2020 жылы Токиода жазғы олимпиада ойындары өтеді. Біз үміт күтетін спорттың бір түрі грек-рим күресі екені баршаға аян. Себебі, 1980 жылы Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров осы күрес түрінен Олимпиада алтынын жеңіп алған еді. Атланта Олимпиадасында Юрий Мельниченко жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Оның сыртында бірнеше дүркін әлем чемпионы Дәулет Тұрлыханов тағы бар. Бірақ, қазір қазақтың оң жамбасына келетін бұл күрестен көрсеткен көрсеткіштер көңілді көншітпейді. Дегенмен жасындай жарқыраған біздің кейіпкеріміз мамандардың назарын өзіне аударып, болашағынан зор үміт күтуге болатынын байқатты. Жақында Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында, ақтық сынға дейін ешкімге дес бермеген Айдос батырмен әңгімелескен едік.
– Айдос жақында ғана ересектер арасындағы алғашқы додаңа, ел чемпионатына қатысып, күміс жүлдені еншіледің. Чемпион болуға не жетпеді?
– Ересектер арасындағы алғашқы жарысым болғандықтан, бұл жарысқа өте тыңғылықты дайындалдым. Алғашқы айналымда алматылық Асланнан айламды асырсам, екінші белдесуімде Алматы облысының намысын қорғайтын Бауыржан Жұматаев ағамызбен шықтым. Əдіс жасау барысында қарсыласым ауыр жарақат алып, белдесуді жалғастыра алмады. Сосын Ақмола облысының оғланы Дамир Зарлыхановпен жолым түйісті. Белдесу қиын болады деп ойлағанмын, бірақ тасым өрге домалап, уақытынан бұрын жеңіске қол жеткіздім. Ал жартылай финалда жергілікті балуан Жолдыбай Тоқтыбаевқа иықтан асыра лақтыру мен жамбас əдісін жасап, айламды асырдым. Ақтық айқас Ақтөбенің намысын қорғайтын, мелжемді балуандардың бірі, Азия чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұловпен болды. Алғашқы кезеңде барынша жинақы күресіп, өз пайдама шештім. Дегенмен екінші кезеңде сəл босаңсып, аздаған қателіктерге бой алдырдым. Ал қарсыласым өз кезегінде бұл қателікті ұтымды пайдаланып, 4 ұпайлық əдіс жасап кетті. Жалпы екінші кезеңде де жинақы, босаңсымай барынша сақ күрессем, жеңіске жетер едім. Спортта бір ғана қателік шүмектеп төккен теріңді құмға сіңген судай қылуы мүмкін. Бұл жеңіліс маған сабақ болды жəне осы додадан түйгенім көп.
– 2016 жылы жастар арасында Манилада өткен Азия чемпионатында топ жарып, көк туды желбіреткен едің. Осы бəсекеге тоқталып кетсек…
– Азия чемпионатының алдындағы оқу-жаттығу жиынын жоғары дəрежеде өткіздік. Бірақ осы оқу-жаттығу жиынында тіземнен жарақат алып қалдым. Боранбек ағайым дəрігерлерге апарып, ем-домын жасап, жарақатымнан əрең айықтым. Жарысқа аттанарға екі күн қалғанда да тобығымды жарақаттап, Манилаға жарақатыммен аттандым. Дегенмен белдесу барысында жарақатқа мəн бермей, боз кілемде жанымды салдым. Алғашқы кездесуімде тайпейлік балуанды мерзімінен бұрын ұтып, екінші айналымда да кəріс спортшысынан айламды оңай асыра алдым. Ақтық айқас үшін жолдаманы қырғыз балуанымен сарапқа салдым. Қырғыз балуаны барын салып белдескенмен, қателіктерін мүлт жібермей, жеңісті жұлып алдым. Ал ақтық айқаста ирандық спортшымен болған белдесу тартысты өтті. Қарсыласымның бойы ұзын, ыңғайсыздығына қарамастан бар күшімді салып айқастым. Бойын билей алмаған ирандық балуанның қателігін ұтымды пайдаланып, Дəулет ағамыз шебер жасайтын жамбас əдісін жасадым. Жеңіс тұғырына көтеріліп, көк туымыз желбіреп, əнұранымыз шырқалғандағы бастан кешкен сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Өзге елдердің жанында туымыз биікте тұрғанда кеудемді қуаныш кернеп, жүрегім атша тулады.
– Қандай балуандардың күресі ұнайды? Кімді үлгі тұтасың?
– Ең алдымен өзінің ерекше күресімен, қайталанбас болмысымен əлемді мойындатқан, талантымен таңдай қақтырған Шəміл Серіков ағамызды үлгі тұтамын. Əрине, бұл кісінің күресін көзбен көрмесем де, бейнебаяндардан көргенімдей, атағынан ат үркетін небір Олим- пиада чемпиондарын екі минуттың ішінде тас-талқан еткенін көріп қайран қаламын. Шəміл ағамыздың жеткен жетістіктеріне қол жеткізіп, қазағымның абыройын асқақтатуды аңсаймын. Одан бөлек Дəулет Тұрлыханов ағамыздың күресіне тəнтімін. Дəулет ағамыздың өзіне тəн, ерекше шебер жасайтын жамбас əдісіне ешкім төтеп бере алмаған екен. Дəулет ағамыздың өмірбаяны туралы оқып, көзіме жас алған едім. Əлемдік аренада өтіп жатқан бір додада Дəулет ағамыз қарсыласына тушеге (жауы- рыны жерге 10 секундтан артық тию, таза жеңіс) түсіп қалады. Сонда камера дəл Дəулет ағамыздың жанына келіп, бозкілемде жатқан түрін жақыннан түсірсе керек. Камераның өзін түсіріп жатқанын көрген Дəулет ағамыз «менің жеңілісімді бүкіл қазақ көреді ғой» деп намыстанып, атып тұрып қарсыласының өзін тушеге қойып тастаған екен. Дəулет ағамыздың бұл əрекетінен үлкен ғибрат алуға болады. Сонымен қатар Нұрбақыт ағамыздың күресу мəнеріне қызығамын. Нұрбақыт ағамыздың кочергасы жəне төрттағанда жасайтын накат əдісі ерекше ұнайды. Қазіргі күресіп жүргендердің ішінен əлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Алмат ағамызды үлгі тұтамын жəне ол кісіден біздің үйренеріміз көп.
– Спортпен айналысуыңа кім себепкер болды?
– Əкем екінші сынып оқып жүргенімде каратэ спортына беремін деген болатын. Бірақ аулада бірге ойнайтын достарым Бағдат пен Ислам «күреске барып жүрміз, бізбен бірге қатыссаңшы» деп өздерімен бірге күрес залына апарды. Əкем каратэге берем дегеннен кейін, менің бар ойым сол спортта еді. Ақыры əкеммен ақылдасып, күреске қатысатын болып шештім. Қыркүйектің кезінде бір топ баламен бірге мен де күрес залының табалдырығын аттадым. Жаттықтырушының ұзақ тергеуінен өткен соң ғана жаттығуға кірістік. Алғашқы жаттығуымнан бастап, бапкеріміздің көзіне түсіп, мақтауын ести бастадым. Əкемнің бала күнімнен спортқа машықтандыруы кез келген əдіс-тəсілді тез үйренуіме, үлкен спортқа лезде сіңісіп кетуіме пайдасын тигізді. Мені күреске əкелген достарым спорттың бұл түрін тастап, ат спортының түрлеріне қатыса бастады жəне мені де өздерімен қоса ертіп апарды. Сөйтіп ат спортына да, күреске де қатысып жүрдім. Бірақ ат спортына деген қызығушылығым соншалық, кейде күреске кеттім деп ипподромға кетіп қалатынмын. Бапкерім менің шабандоз екенімді, ат спортына қатты қызығушылық танытып жүргенімді біліп, əкеме дарынды балаларға арналған спорт мектеп- интернатына жіберуге кеңес береді. Əкем 7-сыныпты бітіргеннен соң, Петропавл қаласындағы спорт мектеп-интернатына оқуға жібереді.
– Бапкерлерің кім?
– Күреске алғаш келгенде, осы спорттың қыр-сырын, небір айла-тəсілдерін үйреткен Райымбек Ғабиден ағайым болатын. Спорт мектебіне түскелі бері менің жаттықтырушым Сералы Викторович осындай дəрежеге жетуіме үлкен үлес қосты. Қазір грек-рим күресінің ережесі өзгергені барша спорт жанкүйерлеріне аян болу керек. Сол ережеге бейімделуді, қолда қалай жұмыс істеу керек екенін, қарсы əдісті қолданудың қыр-сырын Петропавл қаласындағы бапкерлерім үйретті. Əр спортшының өмірінде бапкерлердің алатын орны орасан зор. Менің де томағамды сыпырып, үлкен додалар да топ жарып жүруім бапкерлерімнің еңбегінің нəтижесі деп ойлаймын.
– Жар таңдауға уақыт бар ма?
– Мен Қызылорда облысының тумасымын. Ата-анам елуді еңсерген жандар. Əкемнің есімі Сұлтанғали, ал анамның есімін бұрындары өмірде болған батыр қыздың құрметіне Априза деп атапты. Отбасында менен бөлек төрт əпкем бар, үйдің кенжесі əрі жалғыз ұлмын. Екі əпкем тұрмыс құрған, ел үшінші əпкем екеуміздің жолымыз ашық. Болашақта ата-анама жақсы келін болатын, иманды, бойына қазақы құндылықтардың бəрін сіңірген қарапайым қызды қолыма қондырамын деп ойлаймын.
– Алға қойған мақсаттарың қандай?
– Ең басты мақсат, əрине, олимпиадада топ жарып, көк туды желбірету. Алдағы айда өтетін Азия жəне əлем чемпионаттарына қатысу-қатыспауымды нақты білмеймін. Ал келесі жылы Алла қаласа Азия ойындарына қатысып, алтыннан алқа тағуды мақсат етемін. Əрине, бұл жетістіктерге жету үшін аянбай еңбек етіп, шүмектеп тер төгу қажет. Бұл үлкен қажыр мен қайсарлықты талап етеді. Алла қаласа, Токио төрінде топ жарып, атымды тарихта қалдыруды көздеймін.
Дəурен ТҮЛКІБАЙ
(“Ақ желкен”,№4) zhasorken.kz