Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев (6-0, 3 KO) өзінің келесі кездесуін 26 қараша (Астана уақыты бойынша 27 қараша) күні АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткізеді. Әзірше Мадиярдың қарсыласы кім екені белгісіз. Жақын күндері белгілі болмақ.
— Қазір тынымсыз жаттығу үстіндеміз. Аптасына үш рет спарринг жаттығуларын жасаудамыз. Алтты-жеті раундтық жұмыстан кейін лапада жұмыс жасаймыз. Түрлі жаттығу жұмысын жасау арқылы өзімнің спорттық формамды жақсартудамын. Жаттықтырушым Роберт Гарсия. Ол әр боксшыға жекелей жұмыс жасайды. Менің қалыптасқан бокс мектебімді бұзбай, әрі қарай жетілдіру үстінде. Білікті бапкермен жұмыс жасау қашан да нәтижелі, деді Мадияр Әшкеев.
Айта кетейік, Мадияр Әшкеев өзінің соңғы жекпе-жегін 24 қыркүйек күні америкалық боксшы Мартез Джексонға қарсы өткізіп, ұпай санымен жеңіске жеткен болатын.