20 мамырда Таиланд астанасы Бангокта жеңіл атлетика түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты басталған еді. Жарыстың үшінші күнінде үш қарғып секіруден Лаура Ахметова күміс медаль жеңіп алды, — деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы.
Бұл сайысқа сары құрлықтың 8 мемлекетінен 12 атлет қатысты. Таиланд, Сингапур, Малайзия 2 спортшыдан әкелсе, Қытай, Қазақстан, Индонезия, Иран, Непалдың намысын бір-бір атлеттен қорғады.
Чемпионаттың алғашқы күнінде Ахметова ұзындыққа секіруден сайысқа түскен еді. Ол кезде жетінші орын алды. Ал өзінің негізгі бағдарламасы үш қарғып секіруден жерлесімізге негізгі бәсекелес қытайлық Юкьи Пан мен индонезиялық Каруния Джемиланг және Юн Джиенг (Малайзия) болатын.
Лаура бұған дейін 2 мамырда Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 12.72 метрге секірген еді. Бұл жолы Бангокта ол көрсеткішінен төмен секірді. Дегенмен қазақстандық спортшы 12.41-мен күміс жүлдеге қол жеткізді. Бас жүлде қытайлық Юкьи Панға бұйырды. Оның нәтижесі–12.73. Қола жүлде Каруния Джемилангқа (Индонезия) бұйырды. Каруния 11.98 метрге секірді.
Айта кетейік, Бангоктағы Азия чемпионатына еліміздің атынан 26 спортшы аттанып кеткен болатын.