Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов бастаған жұмысшы топ Қызылорда облысына келді.
Олимпиадалық комитет өкілдері өңірдегі олимпиадалық спорт түрлерін дамыту жағдайымен танысу барысында Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны», «Евразия», «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионның қайта жаңғыртылу жұмысы және қосалқы алаңымен, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, Ж. БаҺадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты-колледжі, №1, №2, №4 және №6 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептерінің, «Қайсар» ФК-нің Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарындағы спорт мекемелерінің жұмысымен танысты.
Сапар аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов пен ҚР ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовты қабылдап, өңірдегі оң өзгерістермен бөлісті.
Қазіргі күні облыстағы 8453 спорттық секцияның 5404-і немесе 64 пайызы олимпиадалық спорт түрлерін қамтиды. Осы секцияларда 129 мың адам шұғылданады, ол – өңірдегі дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың 61 пайызын құрайды.
Облыстағы спорт түрлері секцияларын 4198 жаттықтырушы жүргізеді оның 2575-і, немесе 61,3 пайызы олимпиадалық спорт түрлерін қамтиды.
Жоғарғы білікті спортшыларды дайындаудың тиімділігін арттыру мақсатында 65 спорт түрі саралаудан өткен, оның ішінде 25 олимпиадалық спорт түрі сараланып, «А», «Б», «С» топтарына бөлінген.
Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында, үстіміздегі жылы қайта құрылған олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, Олимпиадалық резерв даярлау орталығы, 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, 4 кәсіби спорт клубтарымен қатар, 22 аккредиттеуден өткен спорт түрлерінің федерациялары жұмыс жасайды.
Айта кетейік, 18 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Джакартада (Индонезия) жазғы Азия ойындарына облыстан 18 спортшы, 2-13 қазан аралығында жазғы Пара Азия ойындарына 9 спортшы және 6-18 қазан аралығында Буэнос-Айрес қаласында (Аргентина) өтетін жасөспірімдер Олимпиада ойындарына 4 спортшы қатысады.
Бүгінде өңірде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны – 211271 адамды, немесе жалпы тұрғындар үлесінің 27 пайызын құрап отыр.
Облыста саланың материалдық-техникалық базасын жақсартуға байланысты жұмыстар тұрақты қолға алынған.
Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қазалы ауданы Жанқожа батыр, Жалағаш ауданы Мәдениет, Сырдария ауданы Ақжарма, Шиелі ауданы Еңбекші, Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылдарында және Арал ауданының Сексеуіл және Қармақшы ауданының Төретам кенттеріндегі спорт кешендері үстіміздегі жылы пайдалануға берілді.
Қызылорда қаласындағы Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылды.
Қызылорда облысындағы жұмыс сапарын сала мамандарының қатысуымен өткен мәжілісте қорытындылады.
Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов мәжіліске қатысушыларды Ұлттық Олимпиадалық Комитет қызметінің жаңа бағыттары мен олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға байланысты қабылданған шаралармен таныстырды. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов облыста спорттың дамуы жайлы баяндады.
DodaSport | Әлем және Қазақ спорты Спорт