«Ақжайық» футбол клубы 2,4 млн теңгеге бағаланып, сатылымға қойылды. Бұл туралы бүгін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында мәлім етілді.
Бағалау жұмыстарын облыстық қаржы басқармасы жүргізді. «Сатылымға тек команда мен футбол орталығы ғана қойылды. Ал стадион, ғимарат, арнайы техника, көліктер мемлекет иелігінде болады. Жалпы Оралда стадиондарды қазіргі заманғы талаптарға сәйкестендіру, осы спорт түрін кеңінен дамыту, жергілікті футболшыларға жағдай жасау бағытында шаралар қолға алынады», — деді басқарма басшысы Әсия Аманбаева.
Айта кетейік, бұдан бұрын клуб 2015 жылы алғаш рет сатылымға шығарылып, қатысушы болмағандықтан, өтпей қалған еді.
Футболдан премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» қазіргі кезде турнир кестесінде 13 ұпаймен сегізінші орында келеді.