Әлемдік теннисшілер рейтингісі жарияланды. Әйелдердің орны жақсы болғанымен, ерлеріміз екі жүздіктің арғы жағында қалып қойған.
Әйелдер теннисінің қауымдастығы (WTA) өз рейтингісін жаңартты. Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева үш сатыға жоғарылап, өз мансабында тұңғыш рет 33-ші орынға көтерілді. Ол өткен аптада қытайлық Уханьде өткен турнирдің екінші айналымында америкалық Винус Уильямске жол берген еді. Еншісінде 1445 ұпай.
Ярослава Шведованың да жағдайы жаман емес. Уханьде өткен турнирде үшінші айналымға дейін жеткен Яра 39-шы орынға жоғарылады. Еншісінде 1322 ұпай. Елбасына үздіктердің қатарына кіремін деп уәде берген Зарина Диас жарақатына байланысты үздік жүздіктен қол үзіп кетті. Ол 399 ғана ұпаймен 145-ші орында.
Әйелдер арасындағы теннисшілер тізгіні Германиялық Ангелика Кербердің еншісінде. Ол 8485 ұпай жинап үлгерген.
Ерлер арасында Михаил Кукушкин 654 ұпаймен 88 орында. Қалған теннисшілеріміз 200-дің арғы жағында: Александр Недовесов 265, Андрей Голубев 231, Дмиртий Попко 264.