Жеңіл атлетикадан Алматыда өткен дәстүрлі Ғұсман Қосанов мемориалын трибунадан Сидней Олимпиадасының чемпионы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина да тамашалады. Мұндай аңыздарды күнде кезіктіре бермейсің ғой, жанына барып турнир туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Биыл Қосанов мемориалы, шынымен де, жылдағыдан да тамаша өтті. Мерекенің атмосферасын сезіндік. Басталғаннан-ақ биылғы жарыс бәріне де керемет көңіл-күй сыйлады. Демеушілердің де пайда болғаны қуантады. «Цесна банк» қолдау көрсетіп жатыр. Лотереялық ойындар ұйымдастырылды. Міне, осының барлығы елімізде жеңіл атлетика спортының болашағы бар екенін көрсетіп берді. Өзім шетелдің турнирлерін тамашалағандай ләззат алдым, — деді Ольга Васильевна.
– Кезінде сіз өнер көрсетіп, Олимпиада чемпионы болған бағдарламаға тоқталайықшы. Осы турнирде жарысқан желаяқтардың көрсеткіштеріне көңіліңіз толды ма?
– Менің көңілім мына нәрсеге толып отыр. Бұрындары Ғұсман Қосанов мемориалдарында 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруге тек өзіміздің желаяқтар ғана қатысатын. Шетелден спортшылар аз келетін. Көбі 100 метрлік спринтте бағын сынайтын. Биыл тосқауылдар арқылы жүгіруге де көп спортшы жиналыпты. Ал бас жүлдені жеңіп алған Анастасия Виноградованың көрсеткіші – 13.41 секунд. Бұл стандарттық көрсеткіш. Мықты деп те, нашар деп те айта алмайсың. Бұл осындай халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанып жүрген атлеттердің нәтижесі. Алайда әлем чемпионатында тым болмаса үздік сегіздіктен көріну үшін тағы да қосу қажет.
– Өзіңіз Ғұсман Қосанов мемориалына қанша рет қатыстыңыз?
– Қосанов мемориалының алғашқы жылынан бастап 2001 жылға дейін осы мемориалға қатысқан екенмін. Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның да барлық атлеттері осы турнирге қатысып шыққан шығар.
– Ал есіңізде ең жақсы сақталып қалғаны қай жыл?
– Әр турнирі өзінше ыстық қой. Нақты біреуін бөліп-жарып айта алмаймын. Дегенмен, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының алдында өткен Қосанов мемориалдарына қатты дайындалатынбыз.
– Соңғы сұрақ. Біздің атлеттерден Лондонда өтетін әлем чемпионатынан не күтесіз?
– Үміт артарымыз көп қой. Ең бастысы, соңына дейін сеніп, қандай жағдай болмаса да қолдауымызды аямауымыз қажет. Әлбетте, әлем чемпионатына төрткүл дүниенің кіл мықтылары қатысатынын білеміз. Мұнда жүлделі орындарға ілігу өте қиын болады. Дегенмен, спортшыларымызға тек сәттілік тілеймін!
kazathletics.kz