«Ордабасының» бас бапкері Алексей Петрушин Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі «Широки Бриегке» қарсы матч туралы айтып берді.
— Әлі де келесі кезеңге шыға алатынымызға сенімдімін. Сол мақсатқа жету үшін Алматыға бір апта ерте келдік. Бұл уақыт аралығында жақсы дайындалдық. Қарсыласымызды мұқият зерттедік. Бірінші ойында кеткен есені қайтарамыз деген ойдамын.
— Бірінші кездесуде босниялықтар ойын тізгінін ұстап, қарсылас командаға еш мүмкіндік бермеді. Алматыда мұндай жағдай қайталану мүмкін бе?
— Сізбен келіспеймін. Бірінші ойында доп ұстау көрсеткіші 51/49 болды. Есесіне пас беруде көп қателестік.
— Бір гол Алмат Бекбаевтың кесірінен кірді. Ол ертең негізгі құрамда шыға ма?
— Әрине, 0:2 емес 0:1 есебімен ұтылсақ келесі кезеңге шығу мүмкіндігіміз жоғарырақ болар еді. Мен қақпашылардың бапкерімен ақылдасып, шешімді ертең қабылдаймын.
— Бірінші ойынмен салыстырғанда өзгерістер көп бола ма?
— Аса өзгеріс болмайды. Боснияда бізде гол соғатын мүмкіндіктер аз болды. Мұндай жағдайда жеңіске жету мүмкін емес. Бұл жолы бәрі басқаша болады. Өз алаңымызда біз кем дегенде 12-15 соққы бағыттаймыз.
— Неліктен командадан Марцваладце кетті?
— Мен команданы үшінші оқу-жаттығу жиынында қабылдадым. Марцваладце ол кезде жарақаттанған болатын және өзі жеке дайындалып жүрді. Есесіне бізге дәл қазір көмектесе алатын, гол соғатын шабуылшы керек болды. Қазір бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Естеріңізге сала кетсек, шымкенттік команда Боснияда өткен бірінші ойында 0:2 есебімен жеңіліп қалған болатын. Қарымта кездесу бүгін Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады.