Басты бет / Без рубрики / ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ҮЗДІКТЕРІ

ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ҮЗДІКТЕРІ

Наурыз айынан бастап, қазанға дейін қазақ футболының жанкүйерлеріне түрлі эмоциялар сыйлаған футболдан Қазақстан Премьер лигасының 25-ші маусымы мәресіне жетті.

Бұл чемпионат тартысқа толы болды. Футболшыларда ысылғандай. Тасада қалып жүрген таланттар жарқ етіп, осал еместігін дәлелдеді. Командасының тасын өрге сүйреген мықтыларды да кездестірдік. Ендігі біріншіліктің «үздік 11 ойыншысын» анықтап, жылдың «үздік командасын», клубына жан-тәнімен беріле ойнаған «үздік легионерді», маусымның «ең үздік ойыншысын» және тізгін ұстаушы «үздік бас бапкерді» анықтауға кезек келгендей.

Команданы бүтін бір жүйе деп есептесек, соның жарты жүгін өзіне алатын «қырағылардан» бастасақ. Соңғы екі жылда жоғары деңгейдегі қақпашылардың саны артты. Ұлттық құрамадан Александр Мокин, Сидельниковтерді ығыстырып шығарған жас өрендеріміз жетерлік. Маусым басталмай тұрып Плотников, Эрич, Лория үштігі өзара үздікті сарапқа салады деп күтілген. Кейінірек бұл тізімге Джанаевтың көлеңкесінде қалып қойған Покатиловта қосылды. Дегенмен, екінші айналымнан бастап үміткерлер қатары сирей түсті.

Тәжірибелі Давид пен алматылықтардың нөмірі бір қақпашысы Плотников жарақат алуына байланысты, біріншілікті соңына дейін өнер көрсете алмады. Осыдан соң, «Астана» мен «Қайратқа» жағаласып, Эрич пен Покатилов бақталасы бастала кетті. Алғашқысы елордалық команданы жинақтай білетін, алаңдағы бапкер қызметін атқаратын капитан. Соңғысы, Орал футбол мектебінің түлегі, жастардан ұлттық құрамаға ауыса салысымен, негізгі қақпашы қызметін ешкімге бермеген, Ресей біріншілігінің күміс жүлдегері. Ұзақ ойлана келе, Ненад Эричті үздік деп таптық. Осындай қарқынмен дами берсе, Стас ендігі жылы ешкімді алдына салмайтындығы анық, ҚПЛ-да қалса, әрине.

Алаңда кез келген допқа таласа кететін, шабуылға да, қорғанысқа да көңіл бөлетін «еңбекқорлар» төртігіне ойыссақ. «Үздік қорғаушылар» шымылдырығын екі айналымда қос клубта өткізген — Ғафуржан Сүйімбаев ашып тұр. Әмбебап қорғаушы соңғы жылдары «Ордабасы» намысын аянбай қорғап, қысқы трансферлік терезеде «халық командасының» сапын толықтырды. «Қайратты» жатсынбай, оңтүстік алматылықтар жейдесіндегі алғашқы минуттарынан бастап-ақ жасыл алаңда белсенді болды. Талаптының талпынысын таныған Талғат Байсуфинов, Сүйімбаевты жиі алаңға шығаруда. Еліміздің үздіктерінің басы қосылып, құраманың 2016 жылғы соңғы матчында Дания қақпасына қақырата соққан голы, мықтылығын дәлелдейді. Әлбетте, Шомконыңда бұл орынға дәмесі зор. Дегенмен, биыл Ғафуржан жарады.

Сүйімбаевқа қарама-қарсы қапталдағы үздікті анықтау жеңіл болған жоқ. 8 ай бойы оң қапталда ойқастаған, басқаларынан бір бас жоғары тұрған футболшы жоқтың қасы. Бізде екі нұсқа бар. Біреуі — «Ертісте» тәп-тәуір доп тебіп жүріп, ұлттық құрама кездесулерінде шалыс басатын Елдос Ахметов. Екіншісі — Қуантаевтың қатардан шығып қалуына байланысты командаласының бар міндетін өз мойынына алған Исламбек Қуат. Ойлана келе, бұл позицияға алғашқысының бәсі жоғары деп таптық. Келер маусымнан бастап екі футболшы бір ұжымның намысын қорғайды. Украиналық ардагер Анатолий Тимощуктің «Қайраттан» кетуіне байланысты, алдағы біріншілікте Исламбекті жаңа қызметте көріп қалуымыз ықтимал.

Тау қозғалсада тапжылмайтын, сұңғақ бойлы, ірі денелі орталық қорғаушылар арасында мықтыны анықтасақ. Алаңдағы аталмыш орындарға сөзсіз Марин Аничич пен Жарко Маркович лайықты. Өткен маусымда Чемпиондар лигасы, биылғы жылы Еуропа лигасының іріктеу турнирінде бақ сынап жүрген босниялық, тек «Астанамен» ғана жетістіктерге жетпей, ұлттық құрамасына да шақырту алып жүр. Бірден негізгі қорғаушы атанбасда, арагідік ойынға араласып қояды.

Қазақстандық жанкүйерлерді алсақ та, футбол мамандарларының пікіріне құлақ ассақ та, қазіргі таңда ҚПЛ-да серб Жарко Марковичке тең келер қорғаушы жоқ. Келер жылы бразилиялық әріптесі Бруно Соареспен қайта жұп құрап, шабуылшылардың аяғын тұсап, тырп еткізбесі анық.
Жасыл алаң ортасындағы үштікке кезек берсек. Тізіміде тіреуші жартылай қорғаушы қызметіне — Серж Бандо Нганбе жайғасты. Рохер Каньяс, Анатолий Тимощук секілді атағынан ат үркитін шеберлер жетерлік болсада, осыдан 3-4 жыл бұрын «Ақжайықпен» Бірінші лигаға бір түсіп, бір келіп жүрген «Оқжетпестің» чемпионатта биіктен көрінуіне бірден-бір себепкер осы аяқдопшы. Қаражаты қомақты болмаса да, көкшетаулықтардың 5-ші сатыға табан тіреп, қолаға қол созым жерге жеткені үшін, 9 голдың авторы атанған Серждің еңбегі ерен.
Кездесуде қорғаныс пен шабуылды байланыстыратын «алтын көпір» іспеттес теңбілдоп шеберлерімен таныс болсақ. Кәрі құрлықтың белді клубтары көз қиығын сала жүретін, жастар арасындағы әлем чемпионы — Неманья Максимович пен талай тарланның томағасын сыпырған, тоқсан минутта титықтамай техниканың тармақтарын тәрбиеленушінің талабына қарай, санасына тоқытатын тарихы терең «Тараз» академиясының түлегі — Бауыржан Исламхан жайғасып отыр. Неманьяның жақын уақыттарда клуб ауыстыруы бек мүмкін. Өз кезегінде Алматы жұртшылығының сүйіктісіне айналған Исламхан командасымен келісім-шартын 2019 жылға дейін ұзартты.

Қақпашы, қорғаушы мен жартылай қорғаушыларды жіліктеп, тиесілі орындарына жайғастырдық. Ендігі әңгіме, аш бөрідей ұрымтал сәтті тосатын, реті келгенде тапа бас салатын шабуылшы хақында болмақ. Шабуылдың оң және сол қанатына керекулік ұжымды алға сүйреген Карлуш Фонсека мен Роман Мұртазаев жайғасты. Бірі команда үшін таласа білетін ойыншы болса, енді бірі, сұрмергендік түйсігі керемет, маусым бойына 18 допты қарсыластар қақпасына тулатқан тума талант. Португалдық кубоктың жартылай финалында жас әріптестерімен мүйізі қарағайдай қарсыластарының арқасы терлеуіне себепкер болды. Түйе үстінде отырып орақ орғалы келген «Астана» футболшыларын әбден састырды.
Маусым аяқтала салысымен Роман Мұртазаев «Астана» футбол клубымен 3 жылдық келісімге қол қойды.

Өткір шабуыл өтінде бір сөзден — Жерар Гоудың шеберлігіне бас идік. Кот Д’ Ивуарлық уәдесінде тұрып, өткен маусымдағыдай «алтын бутсыны» қанжығасына байлады. Гоу 22 мәрте қарсылас команда қақпашысының допты өз қақпасынан еріксіз алып шығуына себебкер болды.

Осындай 1-4-3-3 жүйесінде құрылған команданың тізгінін «Қайрат» бапкері Кахабер Цхададзеге бердік. Грузиндік маман алматылықтарға келісімен барлығын өз қолына алып, аз уақыт ішінде «Қайраттың» қарымдылар қатарынан қосылуына ат салысты.

Маусымның «ең үздік ойыншысы» ретінде «Қайрат» клубының капитаны Исламхан танылып отыр. Бауыржан бұл номинацияда екінші жыл қатарынан үздік атануда. Ал, өзге елде туылып, қазақ топырағында футбол ойнап жүрген легионерлер арасында, «Зенит», «Арсенал» секілді командалардың қатарында ойнаған, бір кездері «алтын допқа» үміткерлер тізімінде болған — Андрей Аршавиннің өнеріне тәнті болып, ресейлікті «үздік» деп таптық.

 

Мақала авторы: Ильяс Сәрсенбай

Сондай-ақ

БОТСВАНАЛЫҚ БОКСШЫ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН АЛҒАН ЖАРАҚАТЫНАН КЕЙІН ҚАЗА ТАПТЫ

Ботсвана елінің кәсіпқой боксшысы Герберт Нкабити жекпе-жекте алған жарақатынан қаза тапты. Ауруханада бірнеше күн жатқан …