Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / РИНАТ ИБРАГИМОВ: ҚОШҚАРБАЙ ҰСТАЗДЫҢ ТӘЛІМІН АЛЫП ӨСТІК

РИНАТ ИБРАГИМОВ: ҚОШҚАРБАЙ ҰСТАЗДЫҢ ТӘЛІМІН АЛЫП ӨСТІК

 

Атырау қаласында ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Табынбаев Қошқарбай Төремұратұлын еске алуға арналған спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы II-ші Халықаралық турнир мәресіне жетті.

ТабынбаевҚошқарбай қандай еңбегімен есте қалды? Бұл сұраққа Ринат Ибрагимов есімін атасақ жетеді.

Дзюдо спортынан екі бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы, Азия чемпионатының жүлдегері, Гран-При Халықаралық жарыстарының бірнеше дүркін чемпионы Ринат Ибрагимов алғашқы ұстазы Қошқарбай Табынбаев туралы былай дейді:

«Ең алғаш мен спорттық мансабымды самбошы ретінде бастадым. Спорт залына кішкентай Ринатты Табынбай ағайы алып келген болатын. Жастарды салауатты өмір салтына тәрбиеледі, өз ісінің майталманы еді. Менің дзюдо күресіне ауысуыма негізгі себепкер адам осы Қошқарбай ұстазым. Самбо күресінен алғашқы әлем чемпионын шығарған адам.

1996 жылдан бастап қалалық, облыстық сайыстарға қатыса бастадық. Ұстазымыз, марқұм бізді барлық жарыстардан қалдырмай қатыстыратын. Кейін 2001  жылы маған сенің күресің дзюдоға келеді деп, Алматы қаласындағы спорт мектебіне жіберді. Содан кейін толықтай дзюдо күресіне ауыстым.

Самбо күресінен ағайыммен бірге жеткен жетістіктеріміз аз емес. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы болдым. Жастар арасында Азия чемпионы да атандым. 2002 жылы тұңғыш рет өткен самбо күресінен өткен «жастар ойынының», жасөспірімдер арасындағы ТМД және Балтық елдері арасындағы ойындарында топ жардым.

 

Кейін дзюдо спортына толықтай бет бұрып, Олимпиада ойындарына жолдама алдым. Қошқарбай ағайым Олимпиада ойындарына баруды қатты армандаған еді. Сол арманы орындалды. 2008 жылы маған қолдау көрсету мақсатында Олимп ойындарын өз көзімен көрді. Тағдырдың жазуымен араға бір жыл салып қаза тапты.

Өз ісінің қас шебері, кейде қатал, керек жерінде жұмсақ та бола білетін. Ең бастысы шәкірттерінің осы спортқа келуі үшін барлық амалдарды ойлап табатын. Жастарды қызықтыратын. Ұстазымыз қойған кірпіш арқылы, алғашқы әдіс-амалдары арқылы екі бірдей Олимпиада ойындарына жолдама ала алдым. Әлемнің үздік бес дзюдошысы қатарына ендім. Енді Қошқарбай Табынбаев атын өшірмей, ол кісінің жасаған еңбектері мен даңғыл жолын келешек ұрпаққа насихатту шәкірттерінің, яғни біздің борышымыз деп білемін. Бүгінгі жарыс әрі қарай жалғасын тауып, үлкен Халықаралық турнирлердің біріне айналарына сенемін, дейді Ринат Ибрагимов.

 

 

 

Сондай-ақ

ТИМУР КУЛИБАЕВ ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДАЛЫҚ КОМИТЕТТЕР АССАМБЛЕЯСЫНА ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

Қазақстан ҰОК президенті Ұлттық Олимпиадалық   комитеттер қауымдастығының Бас Ассамблеясына қатысып жатыр Қазақстан Республикасы Ұлттық …