Басты бет / Басқа түрлер / ӘЛИЯ ЮСУПОВА: ТОКИОДА ТОП ЖАРАМЫЗ

ӘЛИЯ ЮСУПОВА: ТОКИОДА ТОП ЖАРАМЫЗ

Қазақ көркем гимнастикасының қарлығашы – Әлия Юсупова. Тыңнан түрен салған талант талай додада ел абыройын асқақтатты. Есесін жібермеді, мақсатына жетті. Бүгінде Елбасының қолдауымен ашылған тұңғыш гимнастика мектебін басқарады. Бас бапкер келешекте ұстаздан шәкірттерінің озарына сенеді. 

Қазір Шымкентте гимнастикадан Әлия Юсупованың жүлдесіне арналған VII халықаралық турнир өтуде. Осыған орай қазақтың мақтанышы Әлиямен сұхбаттасқан едік.

– Тәуелсіздікке дейін халық көр­кем гим­настиканы тек теледидардан та­­машалайтын. Елімізде тұңғыш ашыл­­ған гимнастика мектебінің бү­гін­гі жетістіктері қандай? Дәстүрлі түр­­де өткізілетін турнирдің ерек­ше­лігі неде?
– Көркем гимнастика – айтуға оңай болғанмен, спорттың ауыр түрі. Жарыста Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Жапония, Вьетнамнан кел­ген 100-ге жуық спортшы екі жас ерекшелік бойынша көпсайыс түрі­нен сынға түседі. Ресейдің екі дүр­кін Олимпиада чемпионы Евге­ния Канаева жарысқа арнайы келді.
Мектепте екі жүзден аса қыз жат­тығады. Облыстық көркем гим­настика мектебінде 40-қа жуық жат­тықтырушы еңбек етеді. Шә­кірт­терім 2011-2016 жылдары Азия ойын­дары мен Азия чемпиона­ты­ның және Испания, Эстония, Ре­сей, Өзбекстан, Қырғызстан, Бе­ларусь, Түркия, Қазақстанда өт­кен халықаралық жарыстардың жеңім­паздары мен жүлдегерлері атан­ды. Бұған дейін 123 алтын, 130 кү­міс, 67 қола медальға қол жеткіз­дік.
– Шәкірттеріңіздің арасында Рио­да алдыңғы 15 спортшының қа­та­рынан көрінген Сәбина Әшірбае­ва­дан өзге кімдерді ерекше айтар еді­ңіз?
– Рио Олимпиадасында Сәбина Әшірбаева 16 жасында өнер көр­сетіп, жоғары көрсеткіштерге ие бол­ды. Сәбина – халықаралық дә­ре­жедегі спорт шебері, Қазақ­стан­ның бірнеше дүркін чемпионы, Жас­тар ойындарының жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпиона­ты­ның күміс және қола жүлдегері.
Рио – тәжірибе, Токиода топ жа­ра­мыз. Әми­на Рүстемова – халық­ара­лық дәре­жедегі спорт шебері,
жа­сөс­пі­рімдер арасында топтық жат­тығудан Азия чемпионы, Қазақ­стан­ның бір­неше дүркін чемпионы, халық­ара­лық турнирлердің жүл­дегері. Алина Әділханова – ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шебері, жасөс­пі­рімдер арасында үш дүркін Азия чемпионы, Қазақстанның бір­неше дүркін чемпионы, ха­лық­аралық турнирлердің жеңімпазы. Роза Керімбек, Виктория Андрю­шина, Фатима Давлатова, Әйгерім Ах­метова, Әзиза Рахметовалар – Қа­­зақ­станның спорт шеберлері, ха­­лықаралық, республикалық жа­рыс­тардың жеңімпаздары мен жүл­дегерлері, топтанып өнер көрсе­ту­ден Қазақстан чемпионатының жүл­дегерлері. Талантты шәкірт­терім­нің әлі талай Олимпиадада жеңіп шығарына сенемін. Әрбір гимнас­тың болашағына үмітпен қа­рай­мын.
– Халықаралық спорттық дода­лар­дың Қазақстанда өткені тиімді ме? Әлде спортшылардың шетелге бар­ғанынан ұтарымыз көп пе?
– Меніңше, елде өткізген тиім­ді. Себебі, жарысқа шет­елдің мық­ты спортшылары, бет­­кеұстар жат­тықтырушылары ке­­леді. Шәкірт­тері­міз майталман­дар­ды жүзбе-жүз көреді. Шетелге жарысқа бүкіл құраманы алып бара алмаймыз. Сон­дықтан іс жүзінде көз­бен көріп, дидарласып, сабақ ал­ған пайдалы.
Шетелде өтетін жарысқа жүлде­гер­лер, жолдама алған санаулы спорт­шылар ғана барады. Өзге елде жат­тығудың айырмашылығы – гим­настиканың дәстүрі қалып­тас­қан мектепті көреді. Төрешілердің сын-пікірінен ши­райды. Маман­дар­дың үздік тәжіри­бесін үйренеді.
– Көп жыл Мәскеуде жат­тық­тыңыз. Спорттық мансабыңызды аяқ­таған соң шетелде қалу ойыңызда бол­ды ма?
– Маған Ресей, Италия, Жапо­ния­дан көп қаржы төлейтін ұсы­ныстар айтылған. Әлі күнге дейін «Мәскеуде неге қалмадыңыз?» деп сұрайтындар бар. Бірақ туған жерім­де шәкірт тәрбиелегенді жөн са­на­дым. Шетелде абыройың ас­қақтап жеке жүргеннен, ел ішінде шә­кірт тәрбиелегенім жақсы деп ойла­дым. Бізде де көркем гим­нас­тиканың кәсіби мектебі қалып­тасып келеді. Білгенімді өзімнен кейін­гі жас толқынға үйретемін. Мәс­кеуде жаттыққанда «Қазақ­стан­да көркем гимнастика мектебі бол­са ғой» деп армандайтынмын. Жы­рақта жүріп үйді сағынасың, ауа райында айырмашылық көп. Бейім­­делуге де уақыт қажет. Елбасы қолдап, елмен бірге арманымыз ақи­қатқа айналды. Төл шәкірт­те­рім­м­ен мақтанатын күн де алыс емес.
– Құрамаға шетелден спортшы әкелуге көзқарасыңыз қалай?
– Өзге елдің атынан өнер көр­сету немесе шетелден тәжірибелі спорт­шылар әкелу – үлкен спортта бар дүние. Көркем гимнастиканың түп-тамыры Қазақстанда кең тара­маса, дамымаса, шетелдік спорт­шының бір жетістігі ұзаққа бармай­ды. Сырттан дайын спортшы әке­ліп, ел атынан қатыстырып атақ-даңқ шығару – көркем гимнас­ти­каның келешегіне қиянат. Бір Олимпиада алтын әкелер, келесіде кімге жалынасың? Елде көркем гим­настика дамыса, «мыңнан жүй­рік, жүзден тұлпар» жастар легі ел на­мысын қорғауға сай тұрады. Та­лант­ты қыздар өте көп. Мектеп бір­ді емес, мыңды тәрбиелейді.

– Сонда легионерлер рейтинг үшін ғана керек пе?
– Шетелдік дайын спорт­шы­ларды құрамаға алмаймын. Тек қана өзіміздің қыздарды қабыл­дай­мын. Бәлкім, рейтинг үшін қажет болар. Бірақ өз еліңнен шықпаған соң, күні ертең Отанына қайтып кет­се, орнын кім басады? Гимнас­ти­­када төл шәкірттер буыны қа­лып­тасуы керек. Қазақстанда гим­нас­тика дамыса, легионерсіз-ақ ел намысын қорғайтын мықты спорт­шылар шығады.
– Шәкірттеріңізге қояр тала­быңыз, шектеулеріңіз бар ма?
– Біз бес жастан бастап бойы ұзын, сымбатты, икемді қыздарды таңдап аламыз. Әр шәкіртпен жеке жұмыс жасаймыз. Жаттығуға кел­генде көңіл күйіне, дұрыс демал­ға­нына мән беремін. Себебі, көңіл күйі жоқ спортшыны жаттық­тыр­ған­нан нәтиже шықпайды. Гим­нас­тикада әдемі би, сұлулық, музыка, көз ілеспес жылдамдық – бәрі қам­ты­лады. Спорттың оңайы жоқ. Күт­пеген жерден жа­рақат алады.
Ең бірінші спортшыға психо­ло­гиялық дайындық керек. Түр-келбет, сұң­ғақ бой, киімнің әде­мілігі өз ал­дына. Ең қажетісі – та­бандылық, тұрақ­тылық, күн тәр­тібін қатаң сақ­тау.
– Жарыстарда шешуші сәттерде гим­наст қателессе, жаттықтырушы қандай көмек бере алады?
– Жаттықтырушы ретінде ай­та­рым, спортшыға тек жаттығу ке­зін­де ғана барлығын үйретесің. Спортшы жарыс алаңында қандай жағдайда да өзі шешім қабылдайды. Күтпеген қателіктер орын алса, қол­дан келер қайран жоқ. Бабы келі­сіп, бағы шаппаса да қиын. Спортшы жаттықтырушының ес­кертпелерін орнымен қолданса, қас пен көздің арасында тығырықтан шығады. Айтуға жеңіл болғанмен, оның барлығы тәжірибеге келіп ті­реледі. Талантты тәжірибе ұштай­ды.
– 2006 жылы Үндістанның Су­рате қаласында өткен Азия чемпиона­тын­да бес бірдей алтын медальді жеңіп алдыңыз. Мысалы, шеңбер, лен­та, доппен барлық гимнаст сәт­ті өнер көрсете ала ма? Осындай ал­тын рекордтарды екінің бірі қай­талауы мүмкін бе?
– Сәттілік, шеберлік, сынақ, тай­талас, бәсеке спортта бәрі болуы мүм­кін. Көркем гимнастикада біреу шең­берге шебер, біреу допты ұр­шықша иіреді. Әркімнің мүмкіндігі әрқалай. Бірақ нәтиже шығару кәсіби шеберлікті талап етеді.
– Қызыңыз гимнаст боламын де­се, не айтар едіңіз?
– Отағасы Нұржан екеумізге қос құлыншағымыз – Әмина мен Нұрәлидің әрбір қылығы қызық. Жұ­мыстан үйге, үйден жұмысыма асы­ғып тұрамын. Сүйікті кәсі­бім­мен, көңілімдегі іспен айналы­са­тындықтан бақыттымын. Спорт кез келген адамға қажет-ақ. Бірақ кәсіби гимнастиканың қиындығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Баланы кішкентайында түрлі спорттық үйірмелерге қатыстырған пайдалы. Бірақ қызыма «кәсіби спортшы бол» деп талап қоймас едім. Бола­шақ­та балаларым кім боларын өздері таңдау жасар.
– Спортшы мен жаттықтырушы болу­дың айырмашылығы қандай?
– Бапкер болудың жауапкер­ші­лігі зор. Қазақстанның көркем гимнастика құрамасының барлық жауап­кершілігі мойнымда. «Арық сөй­леп, семіз шыққаным» жөн. Екі Олим­пиадаға қатысатын кезде де Мәскеуде тұрып, сол жақта жат­тық­қанмын. Маған қарағанда шәкірт­те­рім бақытты. Отанымызда көркем гимнастика мектебін ашып берген Ел­басыға алғысымыз шексіз. Мұн­да Қазақстанның қай түкпірінен келсе де, қыздарға барлық жағдай жа­салған. Өз жерімізде жаттығып, Риоға баруымыздың өзі – үлкен жетістік. Бұрын орындалмас арман­дай көрінетін. Төл бапкерлеріміздің буыны қалыптасып келе жатыр. Тә­жірибемді кәдеге жарата білсем, шә­кірттерім менен де озады.
– Алматы, Астанада мұндай мек­тептер жоқ. Шымкенттегі бір мек­теп бүкіл елде көркем гимнастиканың дамуын қамтамасыз ете ала ма?
– Астанаға, Алматыға көркем гим­настика мектептері керек-ақ. Мә­селе мектептің қай қалада орна­лас­қанында емес, нәтижелі жұмыс жа­сауында. Болашақта әр қалада үл­кен орталықтар ашылатын болар.
– Жуырда «ЭКСПО» көрмесі өт­келі жатыр. Қазақ көркем гимнас­ти­касынан шоу немесе жарыс өткізу дегендей тосынсыйы бола ма?
– Шоу өткізбейміз. Оған үлкен дайындық, уақыт қажет. Бірақ Ха­лықаралық турнир өткізу жоспарда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Майра ЖАНЫСБАЙ. Ақпарат aikyn.kz сайтынан алынды.

Сондай-ақ

«АЛТАЙ» АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ

Өскеменде өтіп жатқан волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатында жартылай финалға шыққан төрт команданың …