ТРАНСФЕРЛІК СЫБЫСТАР. МАНДЖУКИЧ АНГЛИЯҒА КЕЛУІ МҮМКІН

Құрметті оқырмандар, «ДодаСпорт» Сіздердің назарларыңыға футбол әлеміндегі трансферлік сыбыстарды ұсынады.

Хуан Куадрадо («Ювентус»)

«Милан» клубынан бастайық. Италиялық клуб соңғы жылдары футболшыларды тегін алуды дәстүрге айналдырып алған сияқты. «Милан» бұл жолы Хуан Куадрадоны жалға алуды көздеп отыр. Клубтың қазіргі бапкері Монтелла «Фиорентинада» жүрген кезінде Куадрадомен жұмыс істеген. Сол себепті футболшының әлеуетімен жақсы таныс.  Қазіргі уақытта қаржылық қиындықтарды басынан өткеріп келе жатқан клуб үшін бұл да болса оң шешім шығар.

Марио Манджукич («Ювентус»)

Football Italia басылымы Манджукичтің «Вест Хэм» сапына ауысуы мүмкін екенін жеткізді. Хорватиялық футболшыны тағы бір хорватиялық Славан Билич өз командасында көргісі келеді. Бұл сыбыстың басталуына Гонсало Игуаинның «Ювентус» сапына ауысуы себеп болды. Не десекте «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» сол себепті бұл трансфердің жақын күндері аяқталуы да мүмкін.

Милик

Ал «Наполи» болса Гонсало Игуаинның орнына шабуылшы іздеп жүр. Sportitalia басылымының хабарлауынша, «Наполи» «Аякс» футболшысы Аркадиуш Миликқа 20 млн еуро төлеуге дайын. Дегенмен, «Наполи» Мауро Икардиді да өз қатарына алғысы келетінін жасырмады.

Поль Погба

Барша футбол жанкүйерлерін осы трансфер жайлы сыбыстар жалықтырып жібергені рас. Бұл сыбыстың одан ары жалғасуына «МЮ» командасының жаңа жаттықтырушысы Жозе Моуриньо себепкер болды. Британиялық басылымдар «МЮ» Погба үшін 120 млн еуро төлеуге дайын екенін жеткізді.

Аднан Янузай

Аднан Янузай «МЮ» клубын «Сандерландқа» ауыстыруы мүмкін. Себебі, келесі маусымнан басап «Сандерланд» клубын Дэвид Мойес жаттықтырады. Ал Моуриньо жас бельгиялық футболшыны негізгі құрамда ойнатуы екі талай.