Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығына жаңа басшы келді. Енді бұл мекемені өз ісінің майталман маманы әрі іскер азамат, ұлттық өнеріміздің жанашыры, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Садық Мұстафаев басқарады.
Кезінде Қызылорда спорты тығырыққа тіреліп, осы өңір өрендерінің халықаралық додаларда атой салған кездері сирек еді. Бір ғана мысал, 1996-2004 жылдар аралығында АҚШ-тың Атланта, Австралияның Сидней және Грекияның Афины қалаларында жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанғанын дүйім жұрт жақсы біледі. Өкінішке қарай, сол жарыстар үшеуінде де айтулы облыстың өрендері бой көрсеткен жоқ. Сонымен қатар әлемдік додаларда жеңіс тұғырына көтерілу Сыр бойы саңлақтары үшін мұңға айналды. Ол аз десеңіз, республика көлемінде үздіксіз өтіп тұратын кешенді бәсекелерде Қызылорда құрама командасы ұзақ уақыт бойы көш соңында қалып жүрді.
Міне, сол тұста Қызылорда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының тізгінін Садық Мұстафаев ұстады. Осыған дейін жаттықтырушылық қызметпен айналысып, бірқатар белді балуандардың томағасын сыпырған білікті бапкер өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен кірісті. Облыс пен аудан орталықтарынан бастап, шалғайдағы ауылдарды тегістей аралаған жаңа басшы ел елде, жер жерде еңбек етіп жатқан мамандар мен спортшылар қауымының мұң-мұқтажын естіді. Олармен ой бөлісіп, тиісті қорытынды шығарды. Содан кейін тығырықтан шығуды жолдарын қарастырып, аса жауапты іске бел шеше кірісті.
Содан бері бақандай 13 жылға жуық уақыт өтті. Ерен еңбек еш кеткен жоқ. Сыр бойы өңірінде талай игі істер атқарылып, көптеген қордаланып қалған проблемалар өз шешімін тапты. Жергілікті басшылар мен атқамінер азаматтардың көмегінің арқасында соңғы 13 жылға жуық уақыт аралығында облыс көлемінде 21 спорттық нысан пайдалануға беріліп, тағы 7 кешеннің құрылысы аяқталуға таяды. Орталықтар мен ауылдарда шағын футболға арналған 291 алаң ел игілігі үшін қызмет етуде. Көптеген спорттық шаралар ұйымдастырылып, облыс спортының еңсесін көтеру мақсатында талай ауқымды шаруа атқарылды.
Бұл күндері Қызылорда спорты өрлеу үстінде. 2008-2016 жылдар аралығында үш Олимпиада ойынының алауы тұтанса, аталмыш облыстың өкілдері солардың барлығында бақ сынады. Олар төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарысқа қатысып қана қоймай, жеңіс тұғырына көтерілу құрметіне бөленді. Атап айсақ, 2008 жылы Бейжіңде ұйымдастырылған Олимпиада ойындарында зілтемірші Илья Ильин алтын тұғырға көтерілді. 2012 жылы Лондондағы додадан Ильин екінші мәрте топ жарса, боксшы Марина Вольнова үшінші орынды иеленді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында тағы бір ауыр атлетіміз Александр Зайчиков қола медальді қоржынға салды.
– Қазір Илья Ильинің жағдайын өздеріңіз жақсы білесіздер. «Допинг қолданды» деген айыппен ол екі дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазы деген атағынан айырылды. Алайда даңқты отандасымыз ондай арзандыққа барғанына біз сенбейміз. Бұл жерде бір шикіліктің бары анық. Десек те, барша жанкүйерлер үшін Илья нағыз чемпион күйінде қала бермек. Ол әркез біздің мақтанышымыз, – дейді Садық Шонмұрынұлы.
Уақыт оза Сыр бойынан әлем чемпионаттарында жүлде алуға күш-жігері жеткен спортшылардың да қатары көбейе түсті. Бұл белесті Илья Ильин төрт мәрте бағындырды. Ермек Көкетов (грек-рим күресі), Алмас Өтешов пен Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Дәулет Ниязбеков (еркін күрес) және тағы басқа сайыпқырандар дүниежүзілік додаларда жүлдегерлер санатына қосылды. Олардан бөлек, Азия ойындары мен құрлық чемпионаттарында дара шыққан өзге де өрендер бар.
Бүгінгі таңда республикалық жарыстарда да қызылордалық өрендер үздіктер санатынан жиі көрінуде. Әсіресе, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі, қол добы, таэквондо, қазақ күресі, велоспорт, көгалдағы хоккей секілді спорт түрлерінің даму барысы көңілден шығуда.
– Ең бастысы, біз спортты дамыту жүйесін дұрыс жолға қоя алдық, – деп жалғастырды өз әңгімесін Мұстафаев мырза. – Қазіргі кезде көптеген спорт түрі-
нен Қызылорда облысы республика бойынша үздіктер қатарында. Бұйыртса, 2020 жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарынан да Сыр бойы саңлақтарының құр қол қайтпайтынына сенімдімін. Оған қоса, біз қысқы спортты да дамытуды ұмытқан жоқпыз. Осыған дейін мәнерлеп сырғанаушымыз Элизабет Тұрсынбаева Дүниежүзілік жасөспірімдер Олимпиадасы мен қысқы Азия ойындарына қола медальді иеленсе, келешекте дарынды қызымыздан одан да зор нәтиже күтеміз.
Міне, осындай білгір басшы әрі іскер азамат Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығына басшы болып келді. Бұл салада да қордаланып жатқан мәселелер аз емес. Десек те, біз кезінде Сыр бойы спортының дамуына серпін берген азаматтың бұл істі дөңгелетіп әкететіне сеніміз зор.
МАҚАЛА: Ғалым СҮЛЕЙМЕН. АҚПАРАТ: aikyn.kz