Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / МУДЖУДАҒЫ «МАЙДАН» ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ТАЕКВОНДОШЫЛАРЫН АНЫҚТАЙДЫ

МУДЖУДАҒЫ «МАЙДАН» ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ТАЕКВОНДОШЫЛАРЫН АНЫҚТАЙДЫ

Жаз айларында Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жазғы спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттары басталады. Солардың арасынан алғашқы бәсеке таэквондо өнерінің шеберлері арасында өтеді. Атап айтсақ, дүниежүзілік доданың жалауы 24-30 шілде аралығында Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында желбірейді. Дүбірлі додада Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы сапында 16 спортшысы өнер көрсетеді.

Кәрістер ойлап тапқан спорт түрі бойынша әлем чемпионаты 1973 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сеулде тұсауы кесілген бәсекеде ерлер арасында небары екі салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынып, екеуінде де жергілікті сайыпқырандар топ жарды. Араға екі жыл салып, айтулы доданы тағы да Оңтүстік Кореяның бас қаласы қабылдады. Бұл жолы бақ сынаушылар сегіз салмақтан сайысқа түсіп, бас жүлденің барлығы сол елде қалды. 1977 жылы Чикагода өткен жарыста жо­ғарыда аталған мемлекет өкілдері жеті рет дара шықса, тағы бір алтын Қытай құрама командасының мүшесіне бұйырды. Одан кейін өзге мемлекеттің өрендері бірте-бірте жеңіс тұғырына көтеріле бастады. 1985 жылдан бастап, Сеулде 8 мәрте жалауы жел­біреген жарыста тұңғыш рет әйелдер бой көрсетті.
2000 жылы таэквондо Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгені белгілі. Шамамен сол кезден бастап, көптеген мемлекеттер осы спорт түрін дамытуға барынша күш сала бастады. Әрине, таңсық өнерге бірден бейімделіп кету бәріне бірдей оңай тиген жоқ. Десек те үкімет тарапынан көрсетілген қамқорлық, бапкерлердің біліктілігі, спортшылардың ынта-ниеті, ерен енбегі, қарым-қабілеті және күш-жігерінің арқасында бірқатар елдерде таэквондоның тасы өрге домалады. Бір ғана мысал, 1973-1985 жылдар аралығында ұйымдастырылған 17 әлем чемпионатында Оңтүстік Корея құрамасы бас жүлделердің басым бөлігін иеленсе, содан бергі кезеңде сол көрсеткіштің тең жарысына жетудің өзі мұңға айналды. Соңғы жыларда өткен бес бәсекенің төр­теуінде олар үш-төрт алтын алумен ғана шектеліп жүр.
Қазақстанға таэквондо тоқсаныншы жылдардың басында келді. Осы өнердің өсіп-өркендеуінің бастауында әйгілі Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев тұр. Алаштың арыстай қос азаматының арқасында таэквондо республикамыздың барлық аймақ­тарында дамып, отандастарымыз ха­лықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізді. 1999 жылы Эдмонтонда өткен әлем чемпионатында 84 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділхан Сағындықов үшінші орынға табан тіреп, Алаш жұртына алғаш рет медальдің сыңғырын естіртті. 2003 жылы Германияның Гармиш қаласында Лия Нұркина (67 келі) асқан шеберлік танытып, жүлдегерлер санатынан көрінді. 2007 жылы Бейжіңде үш қола медальді иеленген ұлттық құрама командамыз барша қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш пен шаттық сыйлады. Ол жүлденің иегерлері – Нәзгүл Тәжіқұлова (51 келі), Аслан Батықұлов (54 келі) және Арман Шылманов (84 келі). 2009 жылы Копенгагендегі дүниежүзілік додада аса ауыр салмақта айқасқан Арман Шылманов екінші мәрте қолаға қол созды. Бұл кездері Қазақстан таэк­вондосын іскер азамат, білгір басшы Шамсат Исабеков мырза басқарған болатын.
Соңғы үш әлем чемпионаты Оңтүстік Корея, Мексика және Ресейде ұйымдастырылды. Өкінішке қарай, өзге елдің өрендері түрлі-түсті медальдарды молынан алып жатқанда, жерлестеріміз бұл жарыстардың барлығынан құралақан оралды. Мә­селен, 2015 жылы Челябіде өткен дү­бірлі додада Оңтүстік Корея құрамасы 4 алтын және 1 қола медальмен ко­мандалық есепте көш бастады. Екінші және үшінші орындарда – Иран (3 алтын+0 күміс+2 қола) мен Түркия (2+1+1). Үздік ондықтың санатына Өзбекстан (1+2+0), Тайпей (1+1+1), Ұлыбритания (1+1+1), Бельгия (1+1+0), Тайланд (1+0+1), Әзір­байжан (1+0+0) және Жапония (1+0+0) қосылды. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Испания (0+3+1), Ресей (0+2+5), Қытай (0+2+1), Франция, Кот-д’Ивуар, Украина (0+1+0), Бразилия, Хорватия, Куба, АҚШ (0+0+2), Беларусь, Колумбия, Габон, Германия, Грекия, Венгрия, Мали, Мексика, Молдова және Сербияның (0+0+1) саңлақтары бар.
Қазақ – қашан да келешекке үлкен үмітпен қарайтын халық. Бұл жолы да соңғы жарыстарда жіберген есені осы жолы толығымен қайтарамыз деген сенім зор. Жуырда республикалық таэквондо федерациясының пре­зиденті Вячеслав Ким Оңтүстік Кореяға аттанғалы отырған Қазақстан құрама командасымен кездесті. Оларға ақ жол тілеп, барынша қайрады. Намысты қамшылайтын сөздер айтты. Олай болса, бізде өз өрендеріміздің әлем чемпионатынан мол олжамен оралуына тілектестік білдіреміз.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН. Айқын.

Сондай-ақ

ОЛИМПИАДАДА АТОЙ САЛҒЫМЫЗ КЕЛСЕ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАНЫ ДАМЫТУЫМЫЗ КЕРЕК

Афины Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионатының жүлдегері көпсайысшымыз Дмитрий Карпов Қазақстан жеңіл атлетикасының …