды өз сапына қосып алуы мүмкін. Олардың кейбірімен қазір келіс­сөздер де басталып кетті. Шетін шығарып айтар болсақ, «Тур де Франста» кезеңнің жеңім­пазы атанған колумбиялық Ригоберто Уран мен франциялық Уоррен Баргил елордалық ұжымның қатарын толықтыруы мүмкін. Осы жарыстың басы-қасында жүріп естігеніміз Алматы турының биылғы кезеңі екі күнге жалғасып, тіпті Ме­деу­ге қарай өрмелейтін таулы кезең де бағдар­ламаға қосылады екен.

Ермұхамед Мәулен

Сондай-ақ

ДАМИР РЫСПАЕВ СОЛТҮСТІК АМЕРИКАҒА КЕТЕ МЕ?

Елордалық «Барыс» хоккей клубының бұрынғы ойыншысы, қазір «Номад» командасының сапында өнер көрсетіп жүрген Дамир Рыспаев «Чемпионат» …