Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / САҒЫНДЫҚ МЕКЕЕВ: ММА-ДЕН ӨТКЕН ТҰҢҒЫШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ТУРАЛЫ

САҒЫНДЫҚ МЕКЕЕВ: ММА-ДЕН ӨТКЕН ТҰҢҒЫШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ТУРАЛЫ

 

Ресейдің Ярославл қаласында ММА спортынан жастар арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. dodasport.kz сайтының тілшісі ұлттық құраманы бастап барған Қазақстан Республикасы панкратион, грэпплинг және ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеевтен сұқбат алған болатын.

«Ресей елінде Дүниежүзілік ММА Федерациясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Сайысқа әлемге әйгілі құрметі президент Федор Емельяненко келіп, балаларды марапаттады.

Жалпы Қазақстан жастар құрамасын жасақтау оңайға соқпады. Себебі біз жарысқа бір айға қалғанда шақырту алып, алдын-ала іріктеу сайыстарын өткізе алмадық. Былтырғы чемпиондардың жасы болса 18-ден асып кеткен. Жаттықтырушылар құрамымен ақылдаса келе Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшыларды жинадық.

Жарысқа енді ғана жол жүрер алдында екі баламыз жарақат алып, белгілі себептерге байланысты жарысқа қатыса алмайтын болды. Сөйтіп тағы да екі спортшыны тездетіп ауыстыруға тура келді. 16 жастағы балалар арасында 93 келі салмақтағы спортшыны табу өте қиын болды.

Орал қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Аға жаттықтырушы Алмат Есентаев бастаған мамандар балалармен тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізді. Сол жерден Самараға, Самарадан Мәскеуге, Мәскеуден Ярославлға дейін уақытымздың біраз бөлігін жолда өткіздік».

Алтын медаль бұйыра ма деген сұрақ мазалады.

Жарыстың бірінші күні төрт қола медаль еншіледік. Екінші күнгі ақтық сынға бір баламыз шықты. Ол Атыраулық Ерұлан Қабдулов. Ерұлан Атырау қаласындағы Дамбы өңірінде дүниеге келген. Финалдағы жалғыз үмітіміз болды. Алтын бұйырса екен деп күні бойы тақымымызды қысумен болдық.

Финалда Дағыстандық спортшымен айқасқа түсті. Алғашқы бес минут қарсыласының пайдасына шешілгендей болды. Бірақ Ерұланның мінезі бар екен. Екінші кезеңде Дағыстан спортшысына еш мүмкіндік қалдырмады. Төрешілер де еш күмәнсіз спортшымыздың жеңісін мойындады. Сөйтіп Қазақстаннан тұңғыш рет өткізілген әлем чемпионатында тұңғыш чемпион шықты.

Жалпы нәтижеге қандай баға бересіз?

Іріктеу сайысы өтпеді. Сондықтан көзімізді жұмып, тек алға деген ұранмен аттандық. Тек үш-төрт балаға сенім артқанымыз рас. Спорттың аты спорт. Бірде жеңіс, бірде жеңіліс бар. Жалпы чемпионаттың деңгейіне өте жоғары деген баға берер едім. 17 мемлекеттен мықты деген спортшылар жиналды. Балалардың деңгейі ересектерден еш қалыспайды. Олардың бойындағы жеңіске деген талпыныс, жеңіске жетем деген құлшыныстары таң қалдырады.

Ауыр салмақта сынға түскен қос спортшымыз да бар болғаны 80 келі салмақпен шықты. Біреу 84, біреуі 93 келіде сайысты. Бұндай салмақтағы айырмамен спортшыларға қиын түскені айтпаса да түсінікті. Бірақ балалар бұған қарамастан жекпе-жекке шығамыз, жеңеміз деп алдарына мақсат қойды. Бұның өзі үлкен ерлік деп білемін. Бейнеу мен Оралдың қос спортшысына айтар алғысым шексіз.

Лайықты алтын медаль.

Соңғы кездері жекпе-жек спортының қай-қайсысын алсаңыз да әлем Дағыстан спортшыларын айтады. Соңғы жылдары Қазақстан спортшыларына осы Дағыстан спортшыларын жеңу үлкен қиындықтарды тудыратын. Бұл жолы Ерұлан еш мүмкіндік берместен Дағыстан чемпионын тура айтқанда сабап тастады.

Алдағы жоспар.

Панкратионнан ересектер арасындағы ел біріншілігі 10-12 наурыз күндері Қызылорда қаласында өтеді. Ал жастар арасындағы чемпионат 25-27 аралығында Қарағандыда жоспарланған. ММА-ден ел чемпионаты Атырау қаласында өтеді. Нақты уақыты жақын арада белгілі болады.

 

Сондай-ақ

СЕРГЕЙ ДАННИКЕР: «VINO-ASTANA MOTOTRS» ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТЫР

Велоспорттан Малайзия туры (Tour Of Langkawi) аяқталды. Қазақстандық «Vino-Astana motors» жалпы есепте Азия үздігі атанды. …