Бала күнінде доп тепкен балалардың барлығы шабуылшы болуды армандайды. Футболдағы мансабы қақпа артында доп алып беруші боллбойдан басталған көп жігіттер бүгінгі күнде әлемнің ең үздік бомбардирлерінің қатарында жүр. Біздің бұл мақаламыз шабуылшылардың қандай түрлері болатындығын баяндайды.
СИҚЫРЛЫ ТАЯҚША
Футбол академияларында ақылды балаларды жартылай қорғаушы болуға тәрбиелейді. Ал тез жүгіретіндерді вингерлікке бейімдейді. Ал ештеңеден қорықпайтын балаларды не қорғаушы, ал семіздерді қақпаға тұрғызады. Бірақ осылардың арасында бойы аласа әрі жылдам жігіттерді шабуылшы болуға үйретеді. Олар футболшылық мансабын шабуылшы ретінде бастайды. Өкінішке орай осы типтегі шабуылшылар негізгі құрамда көп өнер көрсетпейді. Өйткені, бүгінгі күнде шабуылшыларға қойылатын басты талаптар мынадай: ұзын бой, биікке секіру, тұрған жерінен күшті соққы жасау, кемінде бір адамды алдап өту. Осындай талаптарға сай келмесеңіз алаңда 90 минут бойы өнер көрсету туралы тек ғана армандауға болады. Бірақ бір пайдасы тиетіні анық.
Бұларды бапкерлердің «сиқырлы таяқшасы» деп атайды. Яғни, команда жеңіліп жатқанда немесе ойын жаттықтырушының жоспарлағандай сценариймен жүрмесе «сиқырлы таяқшалар» есепті түзету үшін алаңға шығады.
Қазіргі кезде осы типке мексикалық Чичарито, француз Кевин Гамейро, германиялық Марио Гетце және англиялық ардагер Джермэйн Дефо.
ҚАҺАРМАН
Шабуылшының басты міндеті гол салу. Қанша көп гол салса, сонша аз. Көзі көрмей қалса да, аяғының сіңірі тартылып қалса да шабуылшы кезкелген уақытта гол салуға дайын болуы керек. Ал соңғы минуттарда команданы жеңілістен сақтап қалу футболшыны басқа командаластарының арасында абыройын екі есе арттырары сөзсіз.
Осындай шабуылшыларды бүгінгі күнде табу өте қиын. Бірақ ол мүлдем жоқ деген сөз емес. Соңғы минуттарға дейін голдан үмітін үзбейтін қаһармандар тізіміне – Альваро Морато, Штефан Кислинг, Эдинсон Кавани.
АҚЫЛДЫ
Бұл футболшылар бір өзі ойынның тағдырын шеше алады. Әріптестерін нәтижелі паспен «тамақтандырып», егер мүмкіндік болып жатса қарсылас команданың қорғаушыларын қақпашысымен бірге қосып жайратып салады.
Тіпті кейбір футбол жанкүйерлері тек сондай ақылды шабуылшылардың доппен жасайтын сиқырына куәгер болу үшін ғана футбол тамашалайды. Осындай дара жолды Пеле, Марадона және Мишель Платини сияқты мықтылар салып берген болса, бүгінгі күнде бұл істі Месси, Джовинко, Неймар сияқты футболшылар жалғастыруда.
КОРОЛЬ
Бұл типтегі футболшылар үшін гол салу үшін бір ғана мүміндік жетеді. Бүкіл ойын кезінде көзге түспесе де, пенальти, стандарттар, немесе қақпадан қайтып келген допты голға айналдыра алады. Оларды қарсылас команданың алаңшасының королдері деп атайды. Әдетте бұларды екі-үш қорғаушы бақылауда ұстайды. Бірақ осыған қарамай олар әр ойында голсыз кетпеуге тырысады.
Криштиану Роналду, Златон Ибрагимович, Роберт Левандовски секілді шабуылшыларды осы типке жатқыза аламыз.