Басты бет / Басқа түрлер / АЛАМАН СПОРТ ПОРТАЛЫ НЕ СЕБЕПТІ ЖАБЫЛЫП ҚАЛДЫ?

АЛАМАН СПОРТ ПОРТАЛЫ НЕ СЕБЕПТІ ЖАБЫЛЫП ҚАЛДЫ?

 

2009 жылы қазақ тілінде тұңғыш құрылған alaman.kz спорт порталының біраздан бері істен шығып, ашылмай тұр. Мән-жайды білу үшін осы порталдың негізін қалаған әріптесіміз Рауан Оқастан мән-жайды сұраған болатын.

— Рауан, бір кездері қалың оқырманды спорт порталын ашып бір қуантсаңыз, енді міне жұбатуға тура келіп жатыр. Елдің ықыласына бөленген «Аламан» спорт порталы неге жұмыс істемей тұр?

— 2009 жылы ғаламтор желісі дамып, сайттар көп ашылып жатқан уақытта, спорт порталын құруды ұйғарып, «Аламанды» жарыққа шығаруды қолға алған едім. Сайттың ашылуына сол тұста қол ұшын берген Аршат Оразды ерекше атап өткім келеді. Бар-жоғы 15 мың теңгеге сайт ашып беріп еді. Артынша, «Спорт» газетінде таныла бастаған студент Руслан Меделбекті сайтқа тартып, «Аламан» деген атауды сол бауырымыз берген болатын. «Аламанның» аты бірден оза бастады. 2011 жылы Award интернет жобасында ресми тілдегі ең үздік сайт атанды. Сол жылы «Нұр Отан» партиясының арнайы сыйлығын алды. Сол сыйлыққа берілген 300 мың теңгеге Францияда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатына бардық. Кейін «Аламанның» арқасында біраз шетелдердегі жарыстарды көрдік. «Аламан» өз функциясын толық атқарды деп айтуға болады. Бізді спорт журналистикасына етене араластырып, сол тұста қазақ тілінде спорт жаңалығын оқи алмай отырған оқырманның бір қажеттілігін өтей алды деп толықтай айта аламын. Сайт одан әрі де жұмысын жалғастыра берер еді. Бірақ, сервердегі материалдар кенеттен өздігінен жойылып кетті. 10 мыңнан астам материал бар еді. Соның бірінде қазір google-дан таба алмайсыз. Өте өкінішті..

— Бұл сылтау емес пе? Кейбіреулердің айтуынша, сіздер бәсекеге шыдас бере алмай, содан жабылып қалдыңыздар?

— Сіздің нені меңзеп тұрғаныңызды жақсы білемін. Соңғы уақытта «Аламанға» бәсеке бола алатындай біраз жақсы спорт сайттары ашылды. «Әлжан», «Дода» , Есей ағамыздың сайты бар. Бірақ, «Аламанның» жабылуына жаңа мен айтқан факторлар әсер етті.

— «Аламанда» қанша тілші қызмет атқарып еді?

-Соңғы екі жылда бұл сайтта негізінен Мағжан Бейсен, Серік Қантаев және Руслан Меделбек мақала жазып жүрді. Оның алдында Олжас Оқас, Нұршапағат Несіпбаев сияқты бауырларымыз жақсы еңбет етті. Ал, алғаш ашылған уақытта Ермұхамед Мәулен сияқты қазір өте танымал журналистер сайтқа етене араласты.

— «Аламан» жабылудың алдында бас редактор деген жерде сіздің есіміңізді емес, Руслан Меделбекті көрген болатынбыз. Сіз сонда «Аламанда» қандай қызметті атқардыңыз?

— «Аламан» жабылмай тұрып, бір жыл бұрын бұл сайтты толықтай Нұраддин Садықов деген кәсіпкер азаматтың еншісіне тапсырған болатынмын. Руслан сол кісі келгеннен кейін «Аламанға» бас редактор болды. Негізі, Русланның сайтқа сіңірген еңбегі орасан екенін айтқым келеді.

— Қазір технологияның дамыған кезі ғой. «Аламанды» қайта жасап шығаруға болмас па?

— Бұл сайтқа менің қазір қатысым жоқ болғандықтан ештеңе айта алмаймын.

Сондай-ақ

ШЫМКЕНТТЕ ДЗЮДОДАН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯНЫҢ АШЫҚ КУБОГЫ ӨТЕДІ

Шымкент қаласында 2017 жылдың 20-23 ақпан аралығында жастар арасында Азияның ашық кубогы өтеді деп хабарлайды …