Басты бет / Қысқы спорт / ШОРТ-ТРЕКШІЛЕР УНИВЕРСИАДА ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ БАСТЫ ҮМІТІМІЗ

ШОРТ-ТРЕКШІЛЕР УНИВЕРСИАДА ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ БАСТЫ ҮМІТІМІЗ

 

ОРАЛ. ҚазАқпарат — Алматы қаласында 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиадада шорт-тректен бірнеше қашықтықта жүлде алудан үміттіміз.  Бұл туралы Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, өзі 500, 1000, 1500 метр қашықтықта бақ сынамақшы. Сонымен қатар командалас достары Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов және Денис Никишамен бірге 5 мың метр қашықтықта эстафеталық жарыста Қазақстан қоржынына медаль салуға мүмкіндік бар. Дегенмен қарсыластар да осал емес. Универсиадада Корея, Ресей, Канада, Голландия сияқты елдер мықты шорттрекшілерін бәйгеге қоспақшы.

«Универсиададан кейін бірден Минск қаласына, әлем кубогы кезеңіне аттанамыз. Жекелей сын өз алдына, эстафетадан әлем чемпионатына қатысу үшін әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша үздік сегіз команданың қатарына ілігу керек. Мен өзім шорт-трекпен он төрт жылдан бері айналысып келемін. Оралда жабық мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін-ақ осы спорт түріне көңіл бөлініп, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бізді жалықпай баптай бастады. Біз табысқа жетсек, алдымен осы кісінің арқасы деп білемін», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Нұрберген Жұмағазиев.

Еске сала кетейік, өткен жыл қазақстандық шорттрекшілер үшін жемісті болды. АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта алдына жан салмай, қазақстандық шорттрекшілер арасында тұңғыш рет алтын жүлдені иеленді. Одан кейін Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында Нұрберген Жұмағазиев 1 мың метр қашықтықта чемпион атанды. Жалпы, Жұмағазиевтерді спортшылар отбасы деуге болады. 1990 жылғы Нұрберген қазір нағыз дер шағында. Сондай-ақ оның қарындасы, 1999 жылғы Ғалия болашағынан үлкен үміт күттіреді. Шорт-трекпен айналысатын ол да Қазақстан чемпионаттары мен республикалық додалардан үнемі олжамен оралып жүр.

Қысқы Универсиадаға БҚО-дан қатысатын Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев және Норвегияның Лиллехаммер қаласында 2016 жылы жасөспірімдер арасында өткен ІІ қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Анита Нагай Оралдан ертең жолға шыққалы отыр.

Мақала авторы:  Елжан Ералы

Сондай-ақ

«РЕАЛ» ИСПАНИЯ КУБОГІНДЕ «ФУЭНЛАБРАДАНЫ» ЖЕҢДІ

Испания кубогі 1/16 финалының бірінші ойынында, «Реал Мадрид» «Фуэнлабраданың» қақпасына екі гол соғып жеңіске жетті. …