Тайландтық «Суприм» командасы Өскеменде мәресіне жеткен волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатының триумфаторы атанды, — деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Жаңа ғана аяқталған жарыстың финалдық кездесуінде Тай елінің қыздары жапондық «Хисамицу Сеяку Спрингс» командасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Сарықұрлық мықтысы деген атаққа қол жеткізді.
Естеріңізде болса, білікті маман Натапхон Срисамутнак бастаған ұжым А тобында үш ойында үш жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне бірінші орыннан шыққан болатын. Ширек финалда филиппиндік «Филиппин Супер Лига» командасын 3:1 есебімен жеңген тайландықтар жартылай финалда дәл сондай есеппен қытай чемпионы «Тяньцзинь Бохай Банк» командасын қапы қалдырған еді. Бүгін, міне, тағы сол 3:1 есебімен жапондық волейболшалардан басым түсті. Партиялардағы есеп 25:15, 25:23, 23:25, 25:13.
Айта кетейік, бұл Тайланд командалары үшін халықаралық жарыстағы бірінші жеңіс емес. Жалпы, 17 жылдық тарихы бар Азия чемпионатында тайландтық командалар бес мәрте топ жарған болатын.
Altaynews.kz