ЖАСТАР СЕНІМДІ АҚТАМАДЫ

Финляндияның Тампере қаласында еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі аяқталды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы бұл жарыста бірде-бір жүлде ала алмады. Жерлестеріміздің арасынан ең үздік көрсеткішке Рахат Қалжан қол жеткізді. 50 келі салмақта белдескен ол бесінші орынға табан тіреді.

Суоми еліндегі жарыста Ресей мен АҚШ құрамалары тамаша нәтиже көрсетті. Солтүстіктегі көршілеріміз арасынан Абдулла Ахметов (60 келі), Давид Баев (66 келі), Артур Найфонов (84 келі) және Шәміл Мұсаев (96 келі) барлық қарсыластарын қапы қалдырып, алтын тұғырға көтерілсе, Исмаил Гаджиев (55 келі) – күміс және Заур Козонов ( 120 келі) қола жүлдені қоржынға салды. Америкалықтар арасынан Дайтон Фикс (55 келі), Марк Холл (74 келі) және Дэн Гейбл Стивенсон ( 120 келі) алдарына жан салмаса, Митчелл Маккей (60 келі), Эндрю Диакин (66 келі) және Захид Валенсия (84 келі) ақтық сында сүрінді. Коллин Мур (96 келі) қола медальді қанжығасына байлады. Тағы бір бас жүлдені Әзірбайжанның жас перісі Шаин Мухтаров ( 50 келі) олжалады.

Сондай-ақ жүлдегерлер санатына қосылғандар қатарында Армения, Моңғолия, Қырғызстан, Жапония, Албания, Грузия, Иран, Өзбекстан, Үндістан және Түркияның балуандары бар.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН. aikyn.kz

Сондай-ақ

ДОПИНГ ҚОЛДАНҒАН СПОРТШЫЛАР ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

Енді Қазақстанда допинг қолданған спортшылар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Тіпті спортшының өзі ғана емес, жаттықтырушыдан …