Басты бет / Соңғы жаңалықтар / «АСТАНА» ФОРМАСЫНДА ШАҢЫРАҚ БЕЙНЕСІ ПАЙДА БОЛАДЫ

«АСТАНА» ФОРМАСЫНДА ШАҢЫРАҚ БЕЙНЕСІ ПАЙДА БОЛАДЫ

Осы маусымда, нақтырақ айтсақ бүгінгі ойыннан бастап, «Астана» командасы техникалық демеушісі ADIDAS компаниясы ұсынған жаңа ойын формасымен алаңға шығады.

ADIDAS компаниясы «Астана» футбол клубы үшін арнайы Miteam желісі бойынша – көк және көгілдір түсті графикалық сурет бейнеленген ақ, сұрғылт-көк және қанық-сары үш түсті форманы дайындады. Соңғы екі ойын жейдесінің төменгі бөлігінде шаңырақ бейнесі бейнеленген. Шаңырақ — қазақ мәдениетінің дәстүрлі элементі, үй, ошақ және ұрпақ жалғастығының символы.

«Бүгін баршамыз үшін айтулы күн – елордамыз Астананың туған күні! Клубымыздың барлық жанкүйерлерін бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Дәл осындай айтулы мерекеде біз жаңа формада ойнайтын боламыз. «Астана» — УЕФА Чемпиондар Лигасында Қазақстан намысын қорғайтын еліміздегі жалғыз клуб болғандықтан, команда формасы ерекше болғанын қаладық. Шаңырақ – Қазақстанның символына айналған, ерекше графикалық элемент. Футбол сүйер қауым біздің ойын формамызды көргенде тек елімізде ғана емес, Еуропада да Қазақстандық команда екенімізді айқындап тұрса дейміз.

«Астана» командасы Чемпиондар Лиггасында осы ойын формасымен өнер көрсетуі үшін, УЕФА-ның арнайы шешімін ұзақ уақыт күттік. Міне сол келіссөздер сәтті аяқталып, біз жаңа ойын жейдесімен алаңға шығуға дайынбыз. Алдағы бірнеше аптадан кейін жаңа ойын жейдесінің арнайы таныстырылымын ұйымдастыратын боламыз. Таныстыру рәсімі аяқталғаннан кейін жаңа ойын формасын біздің сауда орындарымыздан сатып алуға толықтай мүмкіндіктеріңіз болады. Жанкүйерлер үшін тағы бір қуанышты жаңалық – біз осы жолы тек ерлерге арналған ойын формасын емес, кішкентай балалар мен әйел адамдарға арналған үлгісін де ұсынғалы отырмыз. – дейді «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов.

 

 

Сондай-ақ

ВОЛЕЙБОЛДАН ГРАН-ПРИ КЕЗЕҢІ СӘТСІЗ БАСТАЛДЫ

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік Гран При кезеңінің алғашқы кезеңін Оңтүстік Корея құрамасымен болған матчтан …