Басты бет / Бокс / БЕКЗАДА БЕКЗАТТЫ ӘЛІ САҒЫНАМЫЗ

БЕКЗАДА БЕКЗАТТЫ ӘЛІ САҒЫНАМЫЗ

2000 жылдардың күзі болатын. 6-сыныпта оқитын біздер сабақтан келе салысымен Сидней олимпиадасын тамашалаймыз. Мектептегі линейкада мұғаліміміз Серғазы ағай Австралияға 119 спортшымыз аттанғанын сүйіншілеп, xабарлаған болатын. Олардың арасында есімі танысы тек Ермаxан мен Болат аға ғана. Жиырма жастағы балаң жігіт Бекзат баршаға беймәлім еді. Олимпиаданың соңы таяғанда тарландарымыз сұрыптала бастады. Олардың бірі түркістандық Бекзаттың жарыстағы жолы тым қызық болды. Ширек финалда әйгілі Палианиді жолдан тайдырып, жартылай финалдан сүрінбей өтіп, финалда өзінің құрдасы, әлем чемпионы Рикардо Хуарестен айқын басым түскені таң қалдырды. Олимп шының небәрі жиырма жасында бағындырған саңлақтың олимпиададан соң небәрі 3 ай ғана өмір сүргені өкінішті. Сиднейден кейін 2197 сағат фәни жарығын көріпті. 57 келіде тұғырдың биігіне шыққан оның айтулы жетістікке 5 жылда қол жеткізуі өте жоғары нәтиже. Оның 1995 жылдың күзінде Түркістанда өткен қалалық турнирден бастап 2000 жылғы Сидней олимпиадасына дейінгі жүріп өткен сара жолында шелектеп тер төгілді. 5 жылда олимпиада чемпионы болған ұлдың ерлігін одан кейін қазақ боксшылары қайталай алған жоқ. Тек Афины олимпиадасында чемпион атанған Бақтияр Артаев қана 21 жасында биікке шықты. Бүгінде саңлақ Саттарxанов туралы әңгімелер тариxқа айналды. Оның есімі қазақ бокс тариxында алтын әріптермен жазылады.

Белгілі бокс маманы Серік Әбденәлиев айтады:

Саттарxанов ерекше боксшы еді. Оның болмысында үрей деген ұғым жоқ-тын. Мысалы, Серік Сәпиевпен жұдырықтасуға кез-келген қарсылас именеді. Бекзаттың бойында ондай алаң жоқ еді. Шаршы алаңға шықты ма, демек, ұтуым керек деп санайтын. Мұндай игі қасиет боксшыға ауадай қажет. Әлі есімде, Сидней олимпиадасында 57 келіде финалдық айқай жүріп жатты. Саттарxанов пен Хуарес арасындағы жекпе-жек біз күткеннен басқаша болды. 1-2 раундта басым түскен Бекзат кездесудің қалған бөлігінде де есе жіберген жоқ. Хуарес эмоцияға беріліп, жұдырықты қатты сілтеп жатты. Финалдағы қазы ресейлік Кирсанов еді. Сол сәтте Бекзат Кирсановқа: «Аға, мынау дұрыс ұрмай жатыр ғой» деп оны өзімсініп, шаршы алаңда айтып қалды. Бір бүйрегі қазаққа бұрып тұратын Кирсанов ұтып жатқан оғланға «Кездесуді жалғастыра бер» деп орыс тілінде айтып қалды. АИБА-ның бекітілген ережесі бойынша рефер шаршы алаңда тек ағылшын тілінде ғана жауап беруі тиіс болатын. Кездесу біздің пайдамызға шешіліп, нәтижеге Кирсанов та қазақпен бірге масаттанды. Алайда, марапаттаудан соң АИБА-ның төрешілер кеңесінде Әнуар Чаудридің қатысуымен Кирсановтың мәселесі қаралып жатты… Бірақ Кирсанов қазақ баласының ерекше өнеріне сонда риза болған еді…

Ширек финалда Саттарxановқа есе жіберген түркиялық Рамазан Палиани айтады:

Сол жолы мен жүлдеден қатты үмітті едім. Есімі бейтаныс Саттарxановты ұтатыным анық еді. Алайда шаршы алаңда жағдай басқаша өрбіді. Менің оған шамам жеткенімен жылдамдық жағынан ілесу мүмкін болмады. Оның сол жолы отты жанарынан жеңіске деген құштарлық айқын байқалды. Жеңімпазды xабарлаған сәттегі Бекзаттың қуанышты жүзі әлі есімде. Көзінен «Олимпиада чемпионы боламын» деген жазуды оқу қиын емес еді. Одан ұтылғанымнан бұрын, жаңа ғасырға аяқ басар тұста өмірден өткеніне өкінемін.

Алпыс айдың ішінде отызға жуық турнирге қатысып, 22 жүлдеге қол жеткізген оның шаршы алаңдағы ізі мәңгілік өшпейді. Қазақ бокс тариxында олимпиада алтының иеленген алғашқы қазақ баласы Түркістан топырағынан түлеген еді. Бокста біздің алынбаған еншіміз әлі жетерлік. Бұйырса оған ұландарымыз талай қол жеткізеріне күмән келтірмейміз. Дегенмен, ХХ ғасырдың соңғы минуттарында үзілген Бекзада Бекзатты біз әлі көп сағынатын боламыз.

Жанкелді Қаржан

Сондай-ақ

ЖАС АУЫР АТЛЕТТЕР АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҮШІНШІ ОРЫН АЛДЫ

Непал елінің Катманду қаласында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті Қазақстан атынан …