Басты бет / Мақала / СУПЕРКУБОК ТАРИХЫ

СУПЕРКУБОК ТАРИХЫ

Үш күннен соң қайта ел футболымен сусындаймыз. Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Астана» футбол клубтары Суперкубокты сарапқа салады. Тағаты таусылып, сарыла күткен жанкүйер үшін бұл — үлкен мейрам. Өткен жылы Премьер-Лига алтынымен қоса, кубоктың бас жүлдесін жеңіп алған «Астана» мен елордалықтарға әбден есесі кеткен «Қайраттың» Суперкубоктағы  кездесуі кезекті, 26-шы маусымның шымылдырығын түрмек.

Қатарынан үш маусым бойы қарсыластарын қапы қалдырып, жеңімпаз атанған «Астана» және осы үш жылда соңына дейін шыдас бермей, тек қола мен күмісті місие тұтқан «Қайрат» үшін Суперкубоктік бәсеке үлкен мәнге ие. Себебі, маусымдағы алғашқы сыннан мүдірмей өтіп, осы турнирдің алтыны мен кубогын жеңіп алу, команда үшін үлкен мотивация. Одан бөлек, осы чемпионатта тұғырдың биігінен көрінуге басты үміткерлер үшін, өзара кім мықтыны анықтау басты мақсаттарының бірі.

Осы ретте сіздерге тоғыз жылдық тарихы бар Суперкубоктың финалдық ойындарын назарларыныңызға ұсынып, тарихтан аз-кем сыр шертпекшімін.

Чемпионат пен кубоктың үздігі атанған екі ұжымның Суперкубокты сарапқа салуы, ең алғаш 1995 жылы ұйымдастырылған екен. Осы ойында Қазақстан чемпионы атанған семейлік «Елімай» Батыс қазақстандық дербиде «Востокты» 2:0 есебімен жеңіп, тарихта Қазақстан Суперкубогын еншілеген алғашқы команда ретінде қалды. Ал Суперкубок финалындағы алғашқы голдың авторы – Андрей Мирошниченко. Осы кездесудегі мергендігімен көзге түскен екінші ойыншы —  Борис Глушков.

Осыдан кейін бұл үрдіс жалғасын таппай, бірнеше жыл бойы Суперкубоктік кездесулер өткізілмеді. Араға 13 жыл салып қайта жалғасын тапты.

Ұзақ жылдық үзілістен соң, осы трофейдің жеңімпазы атанған «Ақтөбе» футбол клубы. 2008 жылы біріншілікте алтынды кеудесіне таққан ақтөбеліктер, Суперкубокта, сол жылдары өздерінің басты қарсыластарына баланған «Тобылды» 2:0 есебімен қапы қалдырған болатын.

Қос команда капитандары

«Тобыл» — «Ақтөбе» 0:2 (0:1)
Голдар: Струков 14 (0:1), Струков 88 (0:2)

Келесі жылыда, қатарынан үш жыл Премьер-Лигада үздік атанған «Ақтөбе» Суперкубоктік матчта «Атырауды» екі гол басымдығымен тізе бүктіріп, екінші алтынын жеңіп алды.

«Ақтөбе» — «Атырау» 2:0 (1:0)
Голдар: Струков 42 (1:0), Аверченко 80 (2:0)

2011 жылы 2 наурызда өткен «Тобыл» «Локомотив» теке-тіресінде, теміржолшылар минималды басымдықпен жеңімпаз атанып, қостанайлық ұжым екінші рет Суперкубок кездесуінде есе жіберген екен.

«Тобыл» — «Локомотив» 1:2 (0:1)
Голдар: Бугаев 15 (0:1), Кислицын 54 (1:1), Бугаев 60 – (пенальти)(1:2)

Бесінші мәрте өткізілген Суперкубок финалында Оңтүстіктің командасы үздік атанды. Сол жылғы чемпиондарды 0:1 есебімен тізе бүктірген кубок иегерлері, алғашқы Суперкубок алтынына қол жеткізді.

«Шахтер» — «Ордабасы» 0:1 (0:0)
Гол: Әшірбеков 58

Әзірге, Суперкубок финалында ең көп гол соғылған ойын ретінде тіркелген «Шахтер» мен «Астана» кездесуі. Аталмыш матчта, сол кезеңде “айдарынан жел есіп тұрған” “кеншілер”мен атауын өзгерткен «Астана» клубтары керемет кездесу өткізіп, 5 бірдей доп соғылған болатын.

«Шахтер» — «Астана» 3:2 (0:0)
Голдар: Байжанов 55 (1:0), Порываев 60 (2:0), Кетевоама 64 (2:1), Остапенко 90 (2:2), Көкеев 117 (3:2)

«Астана» мен «Қайраттың» қатысуынсыз өткен соңғы Суперкубок финалы 2014 жылдың 9 наурызында өткен. 2013 жылғы біріншілікте соңғы чемпиондығына қол жеткізген «Ақтөбе», дәурені бітуге таяп қалған «Шахтерді», бразилиялық шабуылшының жалғыз голының арқасында жеңді.

«Ақтөбе» — «Шахтер» 1:0 (0:0)
Гол: Неко 68 (1:0)

Соңғы екі Суперкубок бәсекесінде, биылғы жылғыдай «Астана» мен «Қайрат» сарапқа салды. Чемпион атанғын астаналықтар, қола медаль иегерлері «Қайратты» ойын соңындағы пенальтиден қапы қалдырды. Бұл кездесуде әлем және Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңінде төрелік етіп жүрген Йонас Эрикссон бастаған швециялық төрешілер қосыны қазылық етті.

«Астана» — «Қайрат» 0:0 қосымша уақыт. 0:0, пен. 3:2
Пенальти: Дарабаев (қақпашы) — 0:0, Шомко (қақпадан жоғары кетті) — 0:0, Маркович (қақпашы) — 0:0, Аничич — 1:0, Риера — 1:1, Каньяс — 2:1, Плиев (маңдайша) — 2:1, Конысбаев (қақпашы) — 2:1, Рудосельский — 2:2, Кетевоама (маңдайша) — 2:2, Калинин (қақпашы) — 2:2, Бейсебеков — 3:2.

Соңғы ұйымдастырылған Суперкубок финалында да, қос астаналық ұжымдар кездесіп, бұл жолы Оңтүстік астаналықтар елордалықтардын айласын асырды. Осы ойында ТМД елдерінен шыққан танымал төрешілердің бірі, өзбекстандық Равшан Ирматов төрешілік етті.

«Астана» — «Қайрат» 0:0, қосымша уақыт 0:0, пен. 4:5
Пенальти: Каньяс — 1:0, Исламхан — 1:1, Аничич — 2:1, Бруно Соарес — 2:2, Щеткин (қақпашы) — 2:2, Риера — 2:3, Максимович (қиыс кетті) — 2:3, Ли (қақпашы) — 2:3, Твумаси — 3:3, Гоу (қақпашы) — 3:3, Бейсебеков — 4:3, Тимощук — 4:4, Мужиков (қақпашы) — 4:4, Тесак — 4:5.

Ендігі кезекті статистикаға берсек. Тоғыз рет өткізілген Суперкубоктік кездесудің екі матчы Алматының Орталық стадионында өткізілген екен. Қалған жеті ойын “Астана Аренада” ұйымдастырылған. 2008-2016 жылғы аралықты алып қарар болсақ, сегіз мәрте өткен Суперкубок финалына 95 800 жанкүйер куәгер болған.

Осы аралықта, соңғы екі Суперкубок бәсекесін және «Елімай» мен «Восток» кездесуін санамағанда Руслан Дузманбетов (Өскемен), Попов, Сүйінов (екеуі де-Павлодар) секілді төрешілер үш бірдей кездесуге қазылық қызмет атқарған. Ал, қызылордалық Жаппасбаев екі ойынға төрешілік еткен.

Үздік сұрмергендерге келсек. Суперкубок финалында екі кездесуде үш доп соққан Сергей Струков («Ақтөбе») бомбардирлер тізімінде көш бастап тұр. Екінші сатыға Суперкубокта «Локоматив» үшін екі гол салған Игорь Бугаев табан тіреген. Ал, Александр Мирошниченко, Борис Глушков («Елімай»), Евгений Аверченко («Ақтөбе»), Александр Кислицын («Тобыл») және Қайрат Әшірбеков («Ордабасы»), Мақсат Байжанов, Андрей Порываев, Жамбыл Көкеев («Шахтер») пен Сергей Остапенко, Фокси Кетевоама («Астана»), Данило Неко («Ақтөбе») секілді аяқдопшылар бір-бір голдан қанжығаларын майлаған.

Материалды дайындаған: Ильяс Сәрсенбай.

Сондай-ақ

ЖАРКО МАРКОВИЧ «ҚАЙРАТ» САПЫНДАҒЫ ЖҮЗІНШІ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ

Сербиялық қорғаушы Жарко Маркович  «Ақтөбеге» қарсы кездесуде «Қайрат» сапындағы жүзінші кездесуін өткізді, деп жазады dodasport.kz …