Жақында ғана Астанада бокстан Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін халықаралық турнир аяқталды. Ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық боксшылар 10 салмақтың тоғызында алтын жүлде алса, қыздарымыз Олимпиялық үш салмақтата чемпион атанды. Турнирден кейін Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановпен аз-кем әңгімелесіп, пікірін білген едік.
– Елбасы кубогына арналған турнирде барлық боксшымыз жақсы жұдырықтасты. Әрине, кейбір салмақтарда аздаған кемшілік, қателіктер болды. Оны әлем чемпионатына дейін түзейтін боламыз. Жеке-жеке тоқталмай-ақ қояйын, турнирге қатысқан барлық шәкіртіме көңілім толды. Берілген тапсырманы мен күткен дәрежеден асырып орындады деуге болады.
– Біржан Жақып құрамадан кеткен соң 49 кило салмақ сіздің «бас ауруыңызға» айналған сияқты. Азия чемпионатына қатысқан Ержан Жомарт жүлдеге іліге алмай әлем чемпионатының жолдамасынан қағылса, Президент кубогында сіз үміт артқан Асхат Жүсіпов финалда филиппиндік боксшыдан жеңілді. Бізде жеңіл салмақ дәрежесі неге ақсап тұр?
– Әлем чемпионатына жолдама ала алмағанымыз, әрине, өкінішті. Дегенмен, жеңіл салмақтағы боксшыларымыздың бәрі жас. Болашақтары алда. Жүсіповтің финалға шыққанын өзім жақсы нәтижеде деп есептеймін. Күзде өтетін ел біріншілігінен үмітім көп. Бұйырса, Қазақстан чемпионы мен жүлдегері атанған боксшыларды шетелдегі жарыстарға апарамыз. Халықаралық аренада өзін көрсеткен, чемпион немесе жүлдегер атанған боксшылар келесі әлем, Азия чемпионатына қатысады.
– Жақында ғана Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпия ойындарында бокстан ерлер арасындағы екі салмақты алып, қыздар боксына береміз деген мәлімдеме жасады. Бұған не айтасыз?
– Бұл әлі нақты қабылданған шешім емес. Алда АИБА-ның үлкен жиналысы бар. Сол жиында шешім қабылдануы мүмкін. Жеке басым Олимпиададан екі салмақты алып тастау дұрыс емес деп ойлаймын. Қыздар боксына салмақ қоса берсін, біз оған қарсы емеспіз. Бірақ, ерлерден екі салмақты кеміту боксшыларға ауыр тиеді. Бұның алдында бокста 12 салмақ болатын. Кейін 11 салмақ болды. Енді міне, тағы екі салмақты кемітпек. Егер, осылай шешім шығып жатса, амал жоқ көнеміз. Кезінде күрес, дзюдо спортынан да салмақ көп болып, қысқартып тастаған еді. Боксты да соған алып келе жатқан сияқты.
– Екі салмақты алып, раунд санын қосып берсе қалай болады?
– Ол енді кәсіпқой бокс болып кетеді. Меніңше қосымша раунд қажет емес. Әуесқой боксшыларға үш раунд жеткілікті.
– «Астана арландары» WSB жобасының финалында Куба боксшыларына қарсы жекпе-жек өткізетіні белгілі болды. Осы орайда, Ұлттық құраманың боксшылары «Арландар» сапында өнер көрсетіп, клубқа өз көмегін тигізе ме?
– Оны уақыт көрсетеді. WSB жобасының финалы өтетін мезгілде Ұлттық құраманың жігіттері Түркияда он күндік сауығу, оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Мүмкіндік болып жатса неге көмектеспеске. Уақыттың ыңғайына қарап көреміз.
– Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Ұлттық құрамаға оралып жатса, қай салмақта жұдырықтасуы мүмкін?
– Елеусінов әлі Ұлттық құрамаға оралған жоқ. Егер командаға келемін деп ниет білдіріп жатса, есігіміз Данияр үшін әрқашан ашық екенін бұған дейін айтқанмын. Оның қай салмақта жұдырықтасатынын нақты айта алмаймын. Бірақ, өз салмағында (69 кг) жұдырықтасатын шығар. Дегенмен, мұның бәрін ринг шешеді. Күзде бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол кезде бәрі белгілі болады. Яғни, балапанды күзде санайтын боламыз.
Әңгімелескен — Әли Битөре