Басты бет / Мақала / ЕУРОПАДА ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ — АБЗАЛ БЕЙСЕБЕКОВ

ЕУРОПАДА ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ — АБЗАЛ БЕЙСЕБЕКОВ

Қазақстан ұлттық құрамасының және «Астана» командасының қорғаушысы Абзал Бейсебековпен сұхбат.

– Абзал, әңгімемізді өзіңіз ойнап жүрген «Астана» клубынан бастасақ. Жаңа маусым. Команда соңғы үш жылда чемпиондық атақты ешкімге бермей келеді. Еуропа аренасына да шығып жүр. Биыл алдарыңызға қандай мақсат қойдыңыздар?

– Өткен жыл біз үшін өте табысты маусым болды деп айта аламын. Ел чемпионы атандық, кубокқа да қол жеткіздік, Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түстік. Бұл маусымды өткен жылғыдан да сәтті аяқтаймыз деп үміттенемін. Еуропа аренасына тағы да шығуды көздеп отырмыз. Егер мақсатымызға жетіп жатсақ, топтық кезеңмен шектеліп қалмай, плей-оффқа шығып, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді

– Биыл командадан Таңат Нөсербаев, Агим Ибраими, Рохер Каньяс, Джордже Деспотович, Асхат Тағыберген сяқты білікті ойыншылар кетті. Қай футболшының командада жоқтығы білінеді? Жаңа келген футболшылар олардың орнын баса алып жатыр ма?

– Шыны керек, алғашында командадан кеткен футболшылардың орны ойсырап тұрды. Мәселен, Таңат бапкерімізден кейін жігер беретін капитан еді. Рохер орталық тұстағы міндетін жоғары деңгейде атқаратын. Әрқайсысы өз позициясының мықтысы болатын. Олар кеткеннен кейін біраз міндет бізге жүктелді. Каньястың позициясына бекітілген кездерім де болды. Ал қатарымызға жаңадан қосылған жігіттер жаттығу кезінде өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Жаңа ортаға келе салып бірден сіңісіп кету қиын ғой. Маусым енді басталды. Алдағы ойындарда олардың үлкен көмегі тиеді деп сенемін.

– Бір сөзіңізде шабуыл шебінде ойнағым келеді деген едіңіз. Бұл ойыңызды Станимир Стойловқа білдіріп көрдіңіз бе? Мүмкін, «Астанаға» нағыз қажет шабуылшы өзіңіз шығарсыз?

– Бала күнімнен шабуылшы болуды армандайтынмын. Осыған дейін бірнеше позицияда ойнап көрдім. Бірақ уақыт өте келе қорғаушы ретінде жақсы қырымнан көріне бастаған сияқтымын. Бапкерлерім де соны байқаған болуы керек. Оның үстіне «Астанада» шабуыл шебіне жауапты жігіттер жетерлік. Мен мұнда қорғанысқа қажетпін. Сондықтан, бапкеріме бұл туралы айтқан жоқпын.

– Бірер ай бұрын Неманья Максимовичтің «Валенсияға» ауысатыны белгілі болды. Командадағы аса мықты ойыншының Испанияға кететіні ұжымға қалай әсер етті?

– Максимовичтің дәл осындай үлкен клубқа кетіп бара жатқанына қуанып та, қызығып та тұрмын. Екінші жағынан қимаймын да. Қазақстаннан әлемнің алпауыт командаларына ауысу оңай емес. Бірақ Неманья бізге Еуропаның ТОП клубтарында ойнау мүмкін екенін көрсетті. Ерекше бір талпыныс берді. Ұжымда әрбір жігіт Еуропаның үлкен чемпионаттарына ауысуды армандайтыны анық. Әріптесіме жаңа командасында сәттілік, үлкен жетістіктер тілеймін.

– Жақында Қазақстан Ұлттық құрамасына жаңа бапкер тағайындалды. Бірақ оның қол астында өткізген екі ойында да құрамамыз есе жіберді. Құраманың нәтижесі қашан жақсарады деп ойлайсыз?

– Әлемнің үздіктері жиналған додаларға қатысуды, солармен тең дәрежеде ойнауды бәріміз армандап келеміз. Алаңда бапкеріміздің нұсқауларын толықтай орындаймыз. Бәрі жоспар бойынша жүріп жатқандай болады. Гол да соғамыз, тіпті алғаш есеп ашамыз. Қауіпті шабуылдарды тоқтата білеміз. Көбіне сәттілік жетіспей жатыр. Алдағы уақытта қателіктермен көп жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

– Армениямен ойынды мысалға алайықшы. Сергей Малыйдың 64-минутта алаңнан қуылуы жеңіліске себеп болды деп ойлайсыз ба?

– Өздеріңіз көргендей, бұл матчтың алғашқы таймында жөнді ойнай алмасақ та, келесі бөлікте жиі шабуылдарға шықтық. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз де болды. Бірақ бізге жетіспегені тағы да сол сәттілік. Ал жеңіліске тек Малыйды кінәлау дұрыс деп ойламаймын. Бұл нәтижеге бүкіл команда жауапты. Өзге жігіттер өз мүмкіндіктерін жөнді пайдаланғанда жағдай басқа бағытта өрбитін бе еді?

– Кей легионерлер еліміздің стадиондарын сынап, жасанды алаңдар сапасының төмендігі туралы айтады. Осыған қатысты қандай пікір білдіресіз?

– Жасанды алаңда ойнаудың қиындығын түсінемін. Бірақ қазіргі ауа райын ескерсек, бізге синтетикалық алаң тиімдірек деп ойлаймын. Артық шығынды, күтіп-баптауды талап етпейді. Дегенмен, кейбір жасанды алаңдар бар, сапасы өте төмен. Ол жерде жарақат алып қалу қаупі де жоғары. Ал табиғи газонның орны мүлдем бөлек. Меніңше, қазақ футболының өсіп-өркендеуі, әлемдік ареналарға шығуы үшін алаңдар неғұрлым сапалы әрі табиғи болуы керек.

– Жақында Гранаткин турнирінде Еркебұлан Сейдахмет есімді жас ойыншымыз көзге түсті. Ресейдің ғана емес Испанияның да мамандары қазір оны жіті бақылап отыр. Еркебұланға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Гранаткин турнирінде Еркебұлан «үздік шабуылшы» атанғанын білемін. Мұндай таланттарды скауттар бірден назарда ұстайтыны белгілі. «Зенит» командасымен бірге Италияда «Viareggio Cup» турниріне қатысқанын естідім. Бір ойында төрт бірдей гол соғыпты. Елімізден осындай дарынды ойыншылардың шығып жатқанына қуанамын. Бұл қазақ футболының дамып жатқанының айқын белгісі. Енді Еркебұлан осы жетістігіне марқайып қалмай, тынбай жаттығуы қажет. Басқа нәрсені ысырып тастап, тек футболды ойлағаны жөн. Ол әлі жас. Үлкен алаңдағы өмірі енді басталды. Тәжірибе жинауы қажет. Ересектер футболына сіңіп кету қиындау. Егер тынбай дайындалар болса, болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Қазақты әлемге танытатын футболшылардың бірі болады деп сенім артамын. Осыны тек Еркебұланға емес футболға қадам басқан інілерімнің бәріне айтқым келеді.

– Абзал, өмірдегі басты арманыңыз қандай?

– Әуелі, биылғы басты жоспарымды айтайын. Жаңа маусымды ойдағыдай аяқтап, ұлттық құрама сапында, «Астанамен» бірге Еуропа турнирлерінде сәтті ойнап, көзге түскім келеді. Ал негізгі арманым – әлемнің алпауыт ұжымдарының бірінде ойнау. Англия, Испания немесе Ресей чемпионатында ойнағым келеді. Әлі жаспын, мүмкіндігім де көп. Осы мақсатыма жету үшін тырысып жүрмін. Қалғанын уақыт көрсете жатар.
Сұхбатыңызға көп рахмет!

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Сондай-ақ

БАС БАПКЕР — МЫРЗАҒАЛИ АЙТЖАНОВ

2013 және 2014 жылдардың қорытындысы бойынша 2 мәрте дүние жүзінің ең үздік жаттықтырушысы атанған Мырзағали …