ҰЛТТАР ЛИГАСЫ: ИСПАНИЯ ӨЗ АЛАҢЫНДА АНГЛИЯҒА ЕСЕ ЖІБЕРДІ

УЕФА Ұлттар лигасының төртінші кезеңі аясында Испания құрамасы өз алаңында Англия құрамасын қабылдады.

Ойын Севилья қаласының «Бенито Вильямарин» стадионында өтті. Кездесуге Испания құрамасы 4-ші топта алты ұпаймен көшбасшысы ретінде келіп, егерде Испания құрамасы ойында жеңіске жетсе, келесі кезеңге уақытынан бұрын жолдама алатын еді.

Өз алаңында 15 жыл бойы жеңілмей келе жатқан Испания, кездесудің бірінші таймы аяқталмай Англия құрамасына 0:3 есебімен ұтылып жатты. Ал екінші таймда Испания құрамасының бас бапкері Луис Энрике қосалқы құрамнан тың ойыншыларды шығарып, ойынның 58-ші минутында шабуылшы Пако Алькасер гол соғып есеп басын қысқартты. Одан кейін де көп шабуыл жасағанымен, ойынға қосылған қосымша 90+8-ші минутта қорғаушы Серхио Рамос гол соқты. Нәтижесінде Англия құрамасы 2:3 есебімен жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржынына салды.

Айта кетсек, төртінші кезеңнен кейін Ұлттар лигасы А лигасының 4-ші тобында Испания құрамасы алты ұпаймен бірінші орында, Англия құрамасы төрт ұпаймен екінші, ал Хорватия құрамасы бір ұпаймен үшінші орында тұр.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлттар лигасының бірінші кезеңі аясында Англия құрамасы қарсыласы Испания құрамасына 1:2 есебімен есе жіберді. Екінші кезеңде Испания құрамасы өз алаңында Хорватия құрамасын 6:0 есебімен тас-талқан еткен болатын. Ал үшінші кезеңде Хорватия құрамасы мен Англия құрамасы 0:0 есебімен тең ойнады.

Испания 2:3 Англия

Голдар: Алькасер, 58, Рамос, 90+8 — Стерлинг, 16, 38, Рашфорд, 30.

Испания: Де Хеа — Хонни, Рамос, Начо, Алонсо — Тьяго, Сауль (Алькасер, 56), Бускетс — Аспас (Себальос, 57), Родриго (Мората, 72), Асенсио.

Англия: Пикфорд — Триппьер (Александер-Арнольд, 85), Магуайр, Гомес, Чилуэлл — Уинкс (Чалоба, 90), Дайер, Баркли (Уокер, 75) — Стерлинг — Рашфорд, Кейн.

Сурет: Англия құрамасының твиттер парақшасынан