2008 жыл табалдырықтан аттады. Алматыда «Шаңырақ» ықшам ауданында спорттағы дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-интернат ашылды. «Тез жет» деген хабар жетті Жыландыға. Құстай ұшты. Бапкер ағасы мектеп басшыларымен келісіп қойыпты. Жайлы жер, керемет жаттығу орындары. Түсінде де көрмеген жай. Кеудені кернеген шаттық, күшіне күш қосылғандай. Ерекше құлшыныспен алаңсыз жаттығуға кірісті. Сиқымбаев осы жерде бапкер. Жаттығу орны да, жататын жер де, оқитын мектеп те бір жерде. Көз тартар әсем ғимараттарда орналасқан.
2009 жылы Астанада өткен Қазақ елі біріншілігінде қарсылас шыдатпады. Ал 2010 жылы Оралда өткен Қазақ елі біріншілігінде бес айқас өткізді. Алтын тұғырға қиналмай, баспалдақпен көтерілгендей еркін шықты сол жолы.
Жәнібек жасынан екі қолмен бірдей ұруға дағдыланған. Солақай жұдырығы бас қаруы. Бірақ ересектер арасына өткеннен кейін оң қолмен де қуатты соққы жасауға дағдыланды. Алдыңғы оңқаймен арбап тұрып сылқ еткізуге көшті. Солақай қарсыластар негізі оң қол соққысын көбіне аңдамай қалады, күтпейді.
Ересектер арасына келген соң күш-қуатты арттыруға да ерекше күш салды. Шалқалай жатып зілтемір көтереді. Келесі күні көтеру уақытын көбейтеді. Одан зілтемір салмағын ауырлатады. Рингте ойнақтап жылдам қимылдау үшін бір кезде балтырына құм, кейде қорғасын байлап та жүгірген. Соның пайдасын енді байқап жүр. Осындай жүйелі, мақсатты жаттығулар бозбаланы күн өткен сайын шыңдай түсті. Боксшы соққысын қалыптастыру үшін бапкер жаттығу кезінде қолына лапа ұстап Жәнібекке ұрғызады. Кейінгі кезде толассыз соққыдан кейін лапа ұстаған қолдарының ауыратынын байқап, іштей қуанып қояды бапкер. Жәнібек жұдырығына қуат қосылды деген сөз.
2012 жылдың қараша айында Астанада Қазақ елі біріншілігі өтті. Жартылай финалға дейін мұзжарғыш кемедей бұрқыратып өтті. Жартылай финалда белгілі боксшы Рүстем Сваевты еркін жеңді. Финалда маңғыстаулық Ерік Әлжановты сүріндірді. Сөйтіп, Қазақ елінде 75 келі салмақтың ең мықтысы өзі екенін дәлелдеді.
2013 жылы маусымда Иорданияның Амман қаласында Азия чемпионаты басталды. Төрт рет рингке көтерілді. Мұның жойқын екпініне, қуатты соққыларына, рингтегі өте жылдам қимылына Өзбекстан, Қытай, Иран, Түркімен елдерінің боксшылары шыдай алмады. Өзбек боксшысы ғана қатты қарсыласты. Қалғандарын рингте айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізді. Жәнібек – Азия чемпионы!
Жәнібек – әлем чемпионы!
Айналайын, Алматы-ай! Көше бойы, гүлзарлар мен бақтар да сары алтынға малынғандай бір әдемі мезгіл. Ағаш жапырақтары сарғайып, уылжып піскен жемістердің хош иісі танау қытықтаған мамыражай, берекелі күз. Қалбалақтай, қалықтай қонақтаған сол жапырақтарды сыбдырлата басып, лүпіл қаққан жас жүректерінің толқынысын баса алмай, қол ұстасқан жастар. Мынау жалт етер жалғанның өткені мен бүгініне ой жүгірте сырласқан, мөлдіреген табиғатқа аялай қарап серуендеп жүрген қариялар. Биылғы күзді Қазақ елі ерекше сағынышпен, тағатсыздана күткен еді. Өйткені тарихта тұңғыш рет бокстан әлем чемпионаты Қазақ елінде өткелі отыр. Ересектер арасында өтетін осы бәсі биік бәсекеге Қазақ елінің құрама командасы ерекше дайындалды. Туған топырағыңда, қалың елдің алдында таяқ жеп жату қандай ауыр. Қаншама тігісін жатқызып «ол спорт қой» дегенмен де. Қалың қазағыңның алдында жұдырығыңмен жапыра ұрып, жанкүйер ықыласына бөленіп, ұлт абыройын асқақтатып әлем чемпионы атану – орны өзгеше бақыт! Қалың жанкүйер тырс еткен ақпаратты қағыс жібермей күтті. Боксшылар жұдырықтарын түйіп, іштерін тартты.
Ақыры сол күн де келіп жетті-ау… 2013 жылдың қазан айы. Бес мың адамдық Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы аузы-мұрнынан шығып отыр. Сарайдың қақ ортасындағы «А» және «В» рингтері дүлей дауыл алдындағы теңіздей бір сәт тынши қалған. Рингке өте жақын жерде отырмыз. 75 келі салмақтағы біздің боксшы «А» рингіне беттеп келеді. Бойшаң, жүзі жылы, сәл жымиып қоятын секілді. Осы бір көрініс ерекше назарымызды аудартты. Бұл – жұмыр жердің ең таңдаулы, топтан озған боксшыларының сайысы. Әлем чемпионаты айқасы алдында небір атақты, аса тәжірибелі деген боксшының өзі сәл де болса толқиды. Ал жиырмаға жаңа толған, бұрын мұндай аса мәртебелі жарыста бақ сынамаған жас боксшының бейқам, еш қобалжусыз келе жатқанына не жорық?! Оны қоймай жымиып қоятынын қайтерсің?! Көңілді, тойға келе жатқандай. Әрине, әлем жанкүйері, қарапайым көрермен үшін бұл спорт тойы. Ал ринг іші жалыны бет қаратпас алапат айқас қой. «Әй, бұл тегін емес, не де болса айқастарын мұқият қадағалау керек» деп ой түйдік.
Қарсыласы әзербайжандық Солтан Мигитинов. Түрі орысқа келіңкірейді. Бірінші раунд ортасында Жәнібек Солтанды ринг арқанына тықсырып әкеліп, солақаймен солқылдата керемет соққылар жасады. Жарайсың, жас жолбарыс!
Екінші раунд. Жәнібектің табаны қызды. Солақайы жарқ етті, тіліп түскендей. Әзербайжан найзағай соққыдан қорғанып үлгере алмай жүр. Кейде түйдектете жаудырған Жәнібек соққылары бас көтертпей тастайды. Соққылардың дәлдігі қандай! Ал Жәнібектің осы қарсыласы осал боксшы емес еді. «Астана арландары» құрамында ел намысын қорғаған Бақыт Сәрсекбаевты да, Қанат Исламды да жеңген екен. Біріншісі Олимпиада чемпионы, екіншісі Олимпиада жүлдегері. Осы екеуін жеңген боксшы қалай осал болмақ?! Жәнібек бұл әзербайжанды екі ел құрамаларының бірігіп өткізген оқу-жаттығу жиынынан білетін. Оң қолмен құлаштай ұрады екен. Соққысы ауыр боксшы. «Соққысын өткізіп жіберіп барып ұруым керек екен» деп ой түйген айқас алдында. Бұл жолғы боксы өзгеше, тың тактика. Бұған да айқас жоспарына өзгеріс енгізу керек болды.
Жәнібек рингте жеңіл қозғалуда. Соққылары өте жылдам. Осы артықшылығының арқасында Солтан соққыларын дарытпай жүр. Үшінші раундта шаршаңқырап қалғандай. Бірақ жеңгеніне талас жоқ.
Ерекше әсер қалдырды ма, ол рингтен түскен сәтте соңына түстім. Тележурналист бөгеген екен. Құшақтап құттықтадым. «Босама, босама! Бұл үлкен жеңіске бастар алғашқы асу ғана» дедім. Ол ақырын басын изегендей болды.
Келесі қарсыласы Хуан Меркадо. Бұрын айқастарын көрген. Аяғына жем түскен аттай, сылбыр қозғалатынын аңдаған. «Айналып жүріп ес жиғызбай ұрсам ба екен?»
Жәнібек бір ұмтылғанда-ақ іштен, содан қас-қағымда жақтан салып өтті. Мексикалықтың мысы басылып қалды. Жәнібек қос аяқпен орғып жүр, жылдам. Айнала орағытып жүріп те, бетпе-бет келіп те ұрды. Рингте қарсыласын қалбағай ойнатты. Не керек өз ырқына көндіріп алды. Бірінші раунд соңында мұны еркін жеңетініне көзі жетті. «Әй, мынаның түрі жаман екен, екінші раундтан асырмаспын» деген ой да жылт етті.
Жәнібектің талай соққысы мексикалықтың миын шайқалтқан-ақ шығар. Қарсыласын қорғанысқа қуып тықты. Меркадоның анда-санда сілтеген жұдырықтары ауаны осқылап жатыр. Мағдыры құрыды, діңкеледі.
Үшінші раунд. Бір солақаймен қатарынан үш рет түйдектете тұмсықтан сарт-сарт еткізді Жәнібек. Соңғы соққы гүрс етіп бірдеңені күйретіп өткендей тұншыға шықты. Нокдаун! 1 минут 55 секунд қана өткен. Соққылары оңбай тиген екен. Айқас тоқтатылды. Жарайсың, Жәнібек!
Үшінші қарсыласы румын боксшысы Богдан Журатони, кәнігі ринг көкжалы. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы. Өте тәжірибелі. Денесі кесек, өзі сияқты бойшаң. Соққыларының өте қуатты екенін сезді Жәнібек. Күш-қуаты мол, тынысы кең, тек ілгері ұмтылумен жүр. Алтын тұғырға ұмтылып келе жатқан боксшы екені байқалды. Мұндай шойын жұдырық боксшыға бетпе-бет келу қауіпті. Бір орында тұруға болмайды. Жәнібек қаша жүріп айқасуға көшті. Екі раунд сәтті өтті. Күші сарқылып бара жатқандай бір сезім.
Үшінші раундта ашылып, ашық айқасқа көшті румын. Сол сәтті қапы жібермеді, сәтті пайдаланды. Ашылған сәтте сылқ еткізді де отырды. Ол ашылам деп «шашыла» бастаған еді. Бұл раунд діңкелетіп өте ауыр өтті. Румын Жәнібектің қанжығасында кетті.
Жартылай финал. Жәнібек қолғапсыз, жымиып қойып рингке көтерілді. Төреші оның қолын көтерді. Ширек финалдағы айқаста ағылшын боксшысының саусағы сынған екен. Дәрігерлер айқасқа шығуға рұқсат бермепті. Шыққан күннің өзінде Жәнібек жеңетін еді. Қарсыласының айқасын көргені бар.
Финал, 26 қазан. Қазақ елінің 6 боксшысы финалда. Қалың қазақ жанкүйерін өзгеше қуаныш толқытып тұр. Бұл әлем чемпионатына басқасын айтпағанда, тек 17 мемлекеттің өзінен 10 боксшыдан келген еді. Солардың көбісі аламан айқаста ерден ауып түсті. Кубаның төрт, Ресейдің үш, Әзербайжанның екі боксшысы финалда. Өзбекстан, Алжир, Италия, Ирландия, Бразилия елдері финалда қалған жалғыз боксшыларының тілеуін тілеуде.
Әлем чемпионатының алтын тұғырын бағындыруды 49 келідегі Біржан Жақыпов бастады. Мерей Ақшалов пен Данияр Елеусінов қос кубалықтың мысын басты. Үш алтын! Қазақ елінің қырандары рингте дауыл тұрғызып барады. Алтауы да алтын тұғырға шығып, қуаныштан жанкүйер жүрегін жарар ма екен?!
Ирландия боксшысы Джейсон Куиглиді Жәнібек білетін. Астанада бірге өткен жиында қарымын байқаған. Өте айлакер. Қаша айқасып жүріп жойқын соққылардың астына алатыны бар. Ондай кезде аса қауіпті, қуатты соққылармен бас көтертпейді. Жартылай финалда Ресейдің белгілі боксшысы Еуропа чемпионы Артем Чеботаревтің үмітін үзген.
Жонынан от шаша жарқ етер бір күн, жолбарыс жүрек Жәнібек. Оның Қазақ елін қуантатын күні әлі алда. Қазір 81 келі салмақтың көшін бастап тұр. Бұл салмақта атақты Әділбек Ниязымбетов бастаған ығай мен сығай. Бірақ ығатын Жәнібек емес. Ешкімнен ығып та, ықтасын іздеп те көрген емес. Өйткені ол – жолбарыс жүрек Жәнібек. Атасы Сайын атақты Жәнібектердей батыр болсын деп ырымдап қойған мұның атын.
«Осы Артемның анасы қазақ» дегенді құлағымыз шалды. Болса болар. Несіне таңғаламыз?! Қазақ қызының қазіргі таңда «ұзатылып» бармаған жері жоқ. Жер шарын түгел «жаулап барады». Африка елдерінде де жүр.
Тура 1 минут 30 секунд өткенде Жәнібек Еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазын бір ұрып шалқасынан түсірді. Сол қолмен ұрған тік соққы сылқ еткізді. Азулы Джейсон мына бозбаладан мұндай сойқан соққыны күтпеген еді. Нокдаун! Екінші раундта тағы нокдаун. Жәнібек екі раунд сенімді, сауатты бокстасты. Джейсон қақпанына түспеді. Үшінші раунд келсең-кел деген айқаспен өтті. Тіресіп тұрып армансыз соққыласты. Рингте қара дауыл тұрды. Раунд соңында сілтеген екі-үш жұдырығы қапысыз тиген еді. Жәнібектің қатты шаршағаны да байқалды. Сол кезде гонг та соғылды.
Жәнібек әлем чемпионы! Жәнібек Әлімханұлы төртінші алтынды Қазақ елінің алақанына салды. Төрт әлем чемпионы! Тарихи оқиға! Тарихта болмаған оқиға! Жаужүрек боксшыларымыз Қазақ жұдырығының қуатын әлемге мойындатты!
75 келі салмақтағы жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттау салтанаты. Қазақ елінің Әнұраны шырқалды. Жәнібек тебірене шырқап тұр. Қалың жанкүйер тік тұра сарайды жаңғыртып, түндігін желпілдетіп қосыла кетті. «Шырқа, Жәнібек! Шырқа, Тәуелсіз Қазақ елінің Әнұранын. Ұлттың рухын көтеретін, ұлт намысы үшін отқа түсетін сен сияқты жаужүрек, қайсар бауырларымыз аман болсын!» деп біз тұрдық. Кеудемізді ерекше бір шаттық кернеді сол сәт.
Жаралы жолбарыс
Қалың жанкүйер Жәнібек Әлімханұлының Рио-де-Жанейро олимпиадасынан жеңіспен оралатынына күмәнсіз сенді. Сенгені соншалық, қандай медаль алатыны туралы да дауласып жатты. Бұл – Жыландының жолбарыс жүрек боксшысына деген жанкүйер ықыласы. Өжет, екі қолымен бірдей қуатты соққы жасайтын Жәнібек сияқты боксшы ілуде біреу.
Рио төріндегі алғашқы қарсыластарын еркін жеңіп, ширек финалға шыққан сәті. Қарсыласы – бір кезде қазақ топырағының суын ішкен ақтөбелік әзербайжан Камран Шахсуварлы. Жәнібек осы Камранды Қазақ елі біріншілігінде соққының астына алғаны бар. Сол ми шайқайтын ауыр соққылар есінде қалған болуы керек, әзербайжан салған бетте қорғанысқа көшті. Жәнібек тым еркін, асықпай айқасып-ақ жеңемін деп жүрген сияқты. Әдеттегі нөсер шабуыл жоқ. Тең айқас.
Күтпеген жай, төрешілер айқастың екі кезеңінің де жеңісін әзірбайжан қанжығасына байлады да жіберді. Мәселе шешіліп қойған сияқты. Үшінші кезеңде барып Жәнібек жойқын шабуылға көшті. Тілеулес біреудің жеңісті қарсыласына беріп жатқанын сыбырлағаны анық. Камранды бас көтертпес ауыр соққылардың астына алды. Шахсуварлы қорғана алмай, ес жия алмай қалды. Аяусыз соққылар Камран төбесінде найзағай ойнатты.
Жеңісті жұлып әкету үшін, ұрып жығу керек. Осыны сезгендей Камран қас-қағымда қулыққа көшті. Жәнібек соққыларының қуатына шыдай алмайтынын сезген ол құшақтаса жөнелді. Қайсар қазақтың екі қолын қос білегімен қысып, ұруға мұрша бермей уақыт созуда… Қандай өкінішті. Тұлпарды айламен тұсап тастады. Жанкүйер жанарында жас үйірілді…
Дәл осы әзербайжанды Әлімханұлының жеңетініне қалың жакүйер даусыз сенген. Жартылай финалда кубалық Арлен Лопеспен, ал финалда өзбек Бектемір Меликузиевпен айқасқа түседі деп болжады. Не дерсің?! Алматыда өткен Президент Кубогында Жәнібектен жеңілген Арлен Лопес алтын тұғырға атып шықты. Лопес – Олимпиада чемпионы!
Олимпиададан кейін өкінішті ауыр ойдан айығу оңайға соқпады. Жәнібектің сол Олимпиадада жаралы жолбарыстай арпалысып, жаралы қолмен айқасқанын біреу білсе, біреу білмейді. Рио төріндегі алғашқы айқаста-ақ сол қол шынтағы сыр берген. Найзағай ойната көсіп-көсіп ұруға шынтақ создырмады.
Бұл біраздан бері келе жатқан сырқат еді. 2009 жылы шынтағы сынған болатын. Операция жасау керек деген дәрігерлердің түйінді шешімі айтылғанмен, орындалуы шегеріле берді. Бір жарыстан кейін екінші жарыс. Бәрі жауапты. Сол жарақат 2015 жылғы Қазақ елі Спартакиадасының жартылай финалында сыр берген. Бапкерлер финалда айқасуға нұсқау берді. Финалдан кейін асқынып кетті. Одан Азия чемпионаты…
Әзербайжан Камранды ширек финалда қуатты соққылардың астына алып жеңсе, жарақаты сыр беріп, алтын үшін айқаста шыдас бермес деген бапкерлер тактикасы болуы керек. Тәуекелге барып, жаныңды салып айқаспа дегендей. Ал егер әзербайжанды жан алқымға алып ұрғанда, құрығанда қола медаль алар еді Жәнібек.
Жақында Мәскеуде сол шынтағына операция жасады. Кезінде сынған сүйек сыртқа қарай бұлтиып, қисық біткен екен. Бәрі сәтті өткен сияқты. Әзірше үлкен жарыстар сайысына қатыспауда. Отадан кейін оңалу үшін уақыт керек. Дәрігерлер ұйғарымы солай. Жақында Ташкентте өткен Азия чемпионатына қатыспағаны да содан. Күзде Германияда өтетін әлем чемпионатында айқасатындар сапынан да іздемеңіз.
Жонынан от шаша жарқ етер бір күн, жолбарыс жүрек Жәнібек. Оның Қазақ елін қуантатын күні әлі алда. Қазір 81 келі салмақтың көшін бастап тұр. Бұл салмақта атақты Әділбек Ниязымбетов бастаған ығай мен сығай. Бірақ ығатын Жәнібек емес. Ешкімнен ығып та, ықтасын іздеп те көрген емес. Өйткені ол – жолбарыс жүрек Жәнібек. Атасы Сайын атақты Жәнібектердей батыр болсын деп ырымдап қойған мұның атын.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ
Алматы облысы
Түпнұсқа: