Басты бет / Бокс / ӘШКЕЕВ: КӘСІПҚОЙ БОКСҚА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУ ҮШІН КЕЛДІМ

ӘШКЕЕВ: КӘСІПҚОЙ БОКСҚА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУ ҮШІН КЕЛДІМ

 

Мадияр ӘШКЕЕВ: КӘСІПҚОЙ БОКСҚА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУ ҮШІН КЕЛДІМ
Әуесқой бокста әлі жетістікке жетіп үлгермеген боксшының кәсіпқойға ауысуына не себеп болды?. Қонақбаев, Жарылғапов турнирлерінде топ жарғаныңызбен ел біріншілігінде жолыңыз болмады, бірде Рақманқұловқа, екіншісінде Елеусіновке жеңілдіңіз, мүмкін Қазақстан чемпионатын жеңіп барып кәсіпқойға ауысу керек пе еді?.

— Әуесқой бокста кішкене жолым болмады. Өзімнің алдыма қойған мақсатым – әлем чемпионы болу. Сол мақсатымды кәсіпқой бокста жүзеге асыру үшін ауыстым. Америкаға барып бағыңды сынап көр деген Жандарбек пен Жәнібек ағаларыма алғыс айтамын. Жоқ, дер шағында кеттім бе деймін.

-Жамбыл облысының тумасысыз, бірақ жарыстардың басым көпшілігіне Маңғыстаудың атынан қатысып жүрдіңіз…

-Жамбыл облысының атынан жастар арасында қатыстым. Қазақстан чемпионы болдым. Одан кейін Алматыдағы спорт-интернатқа қабылданып, Алматы құрамасының сапында жүрдім. Ал 2014 жылы Ақтау қаласына ауысып, сол жақтан шықтым.

-Жартылай кәсіпқой бокстағы «Астана арландарының» қатарында үздік боксшы болдыңыз. «Куба Домадореспен» жолыққанда Олимпиада және әлем чемпионы кубалық Роньель Иглесиасты жеңдіңіз. Олимпиадаға, Әлем чемпионаттарына жолыңыз түспегенінен өкінетін сәттер бола ма? Дәл 69 келі болмаса да 64, не 75 келіде бақ сынап көру керек пе еді?.

— Кесіп айтайын, басқа салмаққа ауысу туралы ойламаппын, мүлдем қызығушылық болмапты. Өз салмағым осы, мен түсіріп не көтергім келмейді. Ал Олимпиадаға, Әлем чемпионаттарына барып бақ сынау бұйырмағаны үшін өкінбеймін.

-Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесулеріңізді «Астана арландарының» шортысымен өткіздіңіз. «Астана арландарын» қимағандық па, әлде басқа себеп бар ма?.

-Жоқ, «Астана арландарын» қимағандық емес, ыңғайлы болды. Бастапқы кездесулерім келісім шартсыз өткендіктен, киіп шыға бердім. Оның үстіне басқа шортыларға қарағанда көпке шыдайды. Кей шортылар көп раундтық жекпе-жектерге келмейді. Су тисе қысып тұрғандары босап, салбырап шыға келеді.

-Кәсіпқой бокста екі кездесу өткізгеннен кейін үлкен промоутерлік орталық «Main Events»-пен келісім-шартқа отырдыңыз. Таңдау сізге түсті ме жоқ әлде сіздің таңдауыңыз солай болды ма?. Ганорар жағы қалай?.

— Келісім-шарт бойынша ганорар жағы құпия сақталады. Кәсіпқой бокстағы алғашқы екі кездесуімді көрген «Main Events» проумотерлік орталығының директоры Кэти Дува бес жылдық келісім-шарт ұсынды. Мен қарсылық танытпадым, іздегенімде осы болатын. Содан бері Эгис Климас есімді менеджермен тізе қосып жұмыс істеп келемін.

— Әр жекпе-жекке шапан киіп, қазақы әуенмен шаршы алаңға көтерілесіз. Қазақы болмысты сыртқа шығару деп түсінеміз. Енді басқа да ұлтымыздың қандайда бір ерекшеліктерін осы қатарға қосу ойыңызда бар ма?.

— Әрине ой да бар. Келешекте көре жатасыздар. Мендегі негізгі мақсат – Қазақ елін күллі Әлемге таныту. Әлем чемпионы болғым келетіні де содан. -12 ранудтық жекпе-жектерге қай уақытта көшуіңіз мүмкін?. — Жуық арада емес, рейтинг жинау қажет. Ал келесі жылдан бастап 8-10 раундтық жекпе-жектерге шығамын.

-Бес кездесуіңіз АҚШ-та, біреуі Ресейде өтті. Болашақта өз ұжымыңызбен ақылдасып Қазақстанға жекпе-жек ұйымдастыру ой да бар ма?.

-Әрине өз елімде үлкен бокс кешін өткізгім келеді. Менеджермен ақылдасып та қойғанмын, келешекте рейтинг жақсы болса міндетті түрде Қазақстанда кездесу өткіземін.

-Биыл бес кездесу өткіздіңіз, келесі жылға қандай жоспарыңыз бар?.

— Алла бұйыртса алтыншы кездесуді өткізуді жоспарлап отырмын. Ал келесі жылы да дәл осылай 5-6 жекпе-жек өткізу ойда бар.

-Ағылшын тілінде жақсы сөйлейсіз. Қайдан үйреніп жүрсіз?. АҚШ-қа ешкімнің жетектеуінсіз өзіңіз келіпсіз, бастапқыда қиын болған шығар…

— Ағылшын тілін алғашында білмей бардым. АҚШ-та жүріп тіл сындырдым. Әлі де жаттықтырушыларымның арқасында шет тілін үйреніп жатырмын. Бастапқыда көз көрмеген бәр жер қиынға соғады.

— Қазақстандағы бокста жүрген жандармен сөйлесіп, ой бөлісіп тұратын шығарсыз. Қай бапкерлермен тығыз байланыстасыз?. Ол ағаларыңыз сізге қай тұста, қандай пікір айтты?.

-Қазақстандағы бәр бапкермен жақсы араласамын. Ақылдарын айтып тұрады. Қолдау білдірген жандарға тек қана ризамын.
— Сұхбатыңызға рақмет!.

Тілдескен: Серік ҚАНТАЙ

Сондай-ақ

АНУАР САРИЕВ «ҚАЗАҚСТАН ПАТРИОТЫ» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

  Ануар Сариев «Қазақстан патриоты» медалімен марапатталды. Атыраулық дарынды жас балуан Әнуар Сариевтің татамиде таныла …