Қытайдың Шанхай қаласында шорт-трек спортынан Әлем кубогының үшінші кезеңі мәресіне жетті.
Спортшыларымыз жүлделі орынға іліне алмағанымен, өздерінің бәсекелестікке дайын екендігін тағы да дәлелдей алды. Олай деудің өз реті бар.
500 метр қашықтықта Абзал Әжіғалиев әлемдегі ең жылдам шорт-трекшілер қатарына еніп отыр. Ол Шанхай кезеңінде ақтық сынға өте алмағанымен, «В» финалында жеңіске жетті. Сөйтіп, бесінші орынмен жоғары ұпайлардың бірін еншіледі. Дәл осы қашықтықтың «В» финалына тағы бір отандасымыз Айдар Бекжан та өтіп, жалпы есепте жетінші орыннан көрінді.
1000 метр қашықтықта құрама көшбасшысы Нұрберген Жұмағазиев болып табылады. Нұрберген де «В» финалында бірінші келіп, жалпы есепте алтыншы орыннан көрінді. Осы қашықтықта жас спортшымыз Мерсайд Жақсыбаев он бесінші орын алды.
Командалық эстафетада Қазақстан құрамасы алтыншы орын алды. Бұл жолы Америка кезеңіндегі көрсеткіштерді қайталаудың сәті түспеді.
Жас шорт-трекшілеріміз Еркебұлан Шамуханов, Анита Нагай және Ольга Тихоновалар өздерінің әлем кубогындағы алғашқы сайыстарында жақсы нәтиже көрсете алды. Жастарымыз бірінші құрамнан үлгі алып, тәжірбие жинайтын болады.