Ел боксының тізгінін ұстағанға дейін Бекет Маxмұтов ағаны қалың жанкүйер біле бермейтін. Қапталдан спортқа қосылып, спорт шенеуніктеріне ұлттық намысты қалай ұлықтауды, қазақты әлемге танытудың қандай төте жолы бар екенін аз уақытта көрсетіп берді.
Әлемдік федерацияда Алаш ұлдарының қалай жүруі, өзін қалай ұстауы керектігін де алғаш дәлелдеген Бекет ағамыз еді. Бұл кісіні боксқа алып келген Әбдісалан Нұрмаxанов болатын. Бекет аға АИБА-ның айбары,жер жүзінің небір марғасқалары санасатын төбе биіне айналды. Сол тұста боксшы бауырлар» Бекет аға барда арқамызды Алатауға тірегендей еркін, әрі жұмылған жұдырықтай тегеурінді едік» дейтін.
Осы Бекет аға АИБА-ның бірінші вице президенті тұсында Болат Жұмаділов қазақ боксшыларынан бірінші болып әлем чемпионы атанды. Мына суреттің құндылығы да сонда. Болат бауыр қос бірдей Олимпиаданың финалында айқасқан бітуар бағлан! Жұдырықтай ғана қазақ дүниенің төрт бұрышына классикалық бокстың қандай болатынын көрсетті. Бағы кем болды, әйтпесе Болат Олимпиада чемпиондарынан артық болмаса, кем емес! Сиднейдегі финалда тайландпен жұдырықтасты. Қырсыққанда екі тайланд журналисі екі жағыма жайғасқан екен. Болат тым ширығып, өз мәнерін жоғалтып алды. Төреші тайландтың қолын көтерер кезде қатты қамығып, алдымдағы столға маңдайымды тірегенім сол еді, дәл осы сәтті күткендей қос қапталдағы қос тайланд менің төбе тұсымда қол қысысты. Менің көңілім алай-түлей. Олар алақандары ду-ду етіп, дуылдасып жатыр. Екі құлағымды тарс бітеп тұрып кеткім келді. Бірақ сабыр сақтадым. Олар менің Болаттың ағасы, қазақ екенімді білген жоқ.
Иә, өткен күнде белгі бар. Автор: Қыдырбек Рысбек