Шорт-трек спорты бойынша 2016/2017 жылғы әлем кубогы кезеңдерінің уақыты анықталды, — деп хабарлайды dodasport.kz сайты.
Әлем кубогының бірінші кезеңі Канаданың Калгари қаласында өтеді. 4-6 қараша аралығында өтетін сынға Қазақстан құрамасы да қатыспақ. Қазірдің өзінде Голландияда арнайы жоба бойынша оқу-жаттығу жиындарына кеткен негізгі құрама Канада мұз айдынында жаттығып жүр. Құрамамыз Голландиялықтармен бірге қазан айының ортасында тәжірбие алмасу мақсатында Калгари қаласына аттанған болатын.
Әлемдік тәжірбие бойынша құрамалар сайыс болатын жерге алдын-ала келіп жаттығу жұмыстарын жүргізеді:
Жақында ғана Алматы қаласында Универсияда ойындарына іріктеу додасы өткен болатын. Қазақстан кубогының екінші кезеңінде жеңіске жеткен жас шорт-трекшілеріміз жарыс біте салысымен Канада еліне аттанды. Спортшыларымыз қазірдің өзінде Калгари мұз айдынының сапасына өз бағаларын берді.
— Бүгін Канада мұз айдынына бірінші рет жаттығу жұмысын жасадық. Айдынның сапасы керемет. Қазақстандағы біз жаттығатын айдыннан сапасы бірнеше есе жақсы. Бұл мұзда максималды түрде жылдамдық көрсетуге болады,- дейді жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушысы, ел чемпионы Еркебұлан Шамуханов.
Әлем кубогының бірінші кезеңіне әлемнің ең үздік құрамалары келіп үлгерді. Жақында ғана жастар арасындағы додаларда бағын сынап жүрген спортшыларымыздың Виктор Ан секілді алпауыттармен иық тіресе сайысқа түсетіні белгілі. Әзірге жастарымызға тәжірбие жинап, жақсы нәтиже көрсету басты міндет болып тұр. Ал, Голландия құрамасымен бірге жаттығып жүрген жігіттерімізден жүлде күтетінімізді жасырмаймыз.