Еліміздің байрағын әлемге көтеріп жүрген спортшылар көбінесе, тасада қалып қоятыны жасырын емес. Міне, сондай жанның бірі муай-тайдан 9 дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының, Азия құрлығының бірнеше дүркін жүлдегері − Еламан Саясатов. 10 жылдан бері бұл спорт түрін серік етіп келетін жас спортшының бүгінде арманы ақсақ. Жақында кәсіпқой аренада алғашқы жеңісіне қол жеткізген Еламанмен сұхбаттасқан едік. Олай болса, Еламанның спорттың ең қиын түріне қалай келіп, қарсыласын қалай ойсырата жеңгенін бірге білейік.
Әр жігіт жұдырықтаса білуі қажет
Атырау облысының Доссор поселкесінде дүниеге келдім. Осы ауылдағы Б.Қанатбаев мектебін бітіріп, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжге спорт мамандығына оқуға қабылдандым. Бұл мамандыққа баруыма ата-анам қарсы болмады. Өйткені, мен өзімнің таңдауыма сеніммен қарадым.
Кішкентай кезімде ауыл баласы болып, тентектікке салынып көрмеген екенмін. Керісінше, сабақты жақсы оқып, мектептегі шараларға жиі қатысушы едім. Өсе келе әр ер жігіт жұдырықтаса білуі қажет деп есептедім. Бір күні досыммен сөзге келіп қалып, екеуміз бір-бірімізге жұдырығымызды ала жүгірдік. Одан кейін балалықпен көп тентектік жасап, ата-анамнан сөгіс естіп алатын да кездерім болған. Міне, осы жұдырықтасу ақыры мені спортқа әкелді.
Муай-тай өзге спорттарға ұқсамайды
Былай алып қарасаңыз, спорттың әрқайсысы да ерекше. Ал оның ішінде муай-тайдың орны тіптен бөлек. Олай дейтін себебім, мұнда күрес секілді қарсыласыңды аяқпен ұрып, бокстағыдай жұдырықтасасың. Әрине, муай тай спорттың ең қиын түрі. Алайда, бұл спорт мені алға қарай жетелеп, армандарымды орындауға бір табан жақындатты.
Осы уақытқа дейін бірнеше жарыстарды бастан өткердім. Бірнеше мемлекеттерге барып үлгердім. Спорт арқылы ел мен жерді көріп, спорт арқылы өсіп келемін. Соның ішінде алғашқы жарысың бәрібір есте қалады екен. Бұл жарысқа баруымның өзі қызық болды. Жаттығу жұмыстары аяқталғаннан кейін бапкерім: «жолға шығамыз, жарысқа баратын болдық» деді. Менің ойымда ештеңе болмай, ақырындап жолға дайындала бастадым. Шаршы алаңға шықтық. Қарсыласымның жасы менен сәл үлкендеу. Бағыма орай, мен жеңіп 1 орын бұйырды. Осы жеңісімнен кейін менің бағындырған жетістіктерім көбейе түсті.
Елімізде муай-тайдың дамуы жолында көптеген шаралар өткізілу үстінде. Жақында Астана қаласында Қазақстан мен Таиланд корольдігінің арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығына орай муай-тайдан халықаралық кәсіби турнир өтті. Жарысқа 14 кәсіби спортшы қатысты. Мен бұл сайыста Тайландтық қарсыласымды ұтып, кәсіпқой аренадағы алғашқы қадамымды жасадым.
Муай-таймен айналысу үшін үлкен күш-жігер, төзімділік қажет. Тек қана физикалық түрде ғана емес, психологиялық түрде де әр сайысқа дайын тұруың керек. Қазақстанда танымалдылығы аз болса да, әлемде бұл спортпен айналысушылар саны өте көп. Жақында Халықаралық Олимпиада комитеті уақытша муай-Тай спортын Олимпиада ойындарына қосу туралы шешім шығарған болатын. Бұның өзі алға қарай ілгерілеушіліктің бар екенін көрсетеді.
Шаршы алаңда қорқыныш сезімі мүлде болмайды
2007 жылдан бері Муай-Тай спорты бойынша әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс медаль еншілемеген еді. Былтыр сол он жылдықтың нәтижесін қайталау маған бұйырыпты. Әлем чемпионатында Ілияс Мусин қола, мен күміс жүлдегер атандым. Жарыста бірінші қарсыласым Швеция елінен келген азамат болған. 1 раундта байқаусызда жығылып, құлап қалдым. Алаңда ұтылып қалайын ба, әлде ұтсам ба деген екі ой тұрды. Бар күшімді қолыма алып, жарысты әрі қарай жалғастырдым. Мен егерде жарыстан ұтылып қалсам, Қазақстанның абыройын төмен түсіре аламын ба деп ойлаймын. Жарыстан ұтылу маған тән нәрсе емес. Қазір әр жеңілісім мен жеңісімнен сабақ алып, шыңдалу үстіндемін. Әлі де маған көп еңбектену қажет. Әлі бағындырар жетістерім алда.
Менің жеңісімнің бәрі бапкерімнің арқасында
Мені жарысқа дайындап, спортқа бейім еткен бапкерім Галиев Мейрам. Бапкерімнің арқасында көптеген дүниелермен таныс болдым. Әр жеңісімнің жемісі ұстазымның арқасында деп білемін. Ал қазіргі бапкерім Ислам Галиев ағайдың тұңғыш баласы. Ұстаздарым спортқа келгенде қаталдық танытады. Біз әр жарыстың алдында күні-түні тынбай дайындаламыз. Ал Қазақстанның атынан шығатын жарысқа Алматы қаласына барып, арнайы жаттығу жұмыстарын жасаймыз. Бапкерім: «Саған сенемін» дейді. Саған ұстазың ғана емес, бүкіл ел сенеді. Ал ол сенімді ақтамасақ бізге үлкен сын болатыны анық.
Жалпы, Муай-Таймен кәсіпқой түрде айналысатын спортшылар көп. Кәсіпқойлар арасындағы бәсеке әрқашан қызыққа толы, әрі қиын болып келеді. Әлем чемпионы атанып жатсам, осы спортпен кәсіпқой түрде айналыссам деймін.
Муай-тай Атырауда жақсы дамыған
Муай тай спорты біздің өлкемізде жақсы дамыған. Әсіресе, Доссор елді-мекенінде жігіттердің осы спортқа деген қызығушылықтары бейім. Мені жарысқа дайындайтын бапкерлерім қазір мықты муай-тай мамандарын дайындауды қолға алды. Болашақта олармен бірге әлемдік додаларда ел намысын қорғаймыз деп ойлаймын. Доссордан Ищан және Әбіл Галиевтер де қазіргі күнде Қазақстандағы номері бірінші спортшылар. Мен осы бауырларыммен бірге дайындалып, бірге өстім. Артымыздан да кішкентай інілеріміз өсіп келеді.
Қазақстан ұлттық құрамасында үш бірдей Атыраулық спортшы бар. Бұл дегеніміз кішкентай ауылдан да үлкен спортшыларды дайындауға болады деген сөз. Ауылдастарымызға әрқашан үлгі болуға тырысамыз. Жалпы, муай-таймен кәсіпқой түрде айналысатын спортшылар көп. Кәсіпқойлар арасындағы бәсеке әрқашан қызыққа толы, әрі қиын болып келеді.
Бұрын күміспен ғана шектеліп қалсам, алдағы уақытта алтын жүлде үшін күресетін боламын. 20-30 шілде аралығында Польшаның Вроцлаве қаласында 2017 жылғы Бүкіләлемдік ойындар өтеді. Олимпиадалық емес спорт түрлерінің басы қосылған үлкен додада алтын медаль иегері атанамын деп ойлаймын.
Шынымды айтсам, спорт менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Алдағы уақытта бұл саладан кететін ойым жоқ. Алайда, оқуымды әрі қарай жалғастыруым қажет. Қазір ең үлкен мақсатым тағы да әлем чемпионы атану. Бұл жарыстан мен жеңіспен оралатыныма сенемін. Бізге атақ-абыройдың еш қажеті жоқ. Өз ісімізді тиянақты орындап, мықтылығымызды дәлелдей береміз. Ел абыройын асқақтатып, жүлделі орыннан көрінсек, ол халыққа және өзімізге жасаған үлкен сыйымыз болмақ.