Астана, 1 маусым, 2017 жыл – Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бір жылдан кем уақыт қалды. 2018 жылы Пхёнчхандағы Олимпиада ойындарына ұлттық құрама командалардың дайындығы Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бірлескен отырысында талқыланды. Ұлттық құрама командалардың жаттықтырушыларының қатысуымен болған жиынға ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының төрағалығымен өтті.
Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына 90 елден спортшылар мен ресми тұлғалар қатысады деп жоспарлануда. 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның спорттық делегациясы тоғыз спорт түрінен сынға түспек. Бас бапкерлер мен мемлекеттік жаттықтырушылар ұлттық командалардың дайындықтары туралы баяндап, қазіргі таңда басты мақсат — Олимпиада ойындарына жолдама алу және дайындықтың соңғы кезеңін ойдағыдай өткізу керектігін айтты.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша 62 спортшы олимпиадалық жолдамадан үмітті. 2017/2018 жылғы маусымда халықаралық іріктеу жарыстарында лицензия алу жалғасады.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – ұлттық құрама командалардың сапалы дайындығы болды. Бапкерлер командаларды материалды-техникалық қамтамасыз ету бойынша мәселелер жоқ екенін айтып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды жоғары бағалады. Бүгінде шорт-трек, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен тұғырдан секіру, биатлон, шаңғы жарысынан ұлттық құрама командалар Олимпиадаға қазақстандық бапкерлермен қатар құрамаға шақырылған шетелдік мамандармен жаттығып жатыр.
ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев Олимпиада ойындарына дайындық кезінде ұлттық құрама командалардың ғылыми-кешенді топтарының маңыздылығын атап өтті. Осы орайда ғылыми-кешенді топтарға қосымша қаржы бөлу қаралуда.
ҚР ҰОК президентінің сөзіне қарағанда, спорт туралы заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты ұлттық спорттық федерациялардың мәртебесі өсіп, жауапкершілігі арта түсті:
«Ұлттық құрама командалардың дайындығына Ұлттық Олимпиадалық комитеті жетекшілік ететін болады. Егер де бізде әлі “ұйықтап жүрген” федерациялар болса, онда оларды “оятып” көрейік. Егер одан нәтиже болмаса, басшылығын ауыстырайық. Өйткені бізге тек спортты білетін адамдар ғана емес, сонымен қатар оның дамытуға көмектесетін азаматтар керек», деді Тимур Құлыбаев. Сондай-ақ, ҚР ҰОК әрқашан диалогқа дайын екенін және ұлттық құрама командалардың дайындығына қатысты мәселелерді шешуге қолғабыс ететіндігін жеткізді