Бүгін Атырау қаласына облыстық спорт басқармасының шақыртуымен кәсіпқой боксшымыз, Олимпиада ойындарының жүлдегері Қанат Ислам келді. Елім деп, қазағым деп жүрегі соққан батырымыз алғашқы кездесуін балалар үйінде өткізді. Бүлдіршіндерге өз көрген-білгенін айтып, өмірлік тәжербиесімен бөлісті, жылуын сыйлады.
— Әр бала толыққанды отбасында дүниеге келіп, отбасы жылуын алуы керек. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел едік қой. Бұл балаларда өзіміздің қазағымыздың қаны тулап тұр. Жаным ашыйды, күйінемін. Менің бар қолымнан келетіні бір сәби асырап алып, бауырыма басу. Жақын арада осындай жоспарым бар. Елімізде жетімдер болмасыншы, — деп сөзін бастады Қанат Ислам.
Көздері мөлдіреген жас бүлдіршіндеріміз Қанат ағасының әр жекпе-жегін жібермей қарайды екен.
Мен де сіз сияқты чемпион болғым келеді, қазақтың атын шығарғым келеді дейді, — кішкентай Антон мен Қайсар.
Бала – ата-ананың бауыр еті. Бауыр етінен жаралған соң «көз қуанышының» бақытты ғұмыр кешуі, толыққанды отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленуі үшін ата-ана барын да, жанын да беруге даяр. Десек те, қоғамымыздағы бар баланың бірдей анасының аялы алақанын, жан жылуын сезінбейтіні ащы да болса шындық. Дүниеге шыр етіп келген сәбидің тірі жетімге, я болмаса тұл жетімге айналуы – бүгінгі қоғамның ауыр дерті.
Осы орайда мына бір жаңалықты бөлісе кетуді жөн көрдік. Балалар үйінің директоры Гүлжан Жұмабаеваның айтуы бойынша, жылма-жыл жетім балалар саны азайып, олар өз отбасын табуда. Атырау қаласында былтыр 47 бала болса, алдынғы жылы 70 болған. 240 балаға арналған мекемеде тәлім алатын балалар саны жылма-жыл азайып келеді. Бұл дегеніміз елімізде жетімдер саны азайып, балалар бақытты өмір кешуде деген сөз.
Балалар Қанат ағасына сұрақтарын қойып, шағын мерекелік концерт ұйымдастырды. Талантты балалар ән салып, би билеп, спортпен шұғылданады екен. Түрлі фествальдарда жүлделі атаныпты. Қонақтар келеді дегенді естіген Аня өз қолымен қағаздан бәйтеректің мүсінін жасапты. Қанат ағасы бәтеректей тек биіктерден көрсінсін деп тілегін білдірді.
— Әр баланың бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеу арқылы өзіме таусылмас энергия көзін аламын. Бұндай кездесулерден кейін әр жарыста өзімді жеңуге міндеттімін деп санаймын. Кішкентайынан өмірдің қиынына тап болған сәбилер көзіне бір жылулық ұялатсам, адам ретінде жеңіске жеткенімді сезінемін, — деді Қанат.
Қорытатын ой, спортшыларымыздың бүлдіршіндерге деген назарының, халқына деген сүйіспеншілігінің шегі жоқ. Соның ішінде миллиардарды құлатып, отанын аңсап, өз жері үшін бүкіл атақ-абыройдан бас тартып, қазағы үшін еліне қайта оралған Қанаттың орны екерше. Ол да Қытайда өзін осы жетім балалар секілді сезінгені анық. Кейін еліне оралып қана қойған жоқ, түрлі абыр жолдардан өтіп, бүгінгі деңгейге жетті. Бір Халықаралық турнирді ұтып мен-менсінген жас боксшыларымызға нағыз үлгі. Елінің ұлы, қазақтың баласы, Қазақтың Қанаты!