Басты бет / Мақала / ҮМІТІМІЗ СЕНДЕРСІҢДЕР — 18

ҮМІТІМІЗ СЕНДЕРСІҢДЕР — 18

Қазақстан футболының соңғы жылдардағы аяқ алысы жаман емес. Қарыштап дамымасақ та, адымдап, жаңа белесті  бағындырып жатырмыз. Жасөспірімдер мен жастар футболында мардымды жұмыстар жүргізіліп, қазіргі аға буынның орнын басатын лайықты ізбасарлар жасақталуда. Үміт артып отырған оғландарымыз, жерге қаратпай, қолдан келгенше мерейімізді үстем етуде. Мәселен, жақында ғана Ресейде өткен “Гранаткин Мемориал“  турнирінде керемет нәтижеге қол жеткіздік. Дауға толы болса да, “Президент кубогындағы“ жеңісіміз тағы бар. Бұған, алматылық «Қайрат» жастарының Еуропадағы жетістігін қосыңыз. Енді осылардың барлығын рет-ретімен жіліктеп, саралап көрелік.

“Ат үсті“ қараған қарсыластарынан айласын асырып, финалға дейін жеткен 18 жасқа дейінгі футболшыларымыздың “тосын сыйынан“ бастасақ. Қаңтардың басында бастау алған турнирге алыс-жақын көршілерімізден 16 команда қатысқан болатын. Жылда қатысушылар қатарынан көрінетін ұлттық құрамамыз, бұл жолы да қалыс қалмады.

Қазақстанның 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы мен бапкерлік құрамы.

Бір жыл бұрын үмітімізді арқалап, солтүстіктегі көршілерімізге аттанған жастарымыздың ойыны көңіл көншітпей, турнирлік кестенін түбінен табылған еді. “ Осы жолы қалай болар екен?“,-  деп біз тостық. Ол кезде жиырмадан асқан, сүйегі қатайған ойыншыларымыздың өзі қарсыластарынан әбден опық жеп еді, он алтыға толмаған жасөспірімдеріміз, екі жас үлкендігі бар “ағаларымен“ қайтпек деген қорқыныш һәм сенімсіздік сезімі санада жауабын таппай, беймаза күй кешкені жасырын емес. Дегенмен, ел үмітін санаға сіңіріп, көңілге тоқыған ұландарымыз ерледі. “С“ тобында бақ сынап, топтан бірінші орынмен шықты. Күдік сейіліп, плей-оффтан ары асса деген үміт оты біліне бастады. Словенияны “бұйым құрлы“ көрмей, жартылай финалда гректерді алып ұрды. Таңданыстың буымен, “Ресей, қайдасың?! “ деп финалдан бір-ақ шықтық. Ақтық сынға дейінгі ұзақ жолда команданы өрге сүйреп, жастықтың жалыны көздерінде оттай жанған: Талғат Кусяпов, Айдос Орал, Еркебұлан Сейдахмет, Жан-Али Пайруз, Димаш Қашкен сынды аяқдопшыларымыздың өнері, халық арасында жырдай жатталып, таңданыспен айтылды.

Словакия — Қазақстан 0:0 кездесуінің үздік ойыншысы — Талғат Кусяпов.

Қызығы мен шыжығы қатар болған аламанның шешуші ойыны көңілден шықты, алайда, таразы басы орыстар жағында қалды. Аузынан шүкірі түспейтін халықпыз ғой. Осығанда тәубә десіп, жастарымызды көкке көтердік. Алтынның  ауылы алыс емес  еді, дегенмен жартылай финалда «Шахтер» академиясының өкілі Жан-Али Пайруздың қызыл қағаз алып, финалдан шет қалуы, мақсатқа жарты қадам қалғанда «Астана» командасы құрамамыздың капитаны Димаш Қашкен мен бір қатар ойыншыларды оқу-жаттығу жиынына шақырып алуы, Александр Кузнецов үшін бас қатырарлық мәселе болды. Дегенмен, тізімдегі ойыншыларды жоқтан бар жасап,алаң иелерінен кем түспеді.

Күміс медальға тоқпейілсінбей, жарыс қорытындысы бойынша екі бірдей номинацияны қанжығамызға байлай кеттік. Командаластарынан бір бас алда жоғары, ойын мәнері қалыптасқан -Айдос Орал, турнирдің “үздік жартылай қорғаушысы“ атанды. “Гранаткин Мемориалы“ бағын ашқан, шабуылшылық түйсігі қалыптасқан Еркебұлан Сейдахмет жарыстың “үздік шабуылшысы“ атағын еншіледі.

Аталмыш біріншілік, құрама ойыншыларының мансабындағы жарқын сәттердің бастамасы екендігі анық. Кеңінен көсілген, қауқарын толығымен дәлелдеген жігіттерді  Қазақстан Премьер-Лигасында жақын арада көріп қалуымыз ғажап емес. Себебі, маусым басталмай жатып, бірқатар теңбілдоп шеберлері төл клубтарымен мансабындағы алғашқы келісім-шартына отырды. Премьер-Лига ойындарында жиі сынға түспеседе, Екінші Лигада тұрақты түрде ойынға араласуы хақ.

Мемориалдан кейінгі, дүйім жұртты дүр сілкіндірген басты жаңалыққа кезек берсек. Петерборда өткен жарыстан соң, «Зенит» командасының селекционерлерінің көзіне іліккен Еркебұлан Сейдахмет ресейлік ұжым қатарына қосылды. Алғашында қарамылда болып, жаттықтырушылардың көңілінен шыққанымен, «Зенитпен» толыққанды келісім жасалмады. ФИФА-ның жасөспірімдер футболы жайлы ережесінде 18 жасқа толмаған жасөспіріммен екі тараптық келісім жасауға болмайтындығын алға тартып, жоспарланған келісім-шарт бел ортасынан шорт үзілді. Алайда, бұл Еркебұлан қайта «Монтажникке» оралады деген сөз емес. Тараздық талант, қазіргі таңда «Зенитпен» бірге Италияда өткелі тұрған «Viareggio Cup» турниріне дайындық үстінде. 21 жасқа дейінгі 40-қа жуық команда өкілдерінің басын қосқан доп додасына, біздің Еркебұланда қатыспақ. Бразилия, Аргентина, Италия секілді футбол алпауыттарының, Еуропадағы: Нидерланд, Чехия, Хорватия, Бельгия, Ресей және де Канада, Колумбия, АҚШ, Грекия мен Африка құрлығынан Конго, Нигерия сияқты футбол өнері қарыштап дамыған елдердің футбол клубтарымен кім мықтыны анықтайтын чемпионат, енді ғана үлкен футболға аяқбасқын жас шабуылшымыз үшін, тамаша мүмкіндік екендігі сөзсіз.

“Гранаткин Мемориалының “ қызығына батып, тәмәмдағаннан соң, жыл сайын ұйымдастырылатын “ҚР Тұңғыш Президентінің Кубогына “ ойыссақ. Бұл турнирдың өткізілуі үрдіске айналғалы қашан. Бірнеше мемлекеттің жасөспірімдер немесе жастар құрамасының басын қосатын халықаралық жарыс. Арагідік, клубтар арасында да өткізіледі. Бұл турнирде бізге тұрақтылық жетіспейді. Дегенмен, үздік бестіктен ойып тұрып, орын алып жүрміз. Ішкі біріншілікте өнер көрсетіп жүрген футболшылардың біразы, дәл осы турнирден түлеп ұшқан. Солардың бірі «Цесна-94» құрамында жасындай жарқыраған Виталий Ли. Әлеуеті жоғары ойыншы, өзінің спорттық деңгейін осы жұмалық турнирде дәлелдеп үлгерген. Одан бөлек, шекара асып, өзге чемпионатта доп тебіп келген Ринат Хайруллин мен «Астана» қатарында жүрген Абай Жүнісовте “Президент Кубогының“ қатысушысы.

Өткен жылы да федерация тарапынан қолдау тауып, қатысушыларды құшағын аша қарсы алды. Алғашқы рет Шымкентте өткізілген турнирде Мәди Жақыпбаев бастаған жасөспірімдеріміз алтынды кеудесіне тақты. Футбол Федерацияның бұрынғы президенті Ерлан Қожағапанов мырза осы жолы да басы даудың ортасында қалды. Кезекті былығында, “Президент Кубогына“ өзге елдердің футболмен әуесқой түрде айналысатын балаларды шақыртып, Қазақстан құрамасына көмектесіпті-мыс. Дегенмен, ешқандай өзгеріссіз, футболшыларымыз чемпион атанды.

«Президент Кубогының» жеңімпаздары — Еркебұлан Сейдахмет пен Димаш Қашкен.

“Гранаткин Мемориал“ турнирінде адуынды қарсыластарына опық жегізген жігіттеріміздің басым көпшілігі осы жарыста ел намысын қорғаған. 2015 жылы Астана төрінде жалауын желбіреткен додада, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Испания, Әзірбайжан, Грузиядан кейінгі төртінші орыннан көрінген. Сол турнирдегі біздің құраманың басым көпшілігі 2000 жылғы жасөспірімдерден құралған еді. Арасында бірен-сараңы 1998 жылы дүниеге келген. Осыны ескере отырып, біздің жігіттер өздерінен айтарлықтай үлкендігі бар қарсыластарынан қаймықпай, тек оң нәтижемен қуантуда. Ресейде өткен “Гранаткин Мемориалында“ да осы жігіттер тер төкті.  Құрамда азды-көпті өзгерістер болды. Алайда, ұлттық құраманың тасының өрге домалауына өз себтіктерін тигізген сол жақ қорғаушы – Талғат Кусяпов, команда капитаны – Дінмұхамед Қашкен, Жартылай қорғаушылар: Мұхит Жақсылық, Айдос Орал, шабуыл шебіндегі Еркебұлан Сейдахмет пен Жан-Али Пайруздер 18 жасқа толмаған еді. Міне, өздерінен жасы үлкен, тәжірбиесі толыққан қарсыластарын тізе бүктіріп, жарыс сайын жүлдемен оралатын құрамамыз осы – 18 жасқа дейінгі жасөспірімдеріміз.

Ұлттық құрама ерліктерін аяқтап, клубтық турнирге кезек берсек. Биыл «Қайрат» жастарының Еуропада біраз жерге жеткендігі сізбен-бізге мәлім. Кәрі құрлық командаларының мысын басып, оңтүстік астаналық ұжым жанкүйерлерінің мерейін үстем етті. Тек, плей-оффтан асқанда австриялық «Зальцбургтен» ойсырай ұтылғаны көңілімізге қаяу түсірді. Дегенмен, Екінші Лигада ойқастап, аяғының желі бар футболшылар мен техниканың құдіретін бойына сіңіруге асық «Қайрат» академиясының тағы бір өкілдері “халықтық команда“ жанкүйерлерінің айызын қандырды. Енді осы маусымнан бастап, Бірінші Лига қатысушыларына ауыз сала бастайды. Республика көлемінде түрлі жас ерекшеліктері бойынша өткізілген жарыстарда топ жарып, не болмаса үздік үштіктен көрініп жүрген «Қайраттың» түлектері, Олег Литвиненко, Вахид Масудов, Нұркен Мәзбаев, Мұрат Тілешов, Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаев секілді аяқдопшылардың томағасын сыпырған, еліміздің футбол ұстаханасы «Тараздың» орнын басқандай. Әзірге, «Қайрат» академиясы қарқынды жұмыс істеуде. Сапалы футболшылардың көлеңкесі көрінгендей. Бірер жылда Тимур Рудосельский, Нұрлан Дайыров, Ойбек Балтабаев, Ділшат Мұсаев секілді ойыншылардың қарасы көбейіп, топ-тобымен шығар деп сенеіміз. Ендігі мақалам осы тақырыпта болмақ. Сайтты оқи жүріңіздер.

«Қайрат» клубының 19 жасқа дейінгі құрамасы.

 

Мақала авторы: Ильяс Сәрсенбай.

 

Сондай-ақ

ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН ДЖЕЙКОБСТЫ ҰПАЙ САНЫМЕН ЖЕҢДІ

Ұлы даланы шаршы алаңда танытқан өршіл елдің жүректі оғланы Геннадий Головкин отыз жетінші кездесуін өткізді. …