ҚазҰУ студенті, Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Бүкіләлемдік Универсиада ойындарының елшісі болып тағайындалды.
Республикалық комиссия 2017 жылдың 28 қаңтарынан бастап 8 ақпанға дейін жалғасатын ірі спорттық жоба — 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында алау ұстаушылар тізімін бекітті.
Шараға спорт, ғылым, мәдениет саласының 1000 жұлдызы іріктеліп алынды, ал студенттік ойындардың астанасы Алматы қаласында алауды алып жүруге 100 адам қатысады. Оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Дмитрий Баландин бар. Айта кету қажет, Дмитрий Универсиада алауын ұстаушы ретінде байқаудан тыс бірауыздан таңдалған. Жоғары спорттық жетістіктері үшін ол 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының ресми елшісі болып тағайындалды.
Дмитрий Баландин өз сөзінде «Универсиада — барлық қазақстандықтар мен алматылықтар үшін спорттық кешендер мен стадион алаңдарынан кәсіби спортты тамашалауға үлкен мүмкіндік. Жай ғана тамашалап ғана қоймай, спорттық жарыстың бүкіл энергиясын бойына сіңіру», — деп атап өтті.
Бүкіләлемдік Универсиада студенттік спорттың ілгері дамуына оң әсерін бермек және кәсіби әлемдік біріншілік пен Токио Олимпиада ойындарына дайындықтың бастауы болады. «Универсиадаға қатысатындардың көбісі рекордтарымен әлі әлемді таңғалдыратынын мен нақты білемін», — дейді сеніммен Дмитрий. Рио чемпионы «Ел намысын қолдан жібермеу үшін спортшыларға қолдау білдіріңіздер!», — деп қазақстандық құрамаға жанкүйер болуға шақырды.
Атап өту керек, Дмитрий Баландин әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үшінші курс студенті, қазіргі таңда «Дене шынықтыру мәдениеті және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Ол Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында жүзуден Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медальді иеленді.