Басты бет / Басқа түрлер / «АЛТЫН ТҰЛПАР» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«АЛТЫН ТҰЛПАР» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жуырда  «Алтын тұлпар» атты қайырымдылық жобасын іске қосты. Атқа мінгізу арқылы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулықтарын оңалтуды мақсат еткен бұл жоба негізінен «SAMRUK KAZYNA TRUST» әлеуметтік  жобаларды дамыту қорымен бірлесе отырып жүзеге асырылды. Атқа мінгізіп емдеу-сауықтыру орындары әзірге еліміздің тоғыз өңірінде жұмыс жасайды.

Халықтық медицинаның бір түрі болып табылатын ат үстінде серуендету арқылы емдеу біздің елде де кеңінен тарала бастады. Ғылыми тілде «иппотерапия» деп аталатын атпен серуендетіп жасайтын бұл емнің түрінен қазір талай жан дертіне шипа табуда.  Тек біздің елде ғана емес, ат үстіндегі серуен – әлемнің көптеген елдерінде балалардың церебралды салдығы (ДЦП) ауруына ең тиімді емдік тәсіл ретінде қолданылады. Ғалымдардың дәлелдеуіне қарағанда, атпен баяу серуендегенде бала денесіне минутына жүз шайқау импульсі беріледі екен. Бұл кәдімгі – массаж. Ат үстіндегі баланың барлық бұлшықеті іске қосылады. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген бала бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, бұл арқылы ол өзінің адымын да есептеп үйренеді. БЦС-ға шалдыққан балаға ең керегі де осы – жаттығу. Жылқы малы науқас бала үшін – табиғи тренажер.  Бұл жылқының емдік қасиетінің физикалық қыры болса, екіншісі – эмоционалдық сипатта. Оны қысқаша түсіндіргенде, мәселен, бала жаны жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, салт атқа мінгенде көңілі көтеріледі. Оған қоса, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімдігі артады. Ал, дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты боп табылады.  Жылқының мұндай емдік қасиеттері  тек БЦС ауруына ғана емес, көптеген сырқатқа шипа. Олардың қатарында – тірек-қимыл аппараттарының, сөйлеу жүйесінің бұзылуы, психиканың баяу дамуы, Даун синдромы, аутизм, остеохондроз, простатит, склероз, артроз, құяң, омыртқаның 1-2 деңгейде майысуы, жүрек-қантамыр ауруларын жатқызуға болады. Сондай-ақ, тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде де атқа мініп емделу ұсынылады екен.

Міне, осындай көптеген сырқатқа шипа болатын атқа мініп серуендеуге екінің бірінің қолы жетпейтіні анық. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының «Алтын тұлпар» атты қайырымдылық жобасы осы олқылықтың орнын толтырып, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың сауығып кетуіне себепкер болмақ. Атқа мінгізіп емдеу-сауықтыру орындары әзірге еліміздің тоғыз өңірінде жұмыс жасайды. Жоба бағдарламасына сәйкес, негізінен 18 жасқа дейінгі балалар аптасына бірнеше күн атқа мініп серуендей алады. «Алтын тұлпар»  қайырымдылық жобасына   ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының әр өңірдегі  серіктестері де құлшына қолдау білдіруде. Атап айтқанда, «Көкпар федерациясы» (Астана қаласының іргесіндегі «Балқарағай» демалыс аймағы), Көкшетау қаласындағы «Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі»,  Павлодар қаласындағы «Ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша Қайырбаев атындағы спорттық клубы», Алматы облысының «Бәйге» федерациясы, Тараз қаласындағы «Әулиеата» көкпар клубы, Шымкент қаласындағы «ҚР Ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған мектеп», «Маңғыстау облыстық ат спорты түрлері клубы», Орал қаласының ұлттық спорт мектебі, Ақтөбе облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Ат спорты түрлері бойынша облыстық №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» қазіргі болжам бойынша ай сайын елуге жуық мүмкіндігі шектеулі балалардың атпен серуендеуін тегін ұйымдастырып беруді көздеп отыр.

МекемелерМекен-жайыЖауапты тұлғалармен байланыс телефондары
1«Маңғыстау облыстық ат спорты түрлері клубы»Ақтау қаласы, Орталық   ипподромыСүйебаев Қанағат8(701) 5265073
2«Ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша Қайырбаев атындағы спорттық клубы»Павлодар қаласы, 1Мамыр көшесіИманжусупов Ержан8 (701)5884342

 

3«Әулиеата» көкпар клубыТараз қаласы, «Айшабибі» селосыМомынов Нұрдаулет 8 (702) 8065070
4«ҚР Ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған мектеп» Шымкент қаласы, Бәйдібек би-113Құрманбаев Алданұр

8 (701) 3386520

 

5«Көкпар федерациясы»Астана қаласы,  «Балқарағай» демалыс аймағыСамат8 (701) 7871111
6«Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі»Көкшетау қаласы, Краснояр ауылыҚойшин Марат

8 (701) 4009329

7Орал қаласының ұлттық спорт мектебіОрал қаласы, Асан ауылыМырзағалиев Дастан8 (775) 3737061
8Алматы облысының «Бәйге» федерациясыТалдықорған қаласы, қалалық ипподромДосжанов Рүстем8 (702) 7771976
9Ақтөбе облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Ат спорты түрлері бойынша облыстық №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі»Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылыТөлеуов Бақтияр

8 (705)3798447

Келер жылдың маусым айына дейін үзіліссіз қызмет көрсетуге бағытталған «Алтын тұлпар» қайырымдылық жобасының нақты жұмыстары жайлы алдағы уақытта толығырақ жарияланатын болады.

ҚР ұлттық спорт қауымдастығының Баспасөз қызметі

Сондай-ақ

АЛМАТЫДА АСТАНА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

«Спорттық Алматы» жобасы аясында Астана күніне арналған кезекті велошеру өтті. 1000-нан астам велоспорт әуесқойлары «Нұрлы …