Бүгін Лондонда өтіп жатқан ХVІ әлем чемпионатында әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысынан финалдық бәсеке өтеді.
Іріктеу сыны өтті, енді – финал
Сенбі күні іріктеу сыны өткен. Қазақстан жеңіл атлетикасының басты үміті Ольга Рыпакова бірінші мүмкіндігінде-ақ 14,57 метрге қарғып, бірден финалға шықты. Ал басты бәсекелестерінен тек Колумбия қызы, Рио Олимпиадасының чемпионы Катрин Ибаргуэн де бірінші мүмкіндігінде финалда бақ сынау құрметіне ие болды. Бірақ оның көрсеткіші төмендеу болып шықты (14,21 метр ғана). Қалғандары екінші, тіпті үшінші мүмкіндіктерінде іріктеуден өте алды.
Соңғы айда аса жоғары нәтиже көрсете алмай жүрген Рыпакова осылай бәсекелестерінен асып түсті. Бұл оған психологиялық тұрғыда басымдық бере ме? Бәсекелестері таңданып, үдірейісіп қалған жоқ па? Көкейдегі осы сауалдарымызды Ольганың жеке жаттықтырушысы Сергей Алексеевке көлденең тартқан едік:
– Жо-жоқ! О, не дегеніңіз. Финалға бірінші орынмен шыққаны психлогиялық тұрғыда ешқандай да басымдық бермейді. Барлық бәсеке – алда. Іріктеу сынның аты – іріктеу. Онда үш-ақ мүмкіндік беріледі. Жаза басып, екі рет секіру сызығын басып кетіп, содан кейін қобалжып-толқып, дұрыстап секіре алмай қалулары мүмкін. Сондықтан толқу басым болады. Жауапкершілік басып тұрады. Ал Ольганың бірінші мүмкіндігі өте сәтті орындалды. Ең бастысы, қарғу сызығын басқан жоқ. Биыл жоғары нәтиже көрсетіп жүрген үздіктердің, ығай мен сығайлардың бәрі финалға шықты. Іріктеу сыны артта қалды. Енді, финал, – деп жауап берді бапкер.
Чемпион болудан үміттілер аз емес
Рио Олимпиадасының чемпионы, жасы 33-тен асқан Катрин Ибаргуэн «мен үшінші рет әлем чемпионы болу үшін келдім, Риодағы жеңісім тамаша, әрине, бірақ мен онымен тоқталып қалғым келмейді» депті, IAAF сайтына берген сұхбатында.
Иә, ол 2013 жылы Мәскеуде, 2015 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионаттарында алтынмен апталып, жеңімпаз атанған. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Биылғы жылғы ең үздік көрсеткіші – 14,84 метр.
Ал биылғы жылғы ең үздік көрсеткіш Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Венесуэла аруы Юлимар Рохасқа тиесілі – 14,96 метр. Бірақ ол өзінің тек екінші мүмкіндігін де ғана финалға іріктеліп шыққанына ырза емес. Психологиялық тұрғыда ысыла түсуі керек екендігін білетінін, ерінбей тер төгіп жүргендігін тілге тиек етіпті. Алайда биыл 21 қазанда 22-ге толатын қыз – сөз жоқ, өте талантты.
Жалпы, Ямайка қызы Кимберли Уильямс те, Португалия үміті Пастрисиа Мамона да, финалға шыққан басқалары да осал емес. Бірақ біздің Ольга – тәжірибелі, сабырлы спортшы. Биылғы ең үздік көрсеткіші – 14,64 метр. Енді тек, бағы мен бабы қатар шапсын деп тілейміз.
Айтпақшы, финалда бақ сынайтын 12 қыздың тізімі – төмендегідей. Үшінші бағанда әрқайсының 2017 жылғы ең үздік көрсеткіштері, ал соңғы бағанда жеке рекордтары түзілген: