Қазақстандық теннисші қыздар Федерация кубогы бірінші тобының Азия және мұхит аймағының А тобында екінші ойынында жеңіске жетті. Сөйтіп, финалдық кезеңге жолдама алып отыр.
Алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы Астанада Оңтүстік Корея құрамасын 2:1 есебімен ұтты. Жеке сайыста Галина Воскобоева екі сетте На-Лэ Ханды 7:5, 6:1 есебімен жеңсе, Ярослава Шведова екі сетта Су Джеонг Джангтан 5:7, 2:6 есебімен ұтылды. Кездесудің тағдыры жұптық сайыста шешілді. Воскобоева мен Шведова жұбы шешуші ойында На-лэ Хан мен Ким На Ри жұбын екі сетте 6:2, 6:4 есебімен ұтып, алғашқы жеңісімізді еншіледі.
Екінші жарыс күні Тайланд теннисшілерін 3:0 есебімен таза ұттық. Галина Воскобоева екі сетте Ничу Лертпитаксинчайды 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева да қарсыласы Луксику Кумхумді 6:1, 6:3 есебімен оңай жеңді. Жұптық сайыста Ярослава Шведова мен Камила Керімбаева қарсыластары Камонван Буаям мен Пеангтхан Плипхечті 6:2, 7:5 есебімен ұтты.
Ертең құрамамыз «В» тобында жеңіске жеткен Жапон қыздарымен күш сынасады.