Қазақстандық жас боксшы Жандос Қыдыралиев кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін сәтті бастады, — деп хабарлайды dodasport.kz сайты.
Қытайдың Инь Чуан қаласында кәсіпқой бокс кеші өтіп, жас боксшымыз Нұрсұлтан Жаңабаев алғашқы кездесуінде WBA чемпиондық белдіктерінің бірін иеленгенін жазғанбыз.
Осы кеште тағы бір отандасымыз, Алматылық боксшы Жандос Қыдыралиев те кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Қарсыласы Қытай еліне танымал Йанг Зе Жианг атанған болатын. Әуел баста алты раундқа жоспарланған кездесу соңына дейін жетпеді. Жандос қарсыласын бесінші раундта ауыр соққылардың астына алып, техникалық нокаудпен жеңіске жетті.
dodasport.kz сайтына берген сұқпатында:
— Қазақтың ар-намысын қолдан бермей, Қытайдың төрінде қазақ батырларының ұрпағы екенімді дәлелдегенімде іштей мақтаныш сезімі туды. Қайталанбайтын әсер алдым. Енді тек қана еңбек етіп, алдыға ұмтыламын. Ел абыройын асқақтату спортшы ретінде басты міндетім, — деді Жандос.
Ситников Николай шәкірті басқа да жас кәсіпқой боксшыларымыз секілді жақсы промоутер іздейді. Жақсы ұсыныс, жақсы жағдай жасалса Жандостың да әлем ареналарында атой салатыны сөзсіз.